-- Ауыл шаруашылық саласындағы суармалы жерлерде судың жетіспеушілігі жиі орын алып жатады. Ол мәселе кейде көршілес елдер арасындағы қатынасқа да байланысты туындайды. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері арасында суды пайдалану мәселесі толық реттелді ме?
-- Ғалымдардың мәліметтеріне сүйенетін болсақ, мұзды мұхиттар жылдан-жылға таязданып келеді. Мұхиттардан алыс жатқан Қазақстан ТМД елдері арасында суы аз ел болып есептеледі. Біз суды Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстаннан аламыз. Жасырын емес, осы елдермен екі арадағы әр трансшекаралық өзен бойынша, бүгінге дейін белгілі бір қиындықтар орын алып келеді. Мысалы, су көлемі көрші ел аумағында қалыптасатындықтан Батыс Қазақстан облысындағы табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді! Қазақстанның батысындағы ең үлкен су көзі - Жайық өз бастауын Башқұртстаннан алады. Өзге екі үлкен өзен Шаған мен Деркөлдің бастауы Орынбор аумағында жатыр. Қараөзен мен Сарыөзен Саратов облысынан басталады. Еліміздің шығысындағы екі ірі өзен - Ертіс пен Іле бастауын Қытайдан алады. Өздеріңіз білесіздер, Қытайдағы өзен-көлдердің басым көпшілігі ластанған. Әлемдегі су қорының 7 пайызы осы елге тиесілі. Бұл елде қазірдің өзінде ірі-ірі деген 30 мегаполис су тапшылығын сезінуде. Демек, Қытай қол қусырып қарап отырған жоқ. Қазақстанға қарай ағатын өзендерге тосқауыл салуда. Ертіс пен Іленің суын бұру - Қытайға сусыз жатқан Шыңжанды игеру үшін керек. Іле бастау алатын жерге Жырынтай ГЭС-і салынған. Яғни, Іленің бізге келетін суы азаюы мүмкін. Сондай-ақ, Қытай Ертіс пен Іле жағалауында су қоймаларын, магистральді каналдар салып, егістік алқаптардың көлемін арттырған сайын, Қазақстанға келетін су көлемі кеми бастады. Мысалы, Қытайдан келетін судың көлемі 9 милиард текше метр болса, осыдан бес жыл бұрынғы деректер бойынша, Қытай 1 миллиард 200 миллион текше метр суды ауыл шаруашылығына, өнеркәсібіне пайдаланатын. Ал соңғы жылдары бұл көрсеткіш 4 миллиард текше метрге жетіп отыр. Осы қарқынмен кете берсе, Қытай пайдаланатын су көлемі 6-7 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Іле өзенінің бойымен 11 миллиард текше метр су келеді.Ол да соңғы 5-6 жылда азая түсті. Дегенмен, жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың Қытай еліне сапары кезінде трансшекаралық сулардың сапасы туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл үлкен жетістік, өйткені бұл мәселе жылдар бойы шешімін таппай келген болатын. Сапамен қатар су көлемі де сақталады деген үміттеміз. Ендігі міндет суды бөлісу келісіміне қол қою. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, елімізде жиналатын су қорының көлемі жылына 100 миллиард текше метрді құрайды. Оның 50 пайыздан астамы өзіміздің еліміздегі су көздерінен жинақталады. Ал, 47,4 пайызы мемлекетаралық өзендер арқылы көрші елдерден келеді. Айта кетелік, осыдан 30 жыл бұрынғы көлем 125 миллиард текше метр болатын. Су мәселесінен Жамбыл облысы айыр қалпақты ағайындардың көңіліне қарауға мәжбүр. Өйткені облыста су көздері жоқтың қасы, ағын судың 90 пайыздан астамын Шу мен Талас арқылы сол қырғыз елінен алады. Қырғызстан «Қамбарата» ГЭС-ін салып жатыр. Сондай-ақ, Тәжікстан «Рогун» ГЭС-ін салуды жоспарлап отыр. Бұл құрылыстар келетін судың деңгейіне әсер етуі мүмкін. Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарын сумен қамтамасыз ететін Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен келеді. Жұртқа мәлім, Арал теңізінің құрғап қалуы үлкен экологиялық апат болды. Арал қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың қасіретіне айналды. 11 жылдың ішінде Қызылорда облысының елді мекендерінде теңіздің табаны тұзданып, қаншама зиян келтірілді. Сырдарияны Тәжікстан мен Өзбекстан өз шаруаларына барынша пайдаланғысы келеді. Жұртқа жақсы мәлім, соңғы он жылда көктем шықса оңтүстікте су тасқыны болып дабыл қағылып жатты. Жағдайды айтып, көршілерімізге қараймыз, олар шалқаяды. Су қабылдау қабілеттері болса да, әр мемлекеттің өз мүдделері бар. Енді бұл мәселе Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған «Көксарай» су реттегіші арқылы шешімін тапты. Құрылыс 2010 жылы аяқталды. «Көксарайдың» су жинау қабілеті 3 миллиард текше метр. 2009-2010 жылдары 1 миллиард текше метр су жиналды. Осылайша Қызылорда облысының елді мекендерінде су басу қаупі жойылды. Жаз айларында Оңтүстік Қазақстан облысында Өзбекстан, Тәжікстан елдерімен арадағы су мәселесі туындайтын. Бұл мәселені де шешу қолға алынып, Шардара су қоймасынан машина су сорғы стансаларын салып жатырмыз. 30 шақырым магистралды каналы бар сорғы стансасы құрылысы 2011 жылы маусым айында бітеді. Осылайша, 90 мың гектар алқапты суғаруға қол жеткізілмек.
Су мәселесінде көрші мемлекеттерге қандай да бір талап қоя алмаймыз. Дегенмен, ортақ келісімге келу жөнінде, сонымен қатар, ішкі су қорларын нығайту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған істердің нәтижесінде Кіші Аралға соңғы 5-6 жылдың көлемінде 26 миллиард текше метр су жиналды. Ақлақ су құрылысы торабы іске қосылды. Соның нәтижесінде қазір ондаған қурап кеткен көлдерге былтыр су барып 1 миллиард 200 миллион текше метр су жайылды. Естеріңізде болса, өткен жылдары Елбасы төрт ел басшыларына үлестік қатысу арқылы мемлекетаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс мемлекеттер тарапынан қаралуда. Егер ортақ келісімге қол жеткізсек, көрші елдерден келетін суларды ретке келтірген болар едік. Әзірге бұл басы ашық мәселе.
-- Су ресурстарын үнемді, тиімді пайдаланудың оң әсері бары дәлелденіп те жатыр. Қазақстанда суды үнемдеудің жаңа технологиялары енгізілді. Ал, судың басында отырған көршілерімізде үнемдеу қолға алынған ба? Сондай-ақ, су көздерінің, каналдардың тазалануы мен бекітілуі, қауіпсіздігін нығайту мақсатында комитет тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
-- Судың да сұрауы бар. Оны тиімді пайдалану қажет. Десек те, судың басында отырған шаруа мен су көзінен жырақтау отырған диқанның бұл мәселеге көзқарасының бірдей болуы қиындау. Мұны мысал ретінде айтып отырмын. Ал, негізінде қазір көршілес елдердің сала министрліктері құрамына кіретін мемлекетаралық су комиссиясы бар. Сол комиссияның басқосуында су көздерін тиімді де үнемді пайдалану мәселесін қоюымыз қажет. Әр мемлекет бұл бағытта нақты жұмыстарды қолға алса, су тапшылығының алдын алуда белгілі бір нәтижеге қол жеткізер едік. Суды үнемдеуде қазір озық технологиялар көп. Жалпы дамыған елдерде бір гектар жерге пайдалынатын судың көлемі 4-6 мың текше метр болса, біздің ауыл шаруашылық саласында бұл көрсеткіш 15 мың текше метр. Қызылорда облысындағы күріш алқаптарында 26-30 мың текше метрге жетеді. Көп суарсақ көп өнім аламыз деген ұғым қате. Әрбір дақылдың өз агротехникалық ережелеріне сәйкес суару мерзімі, көлемі болады. Қазіргі кезде озық технология қатарында тамшылатып суару, жаңбырлатып суару әдістері қолданылып жүр. Осындай жаңа технологияны бір Қазақстан ғана емес көршілес мемлекеттер де жан-жақты қолдануы тиіс. Сонда 10-20 жылға ғана емес, бізден кейінгі ұрпақтарға қалдырар су қорымыз мол болар еді. Айта кеткен жөн, үнемдеу бағытындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Нәтиже де ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, соңғы екі жылда Оңтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Ақдала» агрофирмасында 1000 гектарға қызанақ өсірілуде. Бұрынғы арықпен суаратын тәсіл бойынша бір гектардан алынатын өнімнің көлемі 20 тонна қызанақ болса, қазір тамшылатып суарудан алынатын өнім көлемі 90-100 тоннаға жеткен. Арыс ауданындағы «Хлопкопром» ЖШС да тамшылатып суару арқасында мақта өнімділігін 5 есе өсіріп, гектарынан 100 центнерден жинады. Яғни, жаңа технологияны ендіру арқылы шаруашылықтар өнім көлемін 3,5 есе арттырып, су шығыны 3 есе азайды, тыңайтқыш 30 пайызға үнемделсе, баптап-күтуге кеткен шығын 40 пайызға кеміп отыр. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 800 миллион гектар жер пайдаланбай жатыр. Неге? Біріншіден, су тапшылығы бар. Екіншіден, гидромелиоратив жүйелерінің барлығы тозған. Үшіншіден, көп суарылғандықтан батпақтанған, тұзданған жерлер де баршылық. Өнеркәсіп саласына жұмсалатын суды да үнемдеуіміз қажет. Жалпы бізге тиесілі судың 29 пайызын өнеркәсіп саласына жұмсаймыз. Осы өнеркәсіп саласында да суды қайта тазартып пайдалануды қолға алмасақ болмайды. Кәсіпорындар бар, әрбір қалада машина жуатын орындар көбейген. Сол машина жуатын орындар таза суды алады. Көліктің балшығы мен түрлі майы қосылып канализацияға тасталады. Ал ол су даланы бүлдіреді. Ол болмайды, қолданылған суды қайта тазартып жұмсау қажет.
Қазіргі таңда елімізде гидромелиоратив жүйелерін тәртіпке келтіру мәселесі қолға алынды. Бұл бағытта Үкімет тапсырмасына сәйкес, Дүниежүзілік банкпен бірге жұмыс істеудеміз. Суармалы жерлердің 90 пайызы Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Осы жерлердегі гидромелиоратив жүйелері тозған. Кезінде білесіздер, колхоз-совхоздар әрбір арық, әрбір каналға жауапты болған. Кейін пайға жердің барлығы бөлініп берілді, ал гидромелиоратив жүйелері қараусыз қалды. Ақша жинайтын сумкасынан басқа техникасы да, материалдық базасы да жоқ кооператив-сымақтар иелік еткен каналдардың барлығы тозған. Сондықтан, Үкімет тапсырмасына сәйкес, төрт облыс бойынша бірінші кезекте 113 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Яғни, шаруашылықтың басына дейін суды алып барып беруіміз керек. Осылайша тиімділігін арттырамыз. Әйтпесе, ағын судың шаруашылық жерінің басына жеткенше 65 пайызға жуығы жоғалады. Каналдардың барлығында қамыс өсіп кеткен. Тазаланбаған, оның астынан фильтрация болады, су өзінің жылдамдығымен ақпайтын болған соң буланады. Гидромелиоратив жүйелерін, тік, көлденең дренаждарды тәртіпке келтіру үшін мемлекет Дүниежүзілік банктен 500 миллион АҚШ долларына жуық қаржы несие алайын деп отыр. Керекті құжаттар рәсімделуде. Яғни, алдағы уақытта гидромелиоратив жүйелерін тікелей шаруашылық жерінің басына апарып беру көзделуде.
Елімізде 560-қа жуық су қоймалары бар. Соның 67-сі республикалық меншікте, 174-і коммуналдық, 211-і жеке меншікте. 108-і иесіз қалып отыр. Үкіметтің иесіз су қоймалары немесе су жинайтын тоғандар болмауы қажеттігі жөнінде арнайы өкімі бар. Соған сәйкес, жергілікті атқару орындары өздерінің коммуналдық меншігіне алуға міндетті. Су қоймаларына қатысты заңнама жобасын да дайындап жатырмыз. Онда су қоймаларының меншік иелері, қауіпсіздігін сақтау бойынша қатаң талаптар қаралады. Бір сөзбен айтқанда судың сұрауы күшейіп келеді.
-- «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселе соңғы он жылда күн тәртібінен түспей келеді. «Таза су» «Ақ бұлаққа» айналды. Қыруар қаржы жұмсалса да бұл бағыттағы жұмыстарда кемшілік көп. Оның қайталанбауына кепілдік бар ма?
-- Иә, бұл мәселе туралы айтылып та, жазылып та келеді. Негізі тұрғындарды таза сумен қамтамасыз етумен екі мемлекеттік орган айналысады. Құрылыс және коммуналдық шаруашылығы агенттігі - қалаларды ауыз сумен қамтамасыз етіп, суды тазартады. Келешекте тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегелейлі сол агенттікке өтуі керек. Дегенмен, қазір ауылдық елді мекендерде су бағдарламасын жүзеге асыру біздің комитеттің құзырында болып отыр. Бағдарламаның 2002-2010 жылдарға арналған бірінші кезеңі аяқталды. Біршама жұмыстар жүргізілді. Алайда, кемшіліктердің орын алғаны рас. Қандай және не себепті? Сол кемшіліктердің бірі – талап дұрыс қойылмаған. Сметалық жобалау құжаттары сапалы жасалмаған. Облыс әкімдеріне сусыз елді мекендерге сметалық жобалау құжаттарын әкелсе қаржы бөлінетіні айтылған. Сосын облыстың әкімі ауданның әкіміне, ал ол ауылдық әкімге айтады да оның соңы тамыр-таныстыққа ұласады. Мемлекет осындай ақша беріп жатыр соны алып қалуымыз керек, ол үшін жоба жасайық деген оймен іске «кіріседі». Барлық жерде осылай деуге болмас, дегенмен мұндай жәйттердің кездесетіні жасырын емес. Мамандар істемеген жоба қайбір сапалы болады дейсіз. Республика бойынша 12 мыңнан астам жобалау институттары бар екен. Соларды зерделеп, талдау жасағанымызда су саласындағы жобаларды жасау 50 жобалау институтының қолынан келетіні анықталды. Ал бұған дейін барлығы жаппай жасай берген. Кей елді мекендерді темір жол бөліп тұрады. Жобаны ауылдың бір жағына жасайды да, екінші жағы ескерілмейді. Екіншіден, су көздері зерттелмеген. Олар зерттелуі тиіс, геология комитеті судың сапасын, көлемін, елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етуге жарайтынын зерттеп, бекітіп беруі қажет. Мұндай мәселеге мүлде назар аударылмаған. Кейбір әкімдер су көздері жөнінде жаңсақ ақпарат берген. Ал, су құбырларын құрған соң су тапшы немесе жоқ болып шығады. Мысалы, Қарағанды облысында үлкен екі елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге 5 миллиард теңгенің жұмысы жүргізіледі. Кейіннен су көздері жоқтығы анықталады. Су саласындағы арнайы жобалау институтын ашу туралы Үкіметке ұсыныс жібердік. Тағы бір мәселе. Мен оны ұдайы көтеріп келемін. Көшелерге су аққыш - колонка қою деген ол өткен заманда қалған нәрсе. Су жүйесін құрады, ауылға алып келеді де, көшеге колонка қойып кетеді. Бұл дұрыс емес, үйге кіргізіп беру керек. Екіншіден, есеп болуы қажет. Ол болмаса тиімділік немесе үнемдеу қайдан болады. Осы мәселе құрылыс нормасы мен ережесіне енгізіліп, бұдан былай елді мекендерге су құбырын жүргізгенде көшеге колонка орнатылмайтын болды. Әркім ішкен, қолданған суына, Шымкент қаласындағыдай ақы төлейді. Яғни, «Таза су» бағдарламасындағы кемшіліктер мен қателіктер талданып, «Ақбұлақ» бағдарламасын дайындауда ескерілді. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі де ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Соған сәйкес, алдағы жылдары 3845 елді мекен, жалпы ауылдық елді мекендердің 80 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
-- Әңгімеңізге рахмет!
Oinet.kz мұрағатынан