Оспановтың өкпесі орынды ма?

Screenshot_12.png

Ал Әбсаттаров адам алалаушылық неге барын ашып айтқан жоқ.

Қаңтар айында облыстағы жанар-жағармайға деген сұраныс 42 мың тоннаны құраса, Мұнай және газ министрлігі 43 мың тонна жанар-жағармай бөліпті. Бұл көрсеткіш желтоқсан айымен салыстырғанда 4 мың тоннаға артық болғанымен, облысымызда бензинге деген мұқтаждық толығымен жабылмай отыр. Бөлінген Аи-80 бензині--70 пайыз,  Аи-92 --80 пайыз, дизельдік отын--170 пайыз қажеттілікті қанағаттандырады екен. Енді қайтпек керек, көшедегі көліктер дереу бензиннен дизельдік отынға көшуі тиіс пе?

Сейсебі күні облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Дінмұхамед Әбсаттаров баспасөз мәслихатын өткізді. Оның  айтуынша, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановпен бірге Мұнай және газ министрлігіне барып, мәселенің түйінен тарқатқан сыңайлы. Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысындағы жанар май тапшылығы Қытайға экспортталып жатқан Ресей мұнайының есебінен шешілмек. Осыған байланысты көршілердің мұнайы Шымкент мұнай өңдеу зауытына жеткізілмек. Одан кейін ірі жанар май компаниялары және 36  оператор арқылы тұтынушыға таратылады. Оператрлардың әрқайсысы белгілі бір аудан, қалаларға бекітілген.

Осындай мән-жайларды баян еткенімен, шындығында басқарма бастығы  Д.Әбсаттаровтың баспасөз мәслихатын өткізудегі басты мақсаты жуырда ғана «Рейтинг» газетінде және республикалық және жергілікті телеарналарда «Ынтымақ» тәуелсіз жанар май таратушылар қауымдастығына мүше жеке кәсіпкерлердің жасаған мәлімдемелері себеп болған сияқты.

Естеріңізде болса, «Рейтинг» газетінің өткен сандарында біз аталған қауымдастық мүшелерінің жанармай тек  кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен келісімге тұрған компанияларға ғана берілетіні, ал қауымдастыққа  мүше жүзден аса кәсіпкердің мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отырғаны жазылған болатын.    

--Әкімдіктің міндеті--жанар-жағармай өнімдерімен жеке кәсіпкерлерді емес, халықты қамтамасыз ету. Облыс тұрғындары қазір жанар маймен толық қамтамсыз етілген. Ал, жанар май бекеттерінің иелері де дүкен, мейрамхана қойжайындары сияқты жеке кәсіпкерлер. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының міндетіне оларды тұтынушымен, тауармен қамтамасыз ету кірмейді. Жанар майды тарату аккредитациялаудан өткен және Мұнай және газ министрлігінде тіркелген компманиялар арқылы жүргізіледі.  Мен жанар майды бөлуде жәрдемдесу, дәнекер болу жөнінде ешкімге уәде бергенім жоқ, бермеймін де. Біз тек заң шеңберінде жұмыс істейміз»--деді Д.Әбсаттаров баспасөз мәслихатында.

Басқарма бастығы Әбсаттаров бұған дейін журналистермен әңгімелесуден қашып жүргенімен  баспасөз арқылы жазылған, айтылған сын қоғамдық пікірді күшейтіп жібергеннен кейін амалсыздан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуден өзге амалы қалмағанын түсіндік. Оның сөзіне сенсек  шу шығарып жүрген жеке кәсіпкерлер өзара баға келісімін жасаған, жанар майды әдейі таратпай, нарықтағы жағдайды ушықтырғаны үшін тиісті орындар тарапынан жауапкершілікке тартылған. Сондықтан олар жанар майды тікелей алушылардың тізімінен сызылған. Жанармайды тікелей алу құқығы қаржылық мүмкіндігі жоғары, бекеттері көп компанияларға ғана берілген. Алайда басқарма бастығы «Ынтымақ» қауымдастығына мүше кәсіпкерлердің арасында талапқа сай келетіндердің барын да айтты. Бірақ олардың еркіндігі не үшін шектеліп отырғанын түсіндірмеді. «Ынтымақ» қауымдастығына мүше кәсіпкерлер де асығы алшысынан түсіп тұрған операторлар сияқты мемлекетке миллиондап салық төлейді. Салық жинағанда талап бәріне ортақ, ал жанармайды таратқанда алалаушылық неге барын ашып айтпады? Олар өнімді неге тікелей емес, операторлардан қымбат бағамен сатып алуы керек? Бұдан кейін «дүкенге де, бекетке де тең қараймыз» деген басқарманың сөзі басқа да, ісі басқа ма дейсің. Кәсіпкерлікті қолдауға тиіс басқарманың мұнысы несі?

P.S. «Оспановтан да, Әбсаттаровтан да көңіліміз қалды. Кәсіпкерлер әділдікті енді соттан іздемек».  «Рейтинг» газетінің 11 қаңтар күнгі санында осындай тақырыппен жарық көрген мақаланы қолдап оқырмандар қоңырау шалғанымен жазылған жайтқа байланысты  облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановты әжептеуір өкпелетіп алдық.  Араға адам салып жүріп сөйлескен ол жанар-жағар май дауына жауапты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жұмысын үйлестіру соңғы бір жылдан бері өзінің құзыретіне кірмейтінін ренжіп жеткізді. Ғапу өтінеміз, айыпты болсақ. Алайда ол осы басқарманың жұмысын үйлестіретіні жайлы ақпаратты  облыстық әкімдіктің сайтынан алған болатынбыз. Күн аралатып бір жаңалық жасайтын облыс әкімдіктің сайты жаңармаса біз жазықты боламыз ба? Сын мақаладан соң сайттағы ақпарат жаңарғаны бекер деймісіз. Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден  жанар-жағар май нарығын реттеу бұған дейін энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жүктелгені,  ал осы басқарманың жұмысын үйлестіру бірінші орынбасар  Б.Оспановтың міндетіне әлі де кіретінін қайда қоямыз? Жанар май мәселесін  шешу бір басқармадан екінші басқармаға қашан ауысып үлгерген десеңізші.

Үшіншіден Берік Оспанов қатардағы көп орынбасардың бірі емес, облыс әкімінің бірінші орынбасары болғандықтан өңіріміздегі әрбір мәселеге бас қатыруы қажет емес пе? Оған қоса жанар-жағар майға ең  сусап отыратын ауыл шаруашылық саласының жұмысын Оспанов қадағаламай ма?

Ең бастысы осы жанар-жағар майдың жанжалына байланысты арызданушылармен Берік Оспановтың кездескені, біршама уәделер бергені рас қой. Рас. Ендеше білдей бірінші орынбасардың «бір жылдан бері бұл саланың жұмысы маған қарамайды» деп қапалануы орынды ма? Сіз қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман!

Б.Ерназар

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: