Шынын айту керек, ел Президенті Н. Назарбаевтың елмен тікелей эфир арқылы жүздесіп, сұрақтарына жауап беруінен көпшілік, әсіресе қарапайым халық қатты үміттенеді. Шағым айтып шағынар тауы, басар жері қалмаған жұртқа Елбасының тікелей эфирі ең соңғы үміті, ең соңғы мүмкіндігі секілді көрінеді. Сұрақ қоюшылардың қатары өте көп болатынын, мұның сұрағы мыңдаған сұрақтардың арасында қалып кететінін біліп тұрса да қарапайым халық мәселесі президенттің аузынан айтылып қалардай теледидарға елеңдеп отырады. Яғни, ел Елбасының тікелей эфиріне қатты сенеді, бір жақсылық күтеді. Сондықтан болар Елбасы да, оның төңірегіндегі азаматтар да бұл іс-шараға қатты дайындалады. Жасыратыны жоқ, аймақтарда дайындық жұмыстары бірнеше күн бұрын басталады. Әрине, еліміздің түкпір-түкпірінен қойылған бірнеше мыңдаған сұрақтарға Н. Назарбаевтың бір өзі жауап беруі мүмкін емес. Елбасы тікелей эфирде сол бірнеше мыңдаған сұрақтардың 1 пайызына да жауап беріп үлгерген жоқ. Ең негізгі, елдің көкейінде жүрген маңызды сауалдарға ғана жауап қатты, өз ойын білдірді, бірқатар мәселелерге байланысты қатаң тапсырма берді. Енді Елбасы тарапынан қолға алынған осы жап-жақсы іс-шараны абыроймен жалғастыру Президент аппаратындағыларға, Үкімет мүшелеріне үлкен сын, үлкен жауапкершілік. Президент қойылған сұрақтардың бәріне 10-желтоқсанға дейін жауап беруді қатаң тапсырды. Біздіңше әрбір министр, әрбір әкім, әрбір басшы өз саласы бойынша қойылған сұрақтарға Елбасының көзімен қарап, Елбасыша әрекет етуі тиіс сияқты. Әйтпесе, қойылған сұрақтардың денін министрлер, жергілікті жердегі басшылар жақсы біледі. «Е, бұл белгілі мәселе ғой, бұған дейін талай жауап бергенбіз» деп әкімдер арқаны кеңге салып, сыдыртпа сөзбен жауап бере салмауы тиіс. Бұл басшының өзіне де, Президентке абырой әпермесі анық. Әрине, Үкімет басшысы министрлерді ертеңіне-ақ жинап алып, тікелей эфирде көтерілген мәселелерді талқылауға кірісіп кетті. Тіпті К. Мәсімов кей министрлерге тікелей эфирде айтылған мәселелерді үш күннің ішінде орындауға тапсырма беріп тастады. Бұл бір жағы тым асырасілтеушілік екені рас. Жылдар бойы шеше алмаған мәселені үш күнде бір жақты ету еш ақылға сыймайды. Бірақ бір жағы Үкіметтің жан алысып, елге бір жақсылық істеуге жанталасып жатқаны қуантады-ақ. Осыдан кейін Елбасының тікелей эфирі елдің үмітін ғана емес, Үкіметті де түртіп оятып жібергенін байқап, іштей риза боласыз. Сонда Елбасы айтпаса, Үкімет қимылдамайтыны болғаны ма, қалай өзі…
Президент те пенде…
Тікелей эфир барысында қарапайым халыққа түсініксіз, қызық емес мәселелер де айтылмай қалған жоқ. Әрине, мұндай мәселелерге қарапайым халық қызығушылық танытпағанмен бұл сұрақтар ел саясатының дұрыстығын, қазіргі бәсеке заманында ел экономикасының дамып келе жатқанын байқатады. Әйтсе де хабарды жүргізушілер кей сәттерде термині көп сұрақтардан алыс кетіп, Президенттің жеке өмірі туралы қызықты сұрақтарды да ретімен бере білді. Бұл сұрақтар әрине, елдің қызығушылығын туғызып, президенттің де пенде екеніне көздері жетті. Соның бірі Әділ Қалдыбеков деген азамат «Президент адамдарды кешіре ала ма?» деп сұрады.
Демек, қайырымдымын ба әлде қатыгезбін бе, соны білгің келеді ғой деп нақтылады Нұрсұлтан Әбішұлы әзілге бұра отырып. “Менің жұмысыма, менің еліме кедергі келтіргенге дейін мен қайырымды боламын” деп жауап берді Президент. Мен өз қателеріне өкініп, оларды түзеуге қадам жасаған адамдарды кешіруге, яғни, мүмкіндік беруге дайынмын және жиі солай жасаймын, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Айқын мысал ретінде қарсы тұру позициясын ұстанып, заңды бұзған, кейін оны қудалағандықтан шетелге кеткен белгілі журналист Бигелді Ғабдуллинді келтірді. Бірақ ол біздің елші арқылы кейін Президентке хат жолдап, кешіруді өтінген, өйткені ең бай деген бөгде елден гөрі, кез келген жазамен туған елде тұрған артық екенін түсінгенін айтқан. Нұрсұлтан Әбішұлы түсінген, қазір журналист отанында тамаша жұмыс істеп жүр. Президенттің өзі атап өткендей, онымен жиі кездесіп тұрады және солай жасағанына риза.
“Мен барлық қазақстандықтардың тыныш өмір сүргенін қалаймын, біздің елдің ішінде қуғындалушылар, шетелдерде өмір сүрушілер болған емес, деп атап көрсетті тағы да Н.Назарбаев. Егер кімде-кім адал жүрегінен, ашық көңілімен менен кешірім жасауды сұраса, мен ондайларды тыңдауға, егер ол, әрине, Қазақстан заңдарын бұрмалауға байланысты болмаса, мүмкіндік беруге дайынмын, тіпті ондай жағдайда да Президенттің, егер құқық қорғау органдары ол адамның түзелу жолына түсіп, бір сапқа тұрып жаңа Қазақстанды құруға дайын екенін растаса, рақымшылық жасауға құзыреті бар”.
Сондай-ақ тікелей желінің порталына алматылық студент Ника Максимовадан келіп түскен сұрақ та тыңдаушыларын ду күлдіріп, бір желпінтіп тастағаны анық. Ника Елбасының шетелдік сапарларындағы қызықты оқиғалары туралы сұрады.
Президент сапарларға күлкі үшін шықпайтынын – мұндай сапарларда маңызды мәселелер шешілетінін, бірақ та күлкілі жәйттерді еске түсіруге болатынын атап өтті. Сөйтті де 2006 жылы Америкада ресми сапарда болғанын айтып берді. АҚШ-тың 43-ші президентімен, кіші Бушпен кездесудің алдында Атлант мұхитының жағалауындағы оның әкесінің ранчосына барады. Вашингтонға ұшардың алдында үлкен Буш біздің Президентімізден өзіне қандай бір сұрақтары жоқ па екен деп сұрайды. Нұрсұлтан Әбішұлы жоқ деп жауап береді. “Кейбіреулер балам ретінде Америка президентін мен таяқ алып, Ақ үйде қуып жүреді деп ойлайтын болар – қайдан... – деп жалғастырды Буш. – Қазір мен Американың жай азаматымын, басқа ештеңе емес. Сонда да болса 43-шімен кездескенде оған 41-ші таяудағы сенбіде оның майқұйрығынан ұрады деп айтшы”.
Ыңғайсыз ғой деген табиғи қарсылыққа үлкен Буш: “Нақ солай деп айт” деп тұрып алады. Сопақ кабинетте Американың қызметтегі Президентімен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев оған оның әкесінен сәлем айтып, алдағы сенбіде таяқ жейтіні туралы ескертеді. Залдың іші күлкінің астында қалады. Бұдан кейін әңгіме достық ахуалда жалғасады.
Бірақ та негізінен мұндай кездесулерде қиын келіссөздер жүреді, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы, ал олар оң нәтижеге қол жеткізілуі үшін алдын ала, кесте бойынша әзірленеді.