Есепсіз дүние жоқ, әрине. Депутаттық мандатқа сайлаудан кейін өмір тоқтайтындай өліп-өшіп таласып-тартысудың астарында іштей көздеген мақсат, көзір карта жататыны көпшілікке құпия болудан қалғалы қаш-а-ан. Әйтпесе, шырт түкіріп шіренген шенеуніктердей қызметтің қызуы мен қызығын сезінетіндей де мүмкіншілік жоқ. Есесіне мандатқа ие болғанша қасықтап жиған дүниені шелектеп шашқандарымен бір бақай есептерінің барын елдің бәрі біледі. Бүгінде депутаттардың бәрі бірдей болмаса да олардың арасында бизнесін қорғауға, мансабын сақтауға келгенде мандатын көлденең тартатындардың кездесетіні жасырын емес. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Таяуда Сарыағаш ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Нарынбай Асановты бас бостандығынан айыру туралы соттың үкімі шыққанда ел аузында мандат мәселесіне байланысты тағы да әр қилы әңгіме өрбіді. Атап айту керек, сарыағаштық сайлаушылар дауыс берген Нарынбай Асанов басқаратын «Дина-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұртқа жасаған жақсылығы жайлы жұрттан жылы пікірлер естіп жүрген-ақ едік. Өкінішке қарай енді міне…
Жарнамасымен атақ-даңқы жер жарған «Дина-Н» ЖШС Сарыағаш ауданы бойынша салық басқармасына 2003 жылы тіркеліп, сол кезден бастап декларация тапсыруға міндетті болды. Алайда, мүліктік пайда табу мақсатында салықты және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді ірі мөлшерде төлеуден жалтарудың жолын ойластырған ол жалған кәсіпорындарды жағалайды. Сөйтіп сот шешімімен жалған кәсіпорын деп танылған «Галатея и К», «Сириус 07», «Алмаз и Д», «Сайрам-Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен қаржылық байланыс жасағаны туралы салық басқармасына тапсырған декларациясына бұрмаланған деректер енгізіп жібереді.
Дәніккеннен құныққан жаман. Осындай жолмен өзіне пайда келтіруді ойлаған депутат кілең жалған кәсіпорындармен жұмыс жасауды әдетке айналдырады. 2004 жылдан бері 14 бірдей аты бар да заты жоқ кәсіпорындармен жұмыс жасап, қаржылық операциялар жүргізген. Соның арқасында 612 262 857 теңге төлем бюджетке құйылу орнына жеке әмианын толтырады. Сотталаушы бұл әрекетін ол кәсіпорындардың жалған екенін білмегендігімен, тек ғаламтор арқылы байланысып, жұмыс жасағанын, ешқайсысын да көзбе-көз көрмегенін айтып ақталады.Бірақ, білмегендік жауапкершіліктен құтқармайды. Салық басқармасы тарапынан да анықталған кемшіліктерді жою және қайта декларация тапсыру туралы хабарлама жолданғанымен, бұл хабарлама назарға алына қоймайды. Іс тығырыққа тірелгенде Н.Асанов тағы да қулыққа көшіп, 2010 жылдың тамыз айында серіктестікті негізгі қорымен бірге сатып жібереді. Бірақ, бұл әрекеті де оның басын жауапкершіліктен арашалап ала алмайды.
Алғаш бұл іс Сарыағаш аудандық сотында қаралып, сот үкімімен 3 жыл мерзімге басшылық және материалдық жауаптылығы бар қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Мемлекеттік айыптаушы тарапынан бұл үкімге наразылық келтіріліп, апелляциялық сотқа шағым түсіреді. Н.Асановтың барлық қылмыстық іс-әрекеттері соттың бұл сатысында да дәлелін тауып, бір жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сондай-ақ, екі айлық жалақысы көлемінде айыппұл салынып, коммерциялық ұйымдарда 3 жыл мерзімге басшылық және материалдық жауаптылығы бар қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Нарынбай Асанов жоғарыда келтірілген 612 262 857 теңге залалдың бірқатар бөлігін бюджетке құйып, қазір 204 604 684 теңге берешегі қалды. Бұдан бөлек 2 046 047 теңге мемлекеттік баж салығын төлеу мәжбүрлігі тағы бар. Бұл соманы төлеу үшін 3 ай мерзім берілді.
Иә, қылмыстық әрекеттер кеше немесе бүгін көрініс бермегені белгілі болып отыр. Сонда осыншама уақыт салық органының хабарламасына құлақ түрмей, жаттанды қылмыстық әрекетін жайбарақат жалғастыра беруіне депутаттық мандаттың септігі бар ма екен деген ой еріксіз санаңды сығалайды екен. Қалай болғанда да біздікі болжам ғана. Теңіз түбінде не болып жатқанын қарапайым қайықшының білуі мүмкін бе?
Oinet.kz мұрағатынан