Кентаудың әкімі халқын ұлардай шулатты

15912d4ef02fad271c570b47d56957c0.jpg

Қалмұрзаев қызметінде қала бере ме?

Заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі тамсанып,  «Қаратау тәжі» деп атап кеткен  Кентау кезінде Қазақстан ғана емес, Кеңес одағы көлеміндегі үлгілі қалалардың қатарында жүретін. Қарт Қаратаудың қойнауында орналасқан кеншілер қаласының сәулеттілігі, тазалығы талай қо­­нақтарды тамсандырып, жергілікті тұрғындардың мақтанышын туғызатын.  «Ең жасыл, ең таза қалада тұрамыз» деп мақтанатын тұрғындар. Бүгінде сол мақтаныштың дымы да қалмағандай. Неге? Себептер көп.

Тәуелсіздік алғалы Кентауды 7 әкім басқарып үлгеріпті. Қазіргі басшы Нұржігіт Қалмұрзаев бұл тізімде 8-ші. Шыны керек, әкімдер жайлы жергілікті тұрғындардың пікірі айтарлықтай жақсы емес (есеп беру жиындарында сайрайтын сарай бұлбұлдарының әспетті әңгімелерін қоспағанда, әрине). Тек қаланы  екі жылдай басқарып, қысқа  мерзім ішінде көп тірлік тындырған Болат Жылқышиев жайлы жылы лебіз ести алдық.

Соңғы жылдарда жергілікті халық арасында «Кентауға келген әкімдер «чемоданный настроениемен» жүреді. Яғни, мұнда отбасымен келмейді, жалдамалы үйде немесе жатақханада аялдайды. Жұма күні Шымкентке тайып тұрады. Бар ойы - бір-екі жыл шыдап, қалтасын барынша томпайтып, орайы келгенде аман-есен тайып тұру» деген ренішке толы пікірлер жиі айтылып жүр. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», бұл пікірдің жаны бар. Мұндай көзқарас әсіресе әкімдік қызметке Нұржігіт Қалмұрзаев келгелі күшейе түсті. Жуырда Кентауға іс-сапармен барып қайтқанда осыған көзіміз жетті. Айдың басында орын алған  апаттың салдары әлі күнге дейін жойылған жоқ. Әкімнің командасы жылудың берілгенін екі аптадан бері күнде сайраумен келе жатса да кентаулықтардың жылына алмай жатыр.

- Жылу берушілер қулыққа көшті. Азанда жылу аздап беріледі де, уақыт өткен сайын батареялар суи береді. Түнгі уақытта мүлдем мұздап қалады. Мұнысы үнемдегені ме, әлде басқа бір себеп бар ма, онысын білмедік. Ал әкімдіктің апатты күнгі әрекеттеріне мүлдем наразымыз. Жағдайды айтып, түсіндірудің, нақтылы әрекет жасаудың орнына есіл-дерті халықтан шындықты жасырып, «жылуды әне береміз, міне береміз» деп тұрғындарды құрғақ уәдемен  алдауда болды. Осындай әрекетсіздіктің, өтіріктің арты үлкен проблемаға ұласты. Суы төгілмегендіктен көптеген үйлерде батареялар жарылды. Осыған айыпты адамдар өзінің сыбағасын алуы керек қой. Бірақ, қала әкімі қатаң сөгіспен құтылды. Ең сорақысы, шенеуніктер түк болмағандай мәз күй кешіп жүр.  Ұялмайды да - деп ашына сөйлейді Қаланың құрметті азаматы, кәсіпкер Исахан Жұмабаев.  

Былтыр Қарағанды облысындағы Приозерск қаласында дәл осындай жағдай орын алған.  30 градус аязда қазандық істен шығып, 13 мыңнан астам тұрғын жылусыз қалды. Қала басшылығы жылу жүйесі қатып қалмас үшін  тез арада магистральдардағы суды төгіп тастауға әрекет жасап, үш күн ішінде жылу жүйесін іске қоса білді. Әйткенмен, апаттың салдарынан бюджетке шығын келгендіктен жауаптылар жазаға тартылды. Атап айтқанда, қала әкімі қызметінен айырылды. Ал Приозерск қаласының бұрынғы басшысы, қысқы маусымға дайындықты жүргізген Нұрлан Бікіровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Апаттан екі ай бұрын қызметінен кетсе де қызметіне салғырт қарағаны үшін жауапкершілікке тартылған ол сот барысында өзінің кінәсін толық мойындады. Экс-әкімді  абақтыдан тек рақымшылық құтқарды. 

  Кентауда орын алған апат салдары жағынан Приозерскідегі жағдайдан әлдеқайда  асып түскен. Соған қарамастан 35 мың адамды жауратқан Қалмұрзаевтың мұртын балта шаппайтын түрі бар. Жұрттың көңілін аулау мақсатында «спектакль» көрсетілді. Онда да сценарийдің шикі болып шыққанын қазір ел-жұрт мазақ етіп жүр.  Ресми ақпарат бойынша қала әкіміне сөгіс беріліп, оның орынбасары Әбдімәлік Алдамұратов пен  «Жылуэнергоорталық-5» мекемесінің директоры Нұрлан Қожахметов қызметтен кеткені жөнінде бүкіл елге жария етілді. Алайда, бұл «қатаң» шаралардың шикілігін кентаулықтар жап-жақсы біледі. Өйткені  қала әкімінің өкімімен  Алдамұратов 23 қаңтар күні-ақ басқа қызметке ауыстырылған.  Мұны Кентаудағы жағдайға кінәлілердің қатаң жазаланғандығы туралы ақпаратты бүкіл республикаға таратқан облыстың басшылары білде ме, жоқ па?

 Апатты жағдайға байланысты соңғы дерек іздеп барғанымызда  әкімдіктің дәліздерінде Алдамұратовты жолықтырдық. Сөзіне, жүрісіне  қарап  оның жазаға ұшырап, қызметтен қуылған шенеунікке ұқсата  алмайсыз. Көңілі көтеріңкі, қазір құрылыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып отырған ол өзінің «құрбандыққа шалынғанын» уақытша тірлік, алдын-ала әзірленген спектакль екенін жап-жақсы білетін сыңайлы. Ол тіпті бізді құрылыс бөлімінің бастығы қызметіне қала әкімінің өкімімен 23 қаңтарда, яғни апаттан 11 күні бұрын тағайындалғаны туралы өкіммен де таныстырды.  

Болат Жылқышиевтің тұсында Кентаудағы барлық дерлік көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар шағын қазандықтармен қамтылған болатын. Талай жыл бойы кентаулықтар солярка жағып, осы қазандықтардың күшімен жылынып келді. Қалмұрзаев қызметке келгелі алдымен солардың көзін құртуға кірісті.  Тұрғындар бұған қарсы шыққанымен, биліктің айтқаны жүзеге асты. Әбүйір болғанда, денсаулық сақтау және білім мекемелеріндегі қазандықтарға тиіспеді. Міне, апатты күндері осы нысандар жылумен қамтылды. Ал бірде-бір қазандығы қалмаған көпқабатты үйлердің тұрғындары бүрсең қақты.  

Соңғы мәлімет бойынша, «5-Жылуэнергоорталығының» 8 бірдей  қазандығы апатқа ұшырағалы бері тұрғындар тарапынан 200-ге тарта шағым түсіпті. Көпқабатты үйлердегі суы қатып жарылған 600-ге жуық батареяны ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – бюджет үшін  миллиондаған теңге көлеміндегі қосымша шығын. Келіп түскен шағымдардың барлығы қанағаттандырылатынына  күмәніміз бар. Айталық, бірнеше күннен бері әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүрген  Елена Сеселкина көршінің үйіндегі батарея жарылғандықтан пәтерін су басқанын айтады. Қалмұрзаевтың атына хат жазыпты. Әкімдіктегілердің «күтіңіз» дегеніне қанша күн өтті. Енді олардың көмегінен бұрын, үйімнің төбесі қашан опырылып құлайтынын күтіп жүрмін» дейді Елена.

Одан бөлек мекемелерде жарылған батареялардың саны қаншама. Айталық, бір ғана «Яссы» колледжінде 70-тен астам батарея жарамсыз күйге ұшырапты. Нарықтық бағамен есептесек келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгеден асады. Оқу орнындағы сабақ тоқтап, студенттер үйіне қайтарылды. Колледж директоры Үсен Рахметұлының айтуынша, әкімдіктің өкілдері батарея ауыстыру ісіне тек  наурыз-сәуір айларында кірісе алатынын ескертіпті. «Оларды күтіп отыра берсек оқу бағдарламасынан тіптен қалып қоятынымыз анық. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін сабақты қысқартылған түрде өткізсек дейміз. Сонымен бірге, жаз айларында қосымша бірнеше аптадай оқуға тура келеді»,  дейді колледж директоры.

 «Жылуэнергоорталық-5» әлдекімдердің жемсауына айналып кеткелі қашан.  Мәселен, «ескірген қондырғыларды жаңарту керек» деген желеумен  2007 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңгенің қайда кеткенін әлі күнге дейін ешкім білмейді, ешкім жауапқа тартылған жоқ. Қытайдан турбина сатып алу көзделіп, екі жақты келісім-шарт та түзілген. Тіпті жарты миллиард теңгені алдын-ала аударып жіберген. Бүгінде не турбина, не ақша жоқ, қытайлардың да қарасы көрінбейді. Жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстарының сапасыз жүргізілгені өз алдына жеке тақырып. Жылу беруші мекемеге бұдан кейінгі жылдарда да бюджеттен қомақты қаражат бөлініп келді. Ол ол ма, «ЖЭО-5» деген «жалмауыз» өзге нысандарға бөлінген қаржыны да  жалмауға көшті. 

- Ақпанның 2-сі  күні облыс әкіміне есеп берген Нұржігіт Қалмұрзаев «мазут та жеткілікті, көмір де жеткілікті» деп соқты. Ал осыдан бірер апта бұрын бюджетке шұғыл  түрде өзгеріс енгізіліп, Шәмші Қалдаяқов атынадғы мәдениет сарайын күрделі жөндеуден өткізуге қаралған 111 миллион теңге,  Хантағы елді мекеніндегі балабақша құрылысына көзделген 60 миллион теңгені «отын сатып алу керек» деп «ЖЭО-5» мекемесіне  аударып жіберді. Сонда әлгі мәлімдеме қайда қалды, - дейді қалалық мәслихаттың депутаты Мұқан Тұрысбеков.    

Кентауда қордаланған мәселе көп. Қалада жұмыссыздық жайлап, қылмыс өршіп барады. Кәсіпкерліктің дамуына мүлдем көңіл бөлінбейді десек жағылмаймыз. Шұрық-тесік көшелер жөндеуді қажет етеді. Онсыз да қаражат жетіспей жатқанда әкімнің командасы Кентау қалалық бюджетінің қаржысын желге шашудан тыйылмай отыр. «Қалмұрзаевтың қызметке келгелі атқарған бірде-бір оң тірлігін айта алмаймын.  Ағаш кесті, әлі талай жыл тұруға жарамды  бордюрлерді ауыстырды.  Қаланың қақ ортасына 20 бағананы әкеліп, бетондап құйды. Сыртын әйнекпен қаптап қойды. Сөйтсек, бұл Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған сый екен. Оған бюджеттен 24 миллион теңгеге жұмсалыпты», деп әкімнің тірлігіне наразылығын білдіреді қала тұрғыны Нұрлы Рахманберді.  

Ал Қалмұрзаевтың жуырда су жаңа көлікке отырғаны өз алдына жыр. Әкімдердің стандартты көлігі «Тойота камри 40» моделін  менсінбей, оның орнына «Камри 50» темір тұлпарын «ерттеп мінгені» шенеуніктерге отандық көлікті пайдалану туралы Елбасының жолдауын мазақ қылғаны шығар.  

- Жаңа көлік алуға бюджеттің 7 миллион теңгесі жұмсалды. «Алдыңғы мініп жүрген көлігіңіз жарамайды ма?» деген сұрағыма Қалмұрзаев «ол 2006 жылғы көлік қой, ескіріп қалды» деп тіл қатты. Бұған не дейсіз? Сонда бюджеттің қаржысын жұмсайтын басқа мәселе қалмады ма?, - дейді депутат  Мұқан Тұрысбеков.

Былтыр облыс әкімдігіндегі есеп беру жиынындағы «Кентауда жұмыс істейтін адам жоқ» деп айтқан сөзі кентаулықтардың құлағына түрпідей тигені жасырын емес.

- Қазір мыңдаған кентаулықтар вахталық әдіспен жұмыс істеп жүр. Тіпті шетел асқан жерлестеріміз өте көп. Мәселен, қазір Норильск қаласындағы никель зауытында 500 кентаулық азамат еңбек етуде. Кореяда жұмыс істейтіндер қаншама. Барлығы да жоғары білікті мамандар. Ал солар айдалада жұмыс істегенше, өз қаласында, отбасының жанында отыруын қаламайды дейсіз бе? Көпке топырақ шашқанша Кентауда тұралап қалған кәсіпорындардың жандануына әкім неге үлес қоспайды?  - деп күйінеді  қала тұрғыны Исахан Жұмабаев.

Міне, айналдырған бір жарым жыл  ішінде Қалмұрзаев Кентаудың халқын ұлардай шулатты, жауратты, ызаландырды. Қаланың халқын бағаламайтын, тұрғындарға жаны ашымайтын әкім кентаулықтарға  керек пе?

 

 "Рейтинг" газеті №7, 16 ақпан 2012 жыл

 

 

 

 

 

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: