Бюджетті орындау – бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Алайда, осы міндетті атқаруға келгенде немқұрайдылық танытып, әсіресе тендер мәселесінде көптеген кемшіліктер жіберуден тайынбайтын шенеуніктердің азаймай тұрғанын қайтерсіз. 2010 жылы бюджеттің орындалуы жайыл есеп берген қаржы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Исмаилбек Шалабаев осы аралықта орын алған былықтарды жіпке тізіп, негізгі мәселелерге тоқталып өтті.
Бюджеттік жоспарды бекіту бар да, сол жоспарды орындау өз алдына бөлек мәселе. Алайда, сол екі ұғымның аражігін айыра алмай жүрген қызметкерлер бар. Айталық, пәтер және жер сатудан жергілікті бюджеттерге қомақты қаражат түсіру көзделген болатын. Бір ғана Шымкенттің өзінде пәтер сатудан түсуге тиіс 460 миллион теңгенің түсімі орындалмай қалған. «Осындай есепсіз жоспарлау салдары егер басқа салықтық түсімдер асыра орындалмағанда бюджеттің шығыстар бөлігінде қаралған іс шараларды уақтылы қаржыландыруға кері әсерін тигізер еді», дейді И.Шалабаев.
Бюджетті сапалы әрі уақтылы атқарудың негізгі себептерінің бірі - мемлекеттік сатып алу конкурстарының дер кезінде өтпеуі. Осының кесірінен мердігерлер тарапынан атқарылатын жұмыс кешеуілдеп, жоспар орындалмай жатады. Ол ол ма, бюджетке инвестициялық жобалар бойынша 9 миллиард теңгенің жобалық сметалық құжатсыз енгізілгеніне не дейсіз.
Көптен бері жыр болып айтылып келе жатқан проблема – бюджеттен бөлінген ақшаның дер кезінде игерілмеуі. Мәселен, 2010 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша 4 миллиардтан астам теңге игерілмеді. Алғашқы жартыжылдықтың нәтижесінен соң бұл сома 2 миллиард 750 миллион теңгеге кемісе, 9 айдан соң шығарылған қорытындыға сәйкес игерілмеген қаражат 4,5 миллиардқа дейін қайта өскен. Әйтеуір, облыс басшылығының тоқпақтауымен аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар жыл қорытындысы бойынша бюджет 99 пайызға орындалды. Игерілмеген қаржы көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады. «Соңғы бес жылда мұндай жақсы көрсеткіш болмаған» деп облыс басшысы бұған да шүкіршілік етті. Олай деуіне негіз де жоқ емес. Алдыңғы жылы 3,5 миллиард теңге, 2008 жылы 5 миллиардтан астам игерусіз қалып қойған.
Бюджеттің қаржысын тиімсіз пайдалану әр ауданда орын алып жатқанымен, Шымкент алдына жан салар емес. Бала бақшаларды ұстауға қаралған 27 миллион, «Асар» мөлтекауданында жылыжай шаруашылығын дамытуға бөлінген 172,4 миллион, коммуналдық тұрғын үй құрылысына қарастырылған 23,6 миллион, су жүйелерін жүргізуге арналған 20,2 миллион, ипотекалық тұрғын үй құрылысын жүргізуге бөлінген 85 миллион теңге игерілмепті. Өзіне жүктелген міндетін тиісті дәрежеде атқара алмаған қала әкімі Арман Жетпісбаевқа сөгіс жарияланды. Сөйткенде қала басшысы не істеді дейсіз ғой? Бюджеттің қаржысын тиімді игеру былай тұрсын, жұмысы жүрмей тұрған мердігер компанияларға қыруар қаражат аударып келгені қисынға келе ме? Жетпісбаевтың әсіресе «Ташяпы» компаниясына деген шексіз махаббаты қайран қалдырады. Исмаилбек Шалабаев мынадай дерек келтірді: «2009 жылы Арғынбеков көшесінің құрылысына бөлінген қаржының 240,4 млн.теңгесі жер телімдерінің мәселесі шешілмеуіне байланысты жұмыстар атқарылмаса да бюджеттен мердігер «Ташяпы» ЖШС-не аударылып берілген. Дәл осы Арғынбеков көшесінің құрылысын жүргізуге 2010 жылы тағы да сол «Ташяпы» ЖШС-не жұмыс көлемі болмаса да бюджеттен қаржы аударылып 161,3 млн.теңгеге дебиторлық қарыздардың ұлғаюына жол беріліп отыр. Сонда бюджет қаржысы осы мердігерге жыл сайын атқарылған жұмыс көлемі болмаса да алдын ала қандай есеппен аударылатыны белгісіз». Бюджеттің дебиторлық қарызын көбейтуге «Нұрлыкөш» бағдарламасы аясында жылыжай құрылысын жүргізіп жатқан «Ақ Орда» корпорациясының да үлесі мол. Ешқандай жұмыс атқармаса да бюджеттен осы компанияға 255 миллион теңгені аудара салуының астарында не жатыр? Әлде Жетпісбаев осылайша бюджеттің игерілмей тұрған қаржысынан құтылғысы келді ме? Қалай дегенмен, бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша дебиторлық қарыздар 1474,4 миллион теңгеге жетіп, облыс бойынша барлық қарыздардың 96,8%-ын құрап отыр.
Баяндама жасаған Исмаилбек Шалабаев мемлекеттік сатып алу саласындағы тағы бір кемшілікке тоқтала кетті. Соңғы кездері баға ұсыныстарын сұрату және конкурс тәсілінен гөрі бір көзден сатып алуға дәніккендердің қатары өсіп барады екен. Мұндайда бюджеттің қаржысын үнемделмейтіні белгілі. Осы тұрғыда И.Шалабаев аудан, қала әкімдіктерінің рейтингтерін қарау кезінде баға ұсыныстарын сұрату тәсілі бойынша сатып алу көлемінің неғұрлым аз өткізгендерге ұпайларын төмендететін шарттарды қарастыру ұсынды. Есеп беру жиынына қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов басқарманың атқарған жұмысына қанағаттанарлық баға беріп, бюджетке қатысты кемшіліктер жіберілген жағдайда қатаңң шаралардың қабылданатынын ескертті. «Ендігі жерде жай ғана ескерту, сөгіспен құтылып кетемін деп ойламаңыздар. Егер бюджетті дұрыс қалыптастырмадың ба, қаржыны игермедің бе, онда бітті. Ондай қызметкердің тек қана қызметке лайықтылығын қарайтын боламыз. Осыны өз құлақтарыңызбен естіп алыңыздар» деп мәлімдеді облыс басшысы.
oinet.kz мұрағатынан