Асқар Мырзахметов: «Арғы дүниеде ру да, атақ та, қызмет те жоқ»

ca002e568db90a0ebfe3db362831eea9-small.jpg   

«Бүгінде жұрт мешіт салса пәлен рудың мешіті, пәленшенің салған мешіті деп бөлінетін болды. Осындайда ойға кенелем: Мешіт Алланың жердегі үйі емес пе? Сонда мұндай мешітті салушылар Алланың ризашылығы үшін емес, адамның пендешілігінен  шалыс қадамға барып отырғаны ғой». Бұл ақиқаттың алдаспанын асынған,киелі Отырар ауданынан түлеп ұшқан халық ақыны Әселхан Қалыбекованың сөзі. Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Салауат Салахиддинов болса « қазақтың түп-тамыры, алтын бесігі есептелетін ауылдарда араққа, нашақорлыққа салынғандардың аз еместігі, әсіресе жастардың теріс қылықтарға әуестігі  қатты жаныма батады. Тірлігіңді жылдарға жоспарласаң ағаш ек, ғасырларға жоспарласаң жастарды тәрбиеле» дейтін даналық сөзді әрбіріміз жадымызда сәт сайын жаңғыртып тұрғанымыз дұрыс»дейді. Оның сөзін әрі қарай сабақтаған Сарыағаш ауданының төбе биі Рахым Оспанов «Жастардың үлкендерді сыйлауына, керісінше үлкендердің жастарға құрметпен қарауына, өзара қарым-қатынастарына  қатысты  кейбір келіспеушіліктер біз бәріміз бірігіп талдайтын, талқылайтын,  «толғағы піскен» тақырып. Той-томалақта жөн-жосықсыз шашылу, ретсіз шығындалу, әр алуан дарақылық пен даңғазалыққа жол беру сияқты маңызды мәселелердің шиеленіскен түйінін тарқатуымыз тиіс. Соңғы жылдары Сарыағаш ауданында ашу-араздыққа, дау-дамайға басу айтатын, тура бағыт – бағдар сілтейтін  билер кеңесін құру, төбе билер сайлау әрбір ауылдық әкімдікте жақсы жолға қойылды. Сондықтан өз тәжірибемізді өзгелерге тарату үшін, олардан білмегенімізді үйрену үшін Сарыағашта билер кеңесінің облыстық семинарын өткізу ойластырылуда» деп ағынан жарылды. Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мерекесінде, дәл 22 наурызда « Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі...» Түркістан қаласында ұйымдастырылған, «Ырыс алды-ынтымақ» деген атаумен өткен, бұқара халыққа арналған үндеу қабылданған алқалы жиында оңтүстіктің әр тарапынан әдейі ат басын бұрып келген орақ тілді, от ауызды, сөзі дуалы жандардың қай-қайсысы да мінберге көтерілгенде имандылық пен ізгілікті, татулық пен бауырмалдықты насихаттап, ұрпаққа ұлағат болар озық ойларын ортаға салды. Белгілі жазушы, журналист, халықаралық « Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт жүргізген  жиында осы басқосудың ұйытқысы болған, таяуда ғана тағайындалып бастапқы тірлігін елді ырысқа жетелейтін ынтымаққа шақырудан бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов реті келгенде көкейге түйген өткір пікірлерін де көпшіліктен жасырып қалған жоқ. Әкімнің әңгімесін тарқатып айтайық.    

 Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында мешіттер саны 681-ге жетіп отыр. Әрине мешіт көптік етпейді. Өкінішке қарай, рудың, атаның, ананың атымен аталатын мешіттер бар. Мешіт – Алланың үйі емес пе? Ендеше Алла үйіне ат бергеніміз қаншалықты орынды немесе қажет? Тіпті бір елді мекенде екі-үш мешіт салынып, ру-ру, ата-ата боп бөлінгенді қалай бағалауға болады? Бұрындары мешіттер ел азаматтарының, жергілікті тұрғындардың бірлесе үлес қосуымен, жұмыла жұмыс жүргізулері нәтижесінде салынатын. Енді мешіттер қалталы азаматтардың, демеушілердің есебінен салынуда. Бұл бір жағынан тиімді, құптарлық шара болғанымен, басқа жақтарынан, ойландыратын  жерлері бар. Көп реттерде өзімшіл, мақтаныш, бәсеке мүдде басым түсіп, мешіт салдырушылар әкелерінің, руларының атын қойып жатады. Бұл біріктіруге, ұйыстыруға емес, бөлінушілікке, түсініспеушілікке соқтырмай ма? Жұртты ренжітіп, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне кері әсер етпей ме? 

    Ойландыратын осындай мәселелердің бірі – руға арналған ескерткіштер тұрғызу. Тарихи тағлымы бар ма, жоқ па, зерттелген бе, зерттелмеген бе, дәлелді ме, дәлелсіз бе, елдің жағдайы келе ме, келмейді ме қаржы жинап, ескерткіш тұрғызу аз кездеспейді. Осымен тұрмай ауылдың, көшенің аттарын сұрап, билік өкілдерінің есін шығару да үйреншікті әдетке айналып барады. Шешім қабылданса тағы да ысырапшылдықпен ас беріп, рұқсат берілмесе мемлекет қызметшісіне өкпе артып, жоғары жаққа шағымдану ет өліп көз үйренген құбылыс. 

Ең сорақысы – тірі кездегі бөлінушілік аздай, кей ауылдарда ру-ру болып мазараттар тұрғызыла бастады. Әр ұлттың, әр рудың өмірден озған өкілін «өз мазаратына» жерлеу белең алып бара жатыр. Қазақта – «Өлім-кемдік емес, теңдік» - демей ме? Байдың да, жарлының да баратыны бір жер. Арғы дүниеде ру да, атақ та, қызмет те жоқ . Даңғазалықпен мешіттер, ескеркіштер салғанша, халыққа қажетті ғимараттар, емханалар, дәрігерлік пункттер, балабақшалар мен кітапханалар, жолдар мен көпірлер салудың сауаптылығы түсіндірілсе, иландырар ақсақалдар, басқа да зиялылар осыған көңіл бөлсе кәнекей.

Қасиетті Құран: «Түп-түгел Алланың дінін ұстаныңдар да, бөлінбеңдер», - дейді. Мұсылмандықтың да басты арқауы ынтымақ пен бірлік екеніне иландыру – ел ағаларының да парызы ғой десек қателеспеспіз. 

Ғасырлар сұрыптауынан өткен салт-дәстүрлер дін талаптарына қайшы келмейді, қайта үйлесіп, үндесіп жатады. Кейбір жерлерде білімі мен ілімі тайыз молдалар дін мен дәстүрді мүлде қарама-қарсы қойып, қарпайым адамдардың ренішін тудыратыны рас. Қайта озық дәстүрлер арқылы дінді, дін арқылы ұлттық, халықтық озық дәстүрлерді насихаттап, нығайтуға әбден болатыны белгілі .

Жасыратыны жоқ, Оңтүстікті оңды-солды, орынды-орынсыз тілдеріне тиек етіп, не болса соны айтатындар, «Шымкент жаққа бәрі бола береді» деп жамандай жөнелетіндер аз емес. Әрине, Оңтүстікте белең алған жағдайлар, өтірік-өсектер, жең ұшынан жалғасатын жарасымсыз, жаман қылықтар, арыз-құрыздар кейде ушығып кететіні де рас.  Арыз-шағым жазбаса немесе жаздырмаса ауыратындар, бәлеқорлық пен жалақорлықты, арыз ұйымдастыруды, домалақ арызды кәсіпке айналдырғандар да жоқ емес. Бұл – елдің атына кір келтіретін, алға жылжуға кедергі жасайтын кесел. Осыны тоқтатуға, емін табуға атсалысу әрбір азаматтың парызы. Оңтүстік өңірдің халқы негізінен ақжүрек, ақкөңіл, басым көпшілігі еңбексүйгіш, меймандос, көргенді,  жаңалықтарды да тез қабылдайды. Тілге, дінге, ділге, дәстүр-салтқа берік. 

«Оңтүстікте бақ-береке, ынтымақ болса, бүкіл елімізде, мемлекетімізде бақ-береке, ынтымақ болады», «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі», «Түркістан – қазақ даласының рухани төрі», – деп Елбасы бекер айтқан дейсіз бе?

  Өкінішке қарай, кейбір елді мекендердің, рулардың «президенттері», «көсемдері» тар өрісті, қысқа өрелі тірліктерге жол береді. Ұлағаты мол ұлтымыз үшін, әлемдік өркениет биігіне беттеген еліміз үшін, тәуелсіздікті ту еткен, мызғымастықты мақсат еткен мемлекетіміз үшін «ру президенттері», «тайпа көсемдері» дейтіндей ұшқары ұғымдар сыйымды ма? Қажет пе? Ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етпек? Келешек бұған не демек? Рас, тарихымыздың түрлі кезеңдерінде, бұрынғы ғасырларда рулардың ақылман ақсақалдары, тайпалардың көсемдері, аталардың жетекшілері қажет болғаны белгілі. «Бүгінгі рушылдық көріністері – бұл қазақ халқының этногенетикалық даму жолындағы артта қалған кезеңдердің жаңғырығы. Ұлт алдындағы міндет – осы жаңғырықты біздің халықтың бірлігіне жарата білуде болса керек», – дейді Қазақстан Президенті «Тарих толқынында» деген кітабында. 

Осы еңбегінде Елбасы рулық қайшылықтарды патшалық Ресейдің империялық саясаты қалай пайдаланғанын, отаршылдық саясат қазақ ұлтының ішкі қайшылықтарына себепші болғанын, «бөліп ал да, билей бер» бағытындағы мақсат үшін рушылдықтың әдейі қоздырылғанын келтіреді. «Қазақ халқының ұлт-азаттық күресін әлсірету үшін патшалық құрылыс руаралық қырбайлықты қоздырып отырды. Әсіресе, лауазым иелерінің сайлауы кезінде әр рудың өкілдерін бір-біріне айдап салды», – деп жазады Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы айтқандай, әрбір қазақ, әрбір қазақстандық осы азаттыққа, тәуелсіздікке лайықпын ба, оларды нығайту үшін қандай міндет-мақсатқа ден қоюым керек деген сұрақтарды өзіне-өзі жиі қойып, жауап таба білуге тиіс. 

Ерекше көңіл бөлетін мәселенің бірі – той-томалақтар, салт-дәстүрлік рәсімдер, тұрмыстық түрлі шаралар. Себебі, адам өмірінің, тіршіліктің негізгі құрамдас бөлігі – осылар. Әрине, жас мемлекетіміздің азаматтары той-томалаққа шектен тыс әуестенуден гөрі ұтымды еңбек етіп, заман талабына сай өнер-білім мен ғылым игеріп, салауатты өмір салтына бет бұрғаны, бос уақыттарын мейлінше мазмұнды әрі тиімді өткізуге ұмтылғаны орынды болар еді. Оңтүстікте қонақ санын асырып шақыру, шектен шыққан, ас та - төк ысырап жасау, даңғаза тойлар өткізу, марқұм болған жақындарын ақтық сапарға шығарып салудың өзін де жарасымсыз жарысқа айналдыру басымырақ. Тойлар кезінде көшелерде кептелек жасап, жұртқа жол бермей, неше түрлі шетелдік көліктермен ойқастап, қыр көрсетіп жүретін даңғазалық, үйлену тойларында, мерейтойларда небір қымбат көліктерді тойханаларға кіргізіп сыйлап, асып-тасқанды білдіретін әулекілік қайда апара жатыр? Осы жағын да ойлану керек емес пе? Тойханаларда, бүгін арақ-шарап ішілген той өткізілсе, ертеңіне марқұмдардың жетісі, қырқы, жылдық асы болып жатады. Тойханаларды, мейрамханаларды емес, имандылық асханаларын, диеталық дәмханаларды, «Сауап-халал», «Наурыз-халал» асханаларын көбейтсек қайтеді? 

Рас, баспасөз беттерінде тойларды талғамға сай, мәдениетті өткізу, екі-үш сағат кешіктіріп, жұртты ығыр етпей, уақтылы бастау, тіл, дәстүр-салт, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, даңғазалықты шектеу жөнінен ой-пікірлер айтылып жүр. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында: «Енді ұсақ-түйекті, берекесіз тірлікті доғарған жөн», – дегенді бекер айтқан жоқ. Жалған намысқа бой алдырып, ұсақ-түйектерге, қажеті жоқ күйкі тірліктерге, өткізбей-ақ қоюға болатын той-томалақтарға, тұрмыстық түрлі шараларға, ішімізден жақтырмай, қарсы бола тұра уақытымызды, күш-қайратымызды бекер шығын ететініміз өтірік емес. Аста-төк астамшылдыққа негізделетін тойлардың, даңққұмарлық пен даңғойлықты көрсететін, байлыққа мастануға бастайтын астардың орнына мәдениет пен өнерге меценаттықтың, жетімдер мен жесірлерге, жоқ-жітіктерге, мүгедектерге көмектесудің сауабы үлкен.

  Жетістіктер де, кемшіліктер де барлық ұлтқа ортақ. Мәселен, қылмыс, сыбайлас жемқорлық сияқты нәрселер ұлтқа байланысты емес. Қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың ішінде де әртүрлі ұлт өкілдері кездеседі. Сондай мәселелердің өзінен «саясат» жасағысы келетіндер жоқ емес. Ұлтаралық теңсіздікке, әдейі жасалып жатқан әрекетке әкеп тіреудің қажеті жоқ. Қазақстанның азаматтары болған соң талап та, құқық та, міндет те, жауапкершілік те бәріне бірдей. 

Ынтымақ туралы тартымды сөздердің жиі-жиі айтылуы да орынды. Бірақ ынтымақ тек айтумен ғана нығаймайды. Сөз бен істің бірлігі керек. «Әділет бар жерде ынтымақ бар», – дейді қанатты қағида. Көп мәселе кадрларға байланысты. Адал, таза, жас кадрларды өсіру қажет. Әкімдер, басқа да басшылар кадрларды іріктеп өсіруде, таңдауда топтардың, рушылдардың пікірлерін емес, қарапайым халықтың, мемлекеттің, елдің мүддесін, теңдікті, әділдікті, тазалықты басшылыққа алуға міндетті. Қарапайым халық әділдіктің, шындықтың, қамқорлықтың бар екенін шынайы сезінуі керек. Сонда бірлігіміздің, ынтымағымыздың іргетасы нық болады. 

Ғалымжан Қамытбекұлы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: