«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов алқалы жиында осы мәселені қадап айтты
Республика көлемінде жемқорлық қылмыстың саны бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы алдыңғы қатарда келеді. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған осы мәлімдемеге алып-қосарымыз жоқ. Қайсыбірін айтайық? Пара алу, жалған құжат жасау, лауазымды шенеуніктердің қызмет бабын теріс пиғылда пайдалануы – атқарушы билікте кең тараған қылмыс түрлеріне айналды. Әсіресе бюджеттік қаражатты игерудегі қылмыстардың деңгейі жоғары. Бұл салада 275 қылмыс тіркеліп, мемлекетке 1,7 миллиард теңге көлемінде залал келтіріліпті. Облыста парақорлық, мемлекет мүлкін талан-таражға салу кең етек жайып, қылмыстың ұйымдасқан түрлері пайда болған. Сондай-ақ, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін адамды мемлекеттік қызметке қабылдау, жеке кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз қадағалау жүргізу, мемлекеттік мүлікті төмен бағамен жалға беру бойынша да көптеген заңсыздықтар анықталып отыр.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бірсыпырасын атап өтті. Қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа жол берген жағдайда бірінші басшының қызметтік мәселесі қаралатынына айрықша тоқталған Асқар Исабекұлы әсіресе құрылыс саласында парақорлықты алдын алуға бағытталған шаралардың қабылданғанын жеткізді. Сонымен қатар партияның қоғамдық қабылдауына келіп түскен арыз-шағымдардың 80 пайызы қанағаттандырылып, бұл көрсеткіш бойынша облыс республика бйоынша бірінші орынды иеленіпті. Дұрыс-ақ. Әйткенмен, сыбайластықпен күрес әзірше тиісті нәтижесін бермей отырғаны баса айтылды. Парламент депутаты, республикалық жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің мүшесі Нұрлан Әбдіров жемқорлық қылмыстың төмендемегенін, онымен күрестің формальды түрде жүргізіліп жатқанын жасырмады.
- Жүргізілген жұмыстарға қарамастан, мемлекет пен жеке тұлға өмірінің барлық салаларында жемқорлық көріністерінің төмендеуіне қол жеткізілген жоқ. Жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар бір реттік шаралар мен жарнама үлгілерін шығарумен шектеліп отыр. 2011 жылы облыста 218 жемқорлық қылмыс тіркелсе, 2010 жылы 220 қылмыс әшкереленген болатын. Яғни, қылмыс деңгейі өзгерген жоқ. Жемқорлық үшін жағдайдың жасалуына негізгі себептер – бағдарламалық құжаттарды іске асыру кезіндегі формализм, - деп мәлімдеді өзінің баяндамасында Н.Әбдіров.
Демек, жемқорлықпен күресу ісінде бұдан да қатаң әрі батыл қадамдар жасау қажет. Бірақ, әй қайдам, сыбайластықты дәл бүгін-ертең жеңетін қауқар жоқ сияқты.
P.S. Жынға сенатор, Республикалық жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов те қатысты. Жалпы, Орекең біраздан бері жемқорлық тақырыбы қозғала қалған жағдайда әсіресе Оңтүстікке, шымкенттік шенеуніктерге қатты шүйлігетінді шығарды. Бұл жолы да Әбдікәрімовтің қатқыл мәлімдемелерін өз құлағымызбен еститінімізге күмәніміз болмаған. Алайда, қоғамдық кеңестің бұдан кейінгі жұмысы жабық есік жағдайында өтті. Орекеңнің аузына құм құйылғаны ма, әлде мұнда сіз бен біз білмейтін, жалпақ жұртқа жариялауға «категорически» болмайтын гәп бар ма? Журналистерден, халықтан жасырып шенеуніктер нені талқылады екен?..
Мұрағаттан, 24.25.2012 ж