ОҚО-ның 8 әкімі. Қандай тірліктерімен ел есінде қалды?

48-0251.jpg

Тұрғыны мол, аумағы үлкен, тірлігі көп Оңтүстік Қазақстан облысына біліктілікпен басшылық жасау екінің бірінің еншісіне жазылмайтынын тарихи деректер де дәлелдейді. Облыстағы қоғамдық-саяси аураның «ыстық-суығына шыдамай», сыннан сүрінген, тағдыры сан қилы басшылар бар. Айталық сұрапыл соғыстың соңғы жылдарында ел назарын тіктеген Мұхамеджан Ерлепесов қиыншылықтан қажыған халықты еңбек етуге шақырып қана қоймай, жаралы көңілдерін көтеру үшін өзі де өнерпаздармен қосылып, домбыра, баян тартқаны, ән шырқап, билегені Мәскеудегі қазақы дәстүрге қас адамдардың қытығына тиіп, «әртістерге тым әуес» деген моральдық айыппен қызметінен алыныпты. Оның орнын басқан мінезі жұмсақ, сыпайы Мінәйдар Сапинді жұмыстан босатуға «обкомның асханасында шаруашылықтың сиырын сойып, қызметкерлеріне сатқызған» деген айып тағылған.  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовтың өзі Оңтүстік Қазақстан  обкомның хатшылығына ауысқанда бұл қызметті  дұрыс атқара алмай, жұмысы жеткіліксіз деп танылып, орынтағын босатқаны оңтүстікті басқару  оңай еместігін айғақтамай ма? Сталиннің сенімді серігі саналған байырғы НКВД-шы  Шаяхметовтың әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов, феномен ғалым Қаныш Сәтбаев сияқты тұғырлы тұлғаларды   тұқыртуға, қуғындауға күндестікпен көп күш жұмсағаны жұртқа мәлім. Оның орнына тағайындалған Исмайыл Юсупов халықтың обалынан қорықпастан, «қолдан келгенде қоныштан басып»  Хрущевтың қыбын тапқандықтан оңтүстік аймақтағы үш ауданның Өзбекстанның қарамағына өтуіне тікелей ықпал еткені тарихтан белгілі.  Әрине, Оңтүстікті басқарғандардың барлығы  бірдей  жұмысты оңдырмады деуден аулақпын. Елге сіңірген еңбегімен, іскерлігімен көпшіліктің көл-көсір сый-құрметіне бөленген абзал азаматтар бар. Солардың бірі, бірегейі Асанбай Асқаровты  оңтүстіктің жасы да, кәрісі де әлі күнге дейін нағыз білікті басшы деп зор ризашылықпен атайды.  Көзі тірісінде «Оңтүстік Қазақстан облысының №1 Құрметті азаматы» атанған Асекеңнің, Асанбай Асқаровтың  бастамасымен жүзеге асқан облыс орталығындағы демалыс саябағы, хайуанаттар паркі, дендробақ, ипподром, қуыршақ театры, оқушылар үйі, балалар темір жолы  өзіндін өшпес ізін, өлмес қолтаңбасын анық айқындап тұр. Қайсыбірін айтайық, тарихты парақтасақ, оңаша отау тіккеніне келер жылы 77 жыл толатын облыстың бірінші басшыларының саны қазіргі әкім Асқар Мырзахметовты қосқанда 26-ға жетіпті. Ал тәуелсіздік орнап, әкімдік жүйе қолданысқа енгелі бері облыс басшысының орынтағына отырғандарды санасақ Мырзахметов сегізінші әкім. Облысты басқару бақыты бұйырған осы сегіз әкімнің тұсында  елге пайдасы тиетін, тәуелсіздіктің тұғырын биіктететін қандай  тірліктер қолға алынғанына қысқаша  шолу жасағанды жөн көрдік.

Жаңа басқару жүйесі  жүзеге аса бастаған шақта  Марс Үркімбаевқа Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі болу жауапкершілігі жүктелді.

Коммунистік кезең келмеске кетіп, қайда бағыт аларын білмей дағдарған елдің есінде ерекше қалғаны Марс Фазылұлының «Академиктер қалашығын» салуға ұмтылған әрекеті  десек, жаңылмайтын шығармыз. Өкінішке қарай жақсы бастамасын аяғына дейін апара алмай, бертінде «Академиктер қалашығының» жері ту-талақайға түсіп, қазір  жекеменшік тұрғын үйлер салынып кеткен.  Дегенмен Үркімбаевтың облыс әкімі кезінде жаңадан тәуелсіздігінің туын тіккен елдің ұлттық құндылықтарын ұлықтау жолында үлкен тірліктер тындырылғанын атап айту қажет. Кеңестік кезеңде қойылған мәнсіз-мағынасыз, құрметке лайық емес атаулар ауысып, көшелерге, білім ошақтарына, мекемелерге, өзге де түрлі нысандарға  ұлт мақтанышына айналған алыптардың есімдері беріле бастады. Халықтық өнерді, салт-дәстүрді дәріптейтін мәдени-этнографиялық орталықтар құрылды. Руханиятқа көп көңіл бөлініп, рухты оятумен бірге  экономикалық-әлеуметтік саланы сауықтырудың,  шетелден инвестиция тартудың алғашқы іргетастары қаланды. «Пингвин» балалар бақшасының ғимаратында зағиптардың мектеп-интернаты ашылды. «Қыз Жібек» фирмасы Италиядағы көрмеден олжалы оралды. «Қазақиталқаракөл» бірлескен кәсіпорны, «Үрімші» қазақ-қытай дүкені,  Австрия-Қазақстан бірлескен «Сенім» кәсіпорны іске кірісті.

Ғылымдағы табысы, яғни ұлағатты ұстаз ретіндегі жеке басының жетістігі жетерлік Марс Үркімбаев әкімдік қызметте «тау қопарып, тас жаратын» «төңкеріс» жасай қоймағанымен бірқатар игі істерді үнсіз ғана жүріп істесе, оны  адамдарды тез баурап алатын өте сөзге шешен, елмен емен-жарқын еркін араласатын Зауытбек Тұрысбеков алмастырды. Шама-шарқының жеткенінше әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылды. Айталық, 1995 жылы облыс орталығында 3 отбасылық аурухананың, 7 медициналық орталықтың, ал «Қазығұрт» мөлтекауданында бала бақшаның тұсауы қиылды. Келер жылы Оңтүстікке арнайы  іссапармен ат басын бұрған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласы  Байтұрсынов көшесіндегі № 90 «А» үйдегі пәтерлердің кілті мен ордерін өз қолымен тапсырды. Шымкент шаһарының шырайын кіргізген Әл-Фараби мен Абайдың ескерткіші тұрғызылуына  септігін тигізді. Бірақ бүгінде жұрттан пікір сұрасаңыз Зауытбек Тұрысбековтың тындырған тірліктерінен бұрын ол жайлы баспасөздерде  «Жекешелендірудің миллиардтары қайда?» дейтін сүбелі сауалды қабырғасынан қойған өткір мақалалар жазылғанын алдымен тілге тиек етеді. Жекешелендіру науқанының жүруі мен әкімдік қызметі  тұспа-тұс келген Тұрысбековтың тұсында мемлекеттің дүние-мүліктері «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткені соншалық, тіпті басы ауырып, балтыры сыздағандар үшін аса зәру  диагностикалық орталыққа дейін жекешеленіп кете жаздағаны қатты айқай-шу туғызғаны белгілі.

Облысты ғана емес, тұтас елімізді экономикалық дағдарыс  тығырыққа тіреуі салдарынан зейнетақы мен жалақы уақтылы берілмеуінен, жылу мен жарық, көгілдір отын көпшіліктің сұранысын өтей алмауынан Тұрысбековтың тұсында тұтанған дау-жанжалдың жалыны онымен ат ауыстырған  Қалық Абдуллаевтың кезінде тым өрши бастаған болатын. Осы өршіген өртті басуға бірінші кезекте білек сыбанып кірісудің орнына Абдуллаев алдындағы әкіммен арадағы  келіспеушілікке байланысты есеп айырысам деп жүргенде  елдің наразылығын тудыратын талай-талай дүние бүтінделместей бүлініп үлгерді. Бұл қандай келіспеушілік деймісіз? Зауытбек Қауысбекұлы облыс әкімінің бірінші орынбасары  қызметін атқарып жүріп, Жоғары Кеңес дептаттығына бақ сынағанда оған басты қарсылас болып сол кездегі Елордасы Алматыда мықты қызметтің тізгінін ұстаған Абдуллаев ат қосқан еді. Сайлау нәтижесі бойынша Тұрысбековтың асығы алшы тұрды. Бұдан арғы жағы таратып айтпасақ та түсінікті. Әкімдіктің атына қонғанда екеуі де сайлауда қарсылас жақтың командасына кіріп, өзіне жақтаспағандардан есесін қайтарды. Абдуллаевтың негізгі мамандығы – энергетик. Солай бола тұра энергетика саласындағы  дау-дамай шешілмей  керісінше шиеленісіп кеткендіктен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абдуллаевқа ауыр сөздер айтып, елдің арыз-шағымына сәйкес екі жылға жетпестен қызметінен босатты. Алайда Абдуллаевты елге пайдасы тиетін ештеңе тындырмады деуге болмайды. Шымкент қаласының орталық көшелері-Тәуке хан даңғылы мен Қонаев бульварының түйіскен жерінен  ұзақ жыл мемлекетімізді біліктілікпен басқарған біртуар азамат, аса көрнекті  қоғам қайраткері, үш рет Еңбек Ері атанған академик, қашанда халық зор құрметпен еске алатын Димекеңе, Дінмұхамад Қонаевтың ескерткіші  ашылды. Облыстық филармонияның алдына саңлақ сазгер, ән патшасы Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылды. Зиялы қауымға «Зерде» сыйлығы тапсырылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Қасірет» мемориалы кешенінің лентасы қиылды. Абдуллаевтың елді сүйсіндірген тағы да мынадай  бір тірлігі бар. Ол – облыс әкімінің он алты жетім баланы жеке қамқорлығына алуы. Оны көріп, сол кездегі барлық аудан, қала басшылары «болмаса да ұқсап бағуға» тырысты. Кейінірек қызметтен кетсе де Абдуллаев 16 балаға қарайласып тұрды. Ал бұл кезде аудан, қаладағы әкімқаралар әлдеқашан балаларға қамқорлық жасауды жиыстырып қойған еді.

Оңтүстік Қазақстан облысының дәуірлеу кезеңі Бердібек Сапарбаевтың әкімдікке келген кезінен басталды. Сапарбаев қызметке тағайындалған алғашқы күндерден-ақ жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып облыстың энергетика кешендерін мемлекет меншігіне кері қайтарумен айналысты. Тегеурінді тірліктердің арқасында облыста жарық, көгілдір отын мәселесі жолға қойылып, қараңғыда балауыз шаммен отыратын және далада от жағып, қазанға тамақ істейтін күндер ұмытыла бастады. Ауыл-ауылдарда асар әдісімен мектеп, аурухана салу ісін батыл түрде қолға алды. Қазіргі әкім-қаралар жоғарыдан бөлінген қаржының өзін игерудің көзін таба алмай көпшіліктің обалына қалып жүрсе, Сапарбаев бюджеттен қаржы бөлінбегеніне қарап отырмай, қым-қуыт тірлікпен шұғылданды. Әлеуметтік жағдайды көтеруді көздеген көптеген қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деген ғой. Сапарбаевтың тұсында Оңтүстік  спортының айы оңынан туып, Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбеков сынды дарабоздардың алғашқысы Олимпиададан шымкенттіктер ширек ғасыр шөліркеп күткен алтын медаль иеленіп қайтса, екіншісі алтынға татитын күміс медальға қол жеткізді. Бұған облыс спортын басқарған Полат Қырықбаев та қомақты үлес қосқаны даусыз. Ел аузында екінші «Артек» атанған «Тау самалы» лагері ашылды. Орталық стадион, «Біркөлік» сауықтыру кешендері мемлекет меншігіне қайтарылды. Дей тұрсақ та  «Бердібек Сапарбаевтың  кадрлық саясаты  сәтсіз болды» деп сынаушылар аз емес. Олар оны  адамдарды алалаушылыққа, рушылдыққа салынғанын сынайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында  Сапарбаевтың кадрлық саясаты жиі сынға ұшырауы бекер болмаса керек. Сонымен қатар  Бердібек Мәшбекұлына  «көгілдір отынның мәселесін шешуді сылтауратып, «Южтрансгаз» кәсіпорны арқылы көпшіліктің төлеген ақшасын, оған қоса бюджеттен уақытша көмек ретінде берілген 700 миллион теңгені талан-таражға түсірді» деген ауыр айыптауды  анау-мынау қарапайым адамдар  былай тұрсын, депутаттарға дейін айтуы «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейтін халық даналығын еріксіз ойға оралтпай ма?

2002 жылғы тамыз айының соңғы күнінде облыс әкімінің қызметі Болат Жылқышиевке жүктелгенде талайлар таңданысын жасыра алмады. Өйткені “облыс әкімі ауысады” деген сөз шыққалы бері жұрт әдеттегідей атақ-даңқынан ат үркетін азаматты биліктің жоғарғы эшалоны жақтан күтіп жүргенде өмірбаяны департамент бастығы, облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі деумен ғана шектелетін Болат Жылқышиевтің облыс басшысы болуы  бұрын-соңды бұл өлкенің жылнамасына тіркелмеген тосын құбылыс болды. Оған қоса “ауылдың тікені табанын жараламаған, асфальтта өскен адам дәл 3 жылды ауылды қолдауға арнап үкі таққан тұста қат-қабат шаруаны үйіріп әкете ала ма?” деп те алаңдаушылық танытқандар аз болмады.  Қуаныштысы сол, сын сағаты туғанда Жылқышиев диқандардың  жүрегіне жылылық ұялататын ұтымды тірліктер ұйымдастыра білді. Солтүстіктегі, Батыстағы облыстың басшыларымен  кездесуден, кеңесуден кейін сол жақтарға өнім артқан керуен аттандырудың бастамасын бастап берді. Ауыл шаруашылық саласын несиелендіру ұлғайды. Шағын кәсіпкерлік қарыштап қанат жайды. Мамандығы инженер-механик, инженер-экономист әкім өзі әбден «ыстығына күйіп, суығына тоңған» өнеркәсіп саласын өрге сүйреуге күш жұмсады. Инвестиция игеру көлемі күрт көбейді. Әсіресе,  іскерлік қарым-қатынас орнату мақсатындағы  Италия сапары сәтті аяқталды. Мемлекет басшысының «Тұрғын үй» бағдарламасына сәйкес Шымкент қаласында  жаңадан ашылған «Нұрсәт» мөлтекауданында құрылыс қарқынды жүргізілуі нәтижесінде  бас сауғалайтын баспананың азабын тартқандардың шат-шадыман шаттыққа кенеліп, қоныс тойын тойлауы қазірге дейін жалғасып жатыр. Әкесі марқұм Әбжапардың талантын таныған халықтың оған шенеуніктігін шетке сырып қойып, «Жазушының ұлы» деп жылы жүзбен қарауы қоғамдық пікір қалыптастыратын қалам ұстаған қауыммен тіл табыстыра білді. Бір түсініксіздігі, «Жазушының ұлы» билігі мен мүмкіндігі бола тұра жергілікті Жазушылар Одағының «бір-екі бөлмелі болса да отыратын ғимарат жоқтықтан «ұшарын жел, қонарын сай білген қаңбақ» сияқты басымыз ауған жақта қаңғып жүрміз» деген жанайқайларына қол ұшын соза қойған жоқ. «Егер денсаулық сақтау саласынан шикілік шығып, бейкүнә балалардың  жаппай жұқпалы дертке шалдығу фактісі орын алмағанда Жылқышиевтің жылы орнынан жылжымағаны жөн-ақ еді». Жұрттың пікірі осындай.

Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып бар-жоғы 11 ай істеді. Ол бір жылға толмаған уақыттың ішінде бірқатар әкімдердің бірнеше жылдар бойы атқаруға шамасы келмеген, батылы бармаған, білім-білігі, іскерлігі жетпеген талай тың тірлікті тындырып үлгерді. 1 миллионға жуық тұрғын тұратын, тоғыз жолдың торабындағы Шымкент шаһарында көлік қозғалысы ретке келтіріліп, тазалық пен тәртіпті ұмытқан қаптаған базарлардың саны қысқарғанына, қаланың сыртына көшкеніне көпшілік сенер-сенбесін білмеді. Себебі әр базардың, әр көлік компаниясының артында Астанада, Алматыда “үлкен астаудан” ас ішіп жүрген алпауыттар тұрғаны елге жасырын емес. Базарлардың саны қысқарғанымен салық түсімі екі есе молайды. Архитектура белгілеп берген “қызыл сызықты” көпе-көрнеу көзге ілмей тіпті жердің астында жылу жүйесі мен су құбырлары жүргізілгеніне қарамастан алыстан менмұндалайтын супермаркеттерді, мейрамханаларды, кафе-барларды, сауналарды салып тастаған қалталылардың да мәселесі “майшаммен” қаралып, олардың өз еріктерімен заңсыз жүргізген құрылыстарын құлатуы шымкенттіктерге “көрген түстей” күй кештірді. Шымкент қаласындағы саябақтарда зәулім сауда нүктелерін тұрғызған “жарты құдайлардың” ат үркетін атақ-даңқынан сескенбей талан-таражға түсірген жерлерді халық игілігіне қайтаруды талап етіп, сол саябақтарды думаны тарқамайтын нағыз өнердің ордасына айналдырды. Аты әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен АҚШ, Мексика, Германия және еліміздің опера жұлдыздары тамаша тарту сыйлады. “Желсіз түнде жарық ай…” атты концертте арысы Америка, берісі Ресей, Молдава, Өзбекстаннан келген джаз өнерінің танымал топтарының қатарында тұрып, сызылта-үзілте саксафон тартқан Шөкеевтің қабілетіне жұрт қошеметпен қол соқты. Өмірзақ Естайұлы облыста алғашқы опера және балет театрының негізін қалады. Дегенмен, Өмірзақ Шөкеев  тек құжат жүзінде бар, бірақ  өмірде жоқ жобаларды жүзеге асырамын деп, бастаған тірліктерінің бірқатарын аяқтамай ойран-топаңын, астаң-кестеңін шығарып, тастап кеткенін ұмытпау қажет. Бір ғана мысал: облыстық драматеатрдың қарсы бетіндегі  «сақалды құрылыс».  Көпшілік оның  өзімен бірге Астанадан көшпенді кадрлерді  көшіріп әкелгеніне де  көңілі толмайды. Осыған байланысты талай мәрте шу да шықты. Қолынан іс келетін қаншама жергілікті кадрлер «өз өтінішімен» жұмыстан босап, іскерлігі мен қарым-қабілеттері қажеттілікке жарамай қалды.

Талай мықты  азаматтар түлеп ұшқан оңтүстікте тірліктің көзін білетін кадрлер түгел таусылып қалғандай  өзінің командасына шет жақтан көшпенді кадрлерді көшіріп әкелетін «дәстүрді»  Шөкеевті алмастырған Нұрғали Әшімов те жалғастырып әкетті. Бүгінде екеуінің де топ-тобымен шеттен шақырған кадрларынан оңтүстіктегі елдің игілігі үшін еңбек етуді жалғастырып жүрген ешқайсысы қалмаған да ма, қалай?.. Көшпенді кадрлар командамен бірге қайта көшіп кетті. Шөкеев сынды  саябақтарға тәртіп пен талап орнатуға бағытталған батыл бастаманы соңына дейін апаруға Әшімовтың қауқары жеткен жоқ. Жергілікті кәсіпкерлер оған қарсы «майдан» ашып, қоғамдық саяси аураның «ыстығы» көтерілді, дүрбелең туды. Нұрғали Сәдуақасұлының жанынан қалмай жүретін өз кадрлары болса, миф жобаларды қаржыландыратын «Максимум» дейтін аймақтық инвестициялық орталық құру арқылы 350 мың теңге жалақы, 350 мың теңге сыйақы  алудан өзге ел үшін ешбір пайдалы тірлік тындырмады. Қаржы дағдарысы  төбеден төнген тұста халықтың маңдай тері, табан ақысынан құралатын бюджеттің қазынасын мейлінше үнемдеп, әлеуметтік көмекке өте зәру  адамдарға жәрдемдесудің орнына мемлекеттің есебінен Әшімов бастаған шымкенттік шенеуніктер шеттерінен  су жаңа көлік мінгені  шектен шығушылық емей, немене? Әйтсе де Әшімов әкім болған жылдары облыстың деңгейінде ғана емес, мемлекеттік дәрежеде маңызы зор  ауқымды тірліктердің түңлігі түрілді. Ғасыр жобасы атанған «Көксарай» су реттегіші салынуы, Бейнеу-Ақбұлақ мұнай құбырының жүргізілуі осының айғағы. Республикада тұңғыш рет әзіл-сықақ театрының тұсауы Шымкентте қиылды. Ауыл шаруашылық саласында да  ілгерілеушілік байқалып, төрт түліктің басы едәуір көбейді. Білім саласына айрықша назар аударылып, әкімнің  қолдауымен үлгілі оқитын, шығармашылық қабілеті жақсы оқушыларға арналған Әл-Фараби атындағы олимпиада тұрақты түрде өткізіліп тұрды.     

Биылғы 1 қыркүйек-Білім күні қарсаңындағы 3 күннің ішінде  Оңтүстік Қазақстан облысында  барлығы жаңадан салынған 23 мектеп пайдалануға берілуі «айды аспанға шығарған» тарихи оқиға болды. Қазіргі облыс әкімі Асқар Мырзахметов ел тарихында бұрын-соңды кездеспеген осы бөлекше оқиғамен-ақ есте қалатыны даусыз. Әкімнің  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында  кәсіпкер Әмірхан Шүменовтың демеушілігімен  облыс орталығындағы Ордабасы алаңына Тәуелсіздік монументінің орнатылуына ұйытқы болуы да ұмытылмайтын тірлік. Асқар Исабекұлының  еліміздегі ең халқы көп облыстың әрбір ауылын ерінбей, жалықпай аралап, сондағы кездесулерде  тұрғындар тарапынан айтылған талап-тілектерді  мүмкіндігінше көбірек орындауды көздегендіктен бүгінде бюджеттен бөлінетін қаржының  дұрыс жұмсалуы үшін «тоғыз қабат тор сүзгіден өткізіп», «жеті рет өлшеп, бер рет кесіп» тікелей бақылауына, қадағалауына алып отырғаны жұрттың қамын ойлағандықтан болар, сірә. Қалай десек те, сегізінші әкім Асқар Мырзахметовке үлкен сенім артылғанына енді сегіз айдан асты. Қолға алған тірліктерінің қаншалықты баянды аяқталатынына тақсыр уақыттың төрелігін күтейік. Сондықтан оған қатысты елден естіп жүрген сыни пікірлерді жариялауға асықпадық. Әзірге...

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: