Қайрат Беркімбаев: «Адам тапқан ақшасына лайық өмір сүруі керек»

Screenshot_6.jpg   

--Үш бірдей жоғарғы оқу орнын бітіріп үлгеріпсіз. Мектепте қалай оқып едіңіз?

   --Созақ ауданының Қызылкөл елді мекені облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан ба, әйтеуір мектептің материалдық базасы нашар болатын. Спорт залын, акті залын көрмей өстік. Сегізінші сыныптан кейін отбасымыз Алматыға көшті. Ауыл мен қаланың арасында жер мен көктей айырмашылықтың барын Алматыға келген соң түсіндім. Мектепте керемет үздік оқыдым деп мақтана алмаймын, бірақ аттестатыма үштік баға түскен жоқ. 

--Қай пәнді жақсы көрдіңіз?

--Спорт жағына бейімдеу  болғандықтан дене шынықтыру пәнін жақсы көретінмін. Институтта оқып жүргенде күреспен айналыстым. 2009 жылдан бері республикалық фристайл федерацияның президентімін.

--Балалықпен бұзықтықтар жасаған да шығарсыз. 

 --Бұзықтау болғаным рас. Алайда қазіргі көзқараспен қарағанда ол бұзықтық айналайын ғой. Сабақтан қашу, бармай қалу еркеліктің бір түрі сияқты.  Бүгінде Құдай сақтасын, бұзықтықтықтың нешеме сорақысын естігенде тұла бойың түршігеді. Мектепке қойнына қаламсаптың орнына қару салып бару сұмдық қой. 

 --Ілгеріде  қыздарға хат жазуды да бұзықтыққа жатқызатын. Мектеп қабырғасында жүріп қыздарға хат жаздыңыз ба?

--Әрине. «Еділ менен Есілді адастырып картадан, Ең алғашқы махаббат басталады партадан...» деген жыр шумақтарын ақындар бекерге жазып жүр дейсіз бе?  Мен де мектепте жүргенде жүрегіме шоқ түсіп сезімім отқа оранған кездерді бастан кешкенмін. Балаң махабабат, балауса махаббат емес пе, бір ғана қызға хат жазумен шектелген жоқпын. 

--Ақындардың өлеңін жатқа айтатыныңыз жақсы екен. Өзіңіздің өлең жазу, ән  айту жағынан қарым-қабілетіңіз қалай? 

--Сырлас інім болып жақын араласып кеткен белгілі сазгер Арман Дүйсеновтың студиясына барып, өзіме ұнаған өлең-жырларды жаздыртып тұрамын. Соларды отырыстарда, демалысқа барғанда шамам келгенше айтамын. «Екі жұлдыз» жобасына демеушілік жасаған мені жобаға қатысуға шақырғанда ұсыныстан бас тарттым. Кәсіби әнші емеспін ғой. Ұйымдастырушыларға «Мен бұл жобаны құрметтеймін. Ұсыныстарыңызға рахмет. Теледидардан ән айтпай-ақ қояйын, үйде айтқаным да жетеді» дедім. 

«Достығымыз махаббатқа ұласты»

Screenshot_7.jpg

  --Елден естуімізше өнер додаларында топ жаратын шәкірт даярлайтын жеке продюссерлік орталық құрумен шектелмей оларға баға беретін  қазылар алқасының да құрамына қосылып, әрі тележүргізуші болып жүрген жұбайыңыз Ләйлә Сұлтанова енді жаңадан журнал ашып жатыр екен.  Оның бастамаларына қолдау танытып, тікелей демеушілік жасап жүрген шығарсыз. 

--Ләйланың таныс журналист құрбысымен бірге бастаған жаңа бастамасы, жаңа журналы жаңылыспасам «Кино және өмір» деп аталады. Аты айтып тұрғандай арнасынан асып-тасқан ақпарат айдынында желкен тартуға бел буған журналда қазақстандық және шетелдік кинолар, сонда ойнаған актерлардың жеке өмірі және ол киноларды көпшілікке көрсету  біздің қоғамға қаншалықты қажеттілігі, пайда-зияны туралы тақырыптар мейлінше жан-жақты қамтылады. Мен Ләйланың әрбір бастамасын қай кезде де қолдауға әзірмін. Бірақ ол да маған салмақ сала бермей өз бетінше ізденуге, табыс әкелетін шаруалармен шұғылдануға дағдыланған. Өз қарым-қабілетімен азды-көпті бизнесін қалыптастырған іскерлігі бар. 

 --Анығырақ айта түссеңіз.

--  Ләйланың sms компаниясы бар. Мәселен, «Екі жұлдыз», «Суперстар» жобаларында sms арқылы дауыс беру ұйымдастырылып жүр ғой. Түсінікті болу үшін айтсам жеке компаниясы арқылы осындай жобаларға атсалысып келеді.  Бұдан бөлек, қазір ол «Балапан» теларнасынан бағдарламаларды жүргізеді. Бүлдіршіндерді өзі тауып, солардың балабақшасына алдын ала барып дайындық жүргізіп жатады. Өзіндік қиындығы, сонымен бірге өзіндік қызығы да жететін жұмыс қой.

--Екеуіңізді тағдыр қалай табыстырды?

 --Тоқсаныншы жылдардың соңында таныстық. Алғашқыда аға- қарындас болып араласып жүрдік. Уақыт өте келе достық қарым-қатынасымыз кіршіксіз махаббатқа ұласып, отау құрдық.

       «Екі әйелімнен де екі-екі ұл бар»

 --Екінші рет үйленуге, Ләйламен отау құруға үйдегі жеңгеймен өзара  келісімге келген боларсыз. 

--Ләйла екеуміздің сезіміміз үндесіп өмірлік жар болуға  серт байласқан кезге дейін бірінші әйеліммен заңды түрде ажырасып кеткендіктен  оның рұқсаты қажет те емес еді. Ал балаларыммен осы мәселе жөнінде алдын ала ақылдастым. Олар түсіністікпен қабылдады. 

--Қанша перзенттің әкесісіз? 

-- Ләйла шекесі торсықтай екі ұлды өмірге әкелді. Үлкені—Сағадат. Кішісінің есімі—Сардар. Үлкен ұлымызға «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетовтің есімін ырымдап қойғанбыз. Менің алғашқы мамандығым әскери салаға қатысты. Сол кезде Сағадат аға қолбасшылық қызмет атқарды. Азын-аулық қарым-қатынасымыз бар еді. Ұлыма азан шақырып ат қоярда Сағадат ағамен хабарластым. Үйге арнайы шақырып, «батаңызды беріңіз» дегенбіз. Алайда денсаулығы болмай шаңырағымызға бас сұғудың сәті түспегенімен телефон шалып хабарласты, тілеулестігін білдірді. Алла жазса, аманшылық болса ұлымның алдағы тойларында аңызға айналған азамат қатысып та қалар. 

Бірінші әйелімнен де екі ұлым бар. Тұңғыш ұлым үйленген. Алматыда тұрады. КБТУ-ды мұнай саласы мамандығы бойынша бітірген. «Газпром» деген ресейлік атақты компанияның қазақстандық филиалына жұмысқа кірді. Келінім осы облыстың қызы. Екі немерем бар, бір қыз, бір ұл. Екінші ұлым Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің академиясын тәмамдап, Алматы қалалық ішкі істер департаментінде тергеуші болып істейді.  Ол да таяуда отау құрды.

--Ұлдарыңыз үйленерде сізбен кеңесіп, келісе ме? Оларға отау құрарда сіздің тарапыңыздан талап қойыла ма, әлде өз қалауларына қарай іс-әрекет жасау

--Әрине, олар отау құрарда менің де тарапымнан талап қойылатынын білетіндіктен ақылдасуға үйренген.  Бұл жолы алдымен үлкен ұлым мен келінім хабарласып, «Бағдат оқуын бітірді, үйленсем деп жатыр» деді. Дәл осындай жағдай үлкен ұлымның өзі үйленер кезде де болған. Таңертең сабағына кеткен ұлым түсте жұмысқа келіп, үйленетінін айтты. Ол бірінші курста оқитын. «Мен де алғаш рет үйленген кезімде әлі жиырма бірге толмаған едім. Егер сен мені ертерек ата атандырғың келсе, үйленгенің дұрыс» дедім.  Осылайша 41 жасымда ата атандым. Кейде ұлдарыммен бірге жүргенде жолдастарым «інілерің бе?» деп сұрайды. «Жоқ, бұлар менің ұлдарым, немерелерім де бар» десем, көпшілігі таң қалады. 

Балаларым кімге үйленеді, ол жағы өздерінің қалауында, бірақ мен келін таңдауға білек түре кіріспесем де, өзімнің ақыл-кеңесімді айтуға құқылымын деп ойлаймын. 

  «Мандатты халықтың талап-тілегін тыңдату үшін қажет еттім»

--Депутаттықты  біреулер бедел санап елдің назарына ілігіп жүру үшін мандатқа ұмтылады. Енді біреулер мандатын жеке мақсатына пайдаланып, өзінің меншігіндегі фирмаға қорған болу үшін, тендерлерде топ жару үшін ақшасын да, басқасын да аямай сайлауда озып шығуға жан алып, жан беріседі. Құдайға шүкір, сіздің абыройыңыз бар. Өзіңіз Алматыда тұрасыз, тіршіліктеріңіздің бәрі сол жақта. Олай болса, Қайрат Беркімбаевқа депутаттықтың не керегі болды? 

--Мен депутат болмай тұрып-ақ меценаттық шараларды жасап жүрдім. Ауылға мектеп, балабақша, жол салдым. Жетім- жесірлерге көмектестім. Жалпы, мен ауылға сол сексенші жылдары Алматыға кеткеннен кейін  2000 жылдары бір-ақ оралдым. Туған жерімді, осындағы ағайын-туысты іздеп келдім. Мұнда келген соң  қалталы азаматтардың ауылға мешіт салып бергеніне қызыға қарайтынмын. Менің де мешіт салғым келген. Бірақ алақандай ауылға екі мешіттің не керегі бар?! Ауыл ақсақалдарымен, әкімдермен араласқаннан кейін осындағы шешілмей жатқан басқа да әлеуметтік мәселелерге қолғабыс етсем дедім.  

Айдаладағы ауылға мектеп салып жатырмын дегенде жолдастарым таң қалды. «Ол сізге қандай табыс әкеледі, одан да  оны ақылы түрде жұмыс істетуге болатын Алматыдан неге салмайсыз?» деді. Бизнесте жүрген адамдар кез-келген нәрсеге пайда тұрғысынан қарап үйреніп қалған ғой. Олар алғашқыда мені коммерциялық мектеп ашып, шетелден мұғалім әкеліп, ақылы бала оқытпақшы деп ойласа керек. Мен мектепті ауылға тегін салып беріп, одан ешқандай пайда көруді мақсат тұтып отырмағанымды айтқанымда көпшілігі түсінбеді. Ауылға осындай жақсылық жасағаннан кейін де депутаттыққа түсу ойым болған жоқ.  Бұл өзі Құдайдың өзі оңдаған іс болды. 

Бірде ауыл ақсақалдары маған «Қайрат сен қаржыңмен ауылға көп жақсылық жасадың, бірақ қалтаға қолды сала-сала ақшаң да бір күні таусылады ғой» деді. Сол жолы мен ақсақалдардың аузынан «депутат» деген сөзді естідім. Ойланып қарасам, ақылға қонады екен. Егер мен депутат болсам, қолым ұзарады екен. Кіріп шығатын есіктерге жол ашылады екен. Бюджеттен тағы осындай екі үші мектеп салуға қаражат сұрай алады екенмін. Ақыры облыстық мәслихат депутаттығына бақ сынауға бел байладым. 

Алғашқыда «сайлаудан өте алмаймын ба?» деген күмән болған жоқ. Кейіннен бәйгеге екі-үш адам түсіп, сайлаудың көрігі қызған кезде аздап қобалжығаным рас. Бірақ жерлестерімнің қолдауының арқасында сайлауда жеңіске жеттім. Қазір мәслихаттағы бюджеттік комиссияның мүшесімін.  Мәслихаттың мандатын көлденең тартып, аудан әкімімен, облыс әкімімен көп мәселелерді шештік. Мәселен Қызылкөлге қатысты. 2009 жылы Асқар Мырзахметов әкім болып келген кезден бастап Қызыкөлге су құбырын тартуға 170 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Ащысай-Шолаққорған—Кентау тас жолының құрылысы маған дейін мәслихатқа, тіпті Жоғарғы Кеңеске  түскен үміткерлердің барлығының сайлауалды бағдарламаларында жүретін. Мен де оны өзімнің бағдарламама кіргіздім. Аталған тас жолдың былтыр пайдалануға берлгеніне өздеріңіз де куә болдыңыздар. Қарап отырсаңыз, адам сүйсінерлік игі іс болды. Осы тас жолмен созақтықтар тоғыз жолдың торабы--Түркістанға аз уақытта жетіп барады. Бұрынғыдай азық-түлік алу үшін Шымкентке сабылмайды. Ол жолдың салынуына мен үлесімді қостым. Нақтырақ айтқанда, қаржы бөлдіруге ықпал еттім. Егер депутат емес тек кәсіпкер болсам, менің талап-тілегімді ешкім тыңдамас еді. Мәселен Қызылкөлдің мәселесін сол Созақ ауданында шешу мүмкін емес болатын. 

--Жасыратыны жоқ, депутаттың ықпалымен бюджеттен бөлініп жатқан қаржысынан бұрын жеке қалтасына көз тігетіндер көп-ақ. Біреулері ақшалай көмек көрсетуді өтінсе, біреулері шатырын жабуға шифр сұрайды, тағысын тағылар. Қаржылай көмек сұрайтын сайлаушыларыңызға, ағайын-туыстарыңызға қаншалықты қарайласып тұрасыз?

 --Жеке қаржымның есебінен қол ұшын созу бұрын да болған, қазір де тоқтаған емес. Ауылдағы көмекке мұқтаж кемпір-шалдарға, асыраушысы жоқ отбасыларға, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге жәрдемдестім. Жаңа шифр дегеннен кейін есіме түсіп жатыр, үйі өртеніп, бас көтерер азаматы жоқ отбасыға шифр алып бердім. Балаларымды жұмысқа тұрғызып бер деген азаматтарға да қолдан келген жәрдемемді аяған жоқпын. Алайда өтінішті қанағаттандыру сұраған қаражаттың мөлшеріне байланысты ғой. Бірақ ешкімді ренжітпеуге тырысамын. 

           «Әкеме көше атын беру көпшіліктің ұсынысы»

--Елге аз жәрдемеңіз тиіп жатқан жоқ. Басқаларын айтпағанда кіндік кескен ауылыңызда жеке қаражатыңызбен мектеп, балабақша салдыңыз. Құпия болмаса кәсіпкерлігіңіздің қыр-сырын, осыншама көл-көсір қаржының көзін айта аласыз ба? 

 --Ауылға мектеп, балабақша салған жылдары менің меншігімде мұнай компаниясы болатын. Павлодар, Алматы облыстары мен Алматы қаласында бірнеше жанар май бекеттеріміз жұмыс істеп тұрды. Ол кезде жанар майдың нарқы төмендеу, түсетін пайда молырақ еді. Компанияның құрылтайшысы үш азамат болдық. Кейіннен өзара ақылдасап, екі азамат мұнай саласындағы бизнестерінде қалды. Ал менің еншіме Алматының тау бөктеріндегі «Табаған» демалыс орны тиді. 

«Табаған» 2005 жылдың соңынан бастап жұмыс істей бастады. 65 гектар аумақты алып жатыр. Қонақ үйлері, қыста шаңғы тебетін, жазда атпен серуендейтін, шомылатын орындары бар. Бір мезгілде 250 адамды қабылдай алады. Болашақта «Табаған» сияқты сауықтыру орнын Қызылкөлдің жағасынан салсам деген жоспарым бар. Ол қысы-жазы Қызылкөлдің шипасы зор балшығымен емдейтін орын болады. Оған тек қонақ үй салып, барлық коммуналдық қызмет түрлерін әкеліп, жағдай жасау қажет. Бір жағынан осы жобаның арқасында көптеген адам жұмыспен қамтылады. 

Биыл «Табағанда» Азиада ойындары өтті. Қонақ үйлер күрделі жөндеуден өтті. Заман талабына сай келетін фристайл стадионы салынды. «Табағанда» жүріп шаңғы тебе алмаймын дегенім ұят шығар. Жұмыс бастан асып жатса да күніне 2-3 сағат шаңғы тебуге уақыт табамын. 

--Қалталы азаматтар мешіт, басқа да ғимараттар салып, оған ата-бабасының атын бергізуге құмар. Сіздің де әкемнің немесе бабамның атын шығарсам деген жоспарыңыз жоқ па? 

--Ауылдағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепті қанша жерден жаңадан салынғандай етіп жаңалап бердім екен деп оған ата-бабамның немесе әкемнің есімін беру туралы талап қоюым қисынды ма? Мектептің ашылу салтанаты алдында заңғар жазушының ұлы Мұрат Әуезовке барып,  мән-жайды түсіндірдім. Қатты қуанып, батасын берді. Ауылға салып берген балабақшаның ашылуына барғанымда ғимараттың алдындағы «Қайрат балабақшасы» деп жазуды оқып таң қалдым. Дереу Құмкент ауылының сол кездегі әкімі Болат Айдарбековке «Мыналарыңыз не, менімен неге келіспедіңіздер? Көпшілік  балабақшаны атын шығару үшін салып отыр деп қабылдауы мүмкін ғой» дедім. Ол болса, «Жоқ, Қайреке, балабақшаға сіздің атыңызды қойып отырған жоқпыз. Бұл бүлдіршіндер қайратты болсын деген ниетпен қойылған. Мысалы көп балабақшалардың аты «Сәуле», «Айгүл» деп атала береді. Бірақ ешкім оған Сәуле немесе Айгүл деген азаматшалардың есімін қойыпты демейді ғой» деді. Мен қарсы уәж айтуға сөз таппадым. 

Былтыр қарашада жұбайым Ләйла екеуімізді осы балабақшаның ашылуының екі жылдығына арнайы қонақ ретінде шақырды. Бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, олармен бірге суретке түсіп, бір күнде бір ай демалғандай әсерде қалдық. Ақсақалдар сол жолы Қызылкөлге бұрылатын, ұзындығы 1-2 шақырымды құрайтын жолға әкем Шералы Беркімбаевтың есімін беру туралы ойларын айтты. Жол каналдың жағасында, болашақта ол араға жаңа мөлтекаудан түседі екен. Ұсынысқа ауыл тұрғындарының бәрі келісімдерін беріп, құжаттарын дайындап қойыпты. Мен көпшіліктің бұл ұсынысына қалай қарауым керек? Шынымды айтсам, қарсы болғаным жоқ. Менің әкем Шералының да осы ауылға көп еңбегі сіңген азамат. 

           «Мемлекеттік қызметтен бас тартпаймын»

  -- Асқар Мырзахметов облыс әкімі болғанға дейін «Оңтүстік» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясын басқарған  жылдары сіз оның кеңесшісі қызметін атқардыңыз.  Ол облыс басшылығына тағайындалған соң сізді қызметке шақырған жоқ па?

 -- «Бірге жұмыс істесек қалай болады?» деп бір ауыз сөз қозғалғанымен   жасыратыны жоқ нақты ұсыныс айтылмады. Асқар Исабекұлы облыс әкімі қызметіне ауысқаннан кейін мен де  арызымды жазып кеңесшіліктен кеттім. 

--Нақты бір ұсыныс жасалса, мемлекеттік қызметке баруға дайынсыз ба?

-- Шамам келеді-ау деген жұмыстан қашпаймын. Қазір ұсыныс жасалса, мемлекеттік қызметке барудан бас тартпаймын.

--Қызметке ауысып кетпесеңіз келер жылы өтетін мәслихат сайлауына қайта түсесіз бе?

--Бұйыртса, көреміз. Жақында достарым «Қайрат сен енді Мәжіліске барасың ба?» деп сұрады. Мен «Нұр Отан» партиясының таңдауымен додаға ат қосып, мәслихаттың мандатына ие болдым.  «Нұр Отан» қандай шешім қабылдаса соған пәлсінбестен келісуге дайынмын.  Мәжіліс пе, әлде аудандық мәслихат па, әйтеуір халықтың мәселесін шешуге пайдасы тиетін қызметтің қай-қайсысына да күш-жігерімді жұмсасам деймін.  

--Бүгінде меценаттар мешітке баруға құмар болды.

-- Бес мезгіл намаз оқимын деп өтірік айтқым келмейді. Жұма намазға барып тұрамын.

--Ақшаны көп жаратасыз ба, әлде үнемшілсіз бе?

-Ақшаға үнемшілмін деуден көрі көп жарататанымды көпшіліктен жасырудың қажеті жоқ. Біреулер «ақша оңайлықпен келмейді» деп айтады. Ол рас, бірақ адам тапқан ақшасына лайық өмір сүруі керек. Тапқан дүниеңнің рахатын өзің, бала-шағаң көруі керек, одан артылса, ағайын-туыс, дос-жаран, халық көруі керек. Қызыққан затымды сатып ала алмай қалсам, онда өзімді кешірмеймін. Алғым келіп тұра ма, аламын, кигім келіп тұра ма, киемін. 

--Қандай көлік мінесіз?

--Жеке өзімде төрт көлік бар. Лексус 500», «Прадо» «Тайота Камри 40» және спорттық көлігімнің қайсысы сапарға лайық, соны мінемін. Жұбайым Ләйланың көлігі бөлек. Оны өзі айдайды. Ал мен рулге көбіне демалыс күндері, алыс жолға шыққан кезде отырамын. 

--Оққағармен жүретін шығарсыз?

--Иә, жалғыз жүрмеймін. «Сақтансаң сақтайды» деген бар ғой. Оның пайдасын көрмей жүрген жоқпын. Қазір неше түрлі оқиғалар болып жатыр. 

Oinet.kzмұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: