Уәлибек Әбдірайымов, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры:
- Уәке, жаңадан әзірленген бағдарламаны әдетте алдымен өз жерлестеріңіздің, яғни шымкенттіктердің талғам таразысына ұсынатын едіңіздер.Биыл жаңа бағдарлама қамтылған гастролдік сапар Алматы мен Астанадан бастау алды.
–Расында да жаңа бағдарламаны көрерменге көрсетуде қазір басқа тәсілге көштік. Шымкенттің халқы солтүстіктің халқы сияқты емес, атына бола бара бермейді. Оңтүстікпен салыстырғанда өзге аймақтарда концерт ұйымдастыру оп-оңай. Айталық, солтүстіктегі көрермендердің сұрайтыны «өнер көрсететін КІМ бар?». Оларға «Бауыржан Ибрагимов, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова бар» деп жауап берсең болды, жұрт барып, көріп отыра береді. Сөйтіп риза болып қайтады. «Концерт қалай өтті», - деп сұрасаң, «керемет, жақсы өтті. Рымбаева болды, Ибрагимов болды» дейді мәз болып. Ал Шымкентте «КІМ бар» емес, «НЕ бар?» дейді. Шымкенттің көрермені өте сыншыл. Концерттерге лапылдап жүгіре жөнелмейді. Атағы жер жарған әртіс-әншілер келіп тұрып, бағдарламасы шала болса ешкім қызыға қоймайды. Сондықтан бұл жолы гастрольді алдымен Алматы, Астана мен басқа облыстарда бастап, кем-кетігімізді түзеп, қойылымдарды әбден дайындап барып қана Шымкентке келуді жөн көрдік.
-Шымкентті еліміздегі әзіл-сықақтың отаны, орталығы деп атап жүр.
-Ол заңды. Оңтүстік Қазақстанда «Шаншардан» басқа «Шымкент-шоу», «Шымшыма» әзіл-сықақ театрлары бар. «Нысана» театрының негізгі құрамы шымкенттік жігіттер. «Бауыржан шоуды» өмірге әкелген Бауыржан Ибрагимов та Оңтүстіктіктің тумасы. «КВН-да» да оңтүстікқазақстандық жастар ұдайы топ жарып келеді. Оңтүстіктегі театрлардың қай-қайсысы болмасын республикаға танымал. Оған қоса елімізде тұңғыш рет мемлекеттік әзіл -сықақ театрының ашылуы да осы облыстың еншісінде. Бұрын жеке- жеке күліп жүрсек енді мемлекет болып күлетін деңгейге көтерілдік. Ал астанамыз Астана әлі күнге дейін не жеке меншік, не мемлекеттік әзіл-сықақ театрын аша алмай отыр. Үкімет, министрліктер, депутаттар мен ақша да сол жерде, бірақ сатира театры жоқ. Неге? Мәселе ақшада емес. Оңтүстік Қазақстанда қазақша сөйлейтін 2 миллионнан астам халық бар. Қазақша сөйлейтіндердің қатарына өзбек, әзірбайжандарды қосыңыз. Астанада ол жоқ. Бізді солтүстіктегілер түсінбейді, себебі, біз қарапайым сөздердің барлығын сөйлеп біттік. Сөйлей-сөйлей сөздің, әзілдің астарына кетіп қалғанбыз. Сондықтан, қазақтың сатира театрларының оңтүстіктен шығуы, жалпы қазақы мәдениеттің дамуы заңды.
-Сәтті әзіл ойлап шығару қиын ба?
-Өте қиын. Ақындар тапсырыспен өлең жазу қиын деп бекер айтпайды ғой. Бізде де сол сияқты. Қойылым әбден дайындалып біткен соң сахнаға шығаратын болсаң жақсы. Өкінішке қарай олай бола бермейді. Айталық, Алматыдағы Республика сарайы үнемі бос емес. «Залды мамыр айының ортасында және желтоқсанда ғана бере аламыз» дейді. Тап сол мамыр айының ортасына дейін концерттік бағдарламаңды дайындай алсаң жақсы. Қанша жерден үлгеремін деп жанталассаң да қойылым көңілден шықпай қояды. Сахнаға шикі дүниені шығаруға болмайды. Осы жағдай қиындық тудырады.
Оның үстіне «Шаншар» театрының жанры – эстрада жанры. Бұл спектакль емес. Сондықтан, эстрада жанры заманның айнасы болғандықтан, өзгеріп отырады. Біз де өзгеріп отыруымыз керек. Мысалы, тоқсаныншы жылдардың ортасында Жүсіп екеуміз ойнаған қойылымдар жұрттың ішек-сілесін қатыратын. 1995-96 жылдары Шымкентте қатты дағдарыс болды ғой. Газ, жарық, жылу жоқ. Көшеміз көк түтін. Сол кезде мен сыни сатира айтқанмын. «Абайлаңдар, түңде келе жатып Шымкентті мыжып кетпеңдер. Себебі, бізде жарық жоқ», деп. Немесе, «біздің жағдай сонау 1941-ші жылғы Ленинград блокадасымен пара-пар болды ғой. Бірақ, ленинградтықтардікі рахат еді – өш алатын адамы бар. Ашуы келсе, мылтықты алып, немістерді атып-атып қайтады. Ал бізде кек алатын ешкім жоқ. Балконға шығып айқайлаудан басқа не амал», деген әзіл айтқанымда жиналған халық тоқтамай шапалақ ұратын. Себебі, қышыған жеріне тиіп тұр ғой. Бүгін ондай әзілге ешкім күлмейді.
- Ал қазір ше? Халықтың қышыған жеріне тиетіндей не бар?
- Әрине, мәселе көп. Дағдарыс дей ме, құрылыс тоқтап қалды, салынып жатқан үйлер бітпей қалды. Бірақ, қай тақырыпты болсын пісіру керек.
- Осы дағдарыс дегенді сезініп жүрсіз бе?
-Елдің көңілі өте алаңдаулы. Бірақ, ауылды жерде сезіліп тұрған жоқ. Саған бір әңгіме айтып берейін. Жоғарыдан «антикризистік шараларды жүргізіңдер» деген тапсырма келіп түскен соң ауылға бір топ лауазымды шенеуніктер аттаныпты. Шалдардың барлығын жинап алып «дағдарыс келе жатыр, дайын отырыңыздар. Көбірек егін егіп алыңдар, мұқият болыңыздар» депті. Тапсырма солай болған ғой. Әйтпесе олар айтпай-ақ егін егіп отырған халық қой, аштан өлмес үшін. Кейбір әкімдерге ауылдағы каналдар мен арықтарды тазалау жөнінде тапсырма берілген. Әйтеуір, жәрдем беріп жатырмыз деп көрсету үшін. Сонда бір қария тұрып: «айналайын шырағым, бұл дағдарыстың болғаны жақсы болды ғой. Каналымыз тазаланып қалды ғой. Осы дағдарыс баяғыда-ақ болуы керек еді» деп ризашылығын білдіріпті. Сөйтсе, ауылдағы канал 10-15 жылдан бері тазаланбаған екен. Соны тазалауға жайшылықта қол тимей, дағдарыста тазалауға көшкен. Шындығында ауыл дағдарысқа сонау 1991-ші жылдың өзінде кіріп кеткен ғой. Содан бері ауылдың бүйірі томпайыпты дегенді естігенім жоқ.
- Ауыл жылдары ше?
-«Ауыл жылдары» деп жарияланған кезде ауылдық клубтар, жолдың бойындағы дүкендер әктелді. Болды. Бар тірлік осымен тәмам. Қытайдағыдай, немесе Голландиядағыдай шаруаларға пайызсыз несие, қаржы беріп жатыр ма? Жоқ. Жанар-жағар майдың бағасы тура жер жыртатын, егін оратын кезде шарықтайды. Осыған жоғарыдағылар араласып, халыққа жәрдем тиіп жатыр ма? Жоқ. Меніңше, дағдарысты қатты сезініп жатқандар – сол жоғарыдағылар. Тендерді ұтатындар, үлкен-үлкен зауыттары бар, жан-жаққа елдің байлығын сатып, қалтасына миллиондаған доллар түсіргендер. Енді, қалтасындағы миллионы бес жүз мың болып қалған шығар. Соған қатты ауырып қалуы мүмкін. Ал, ауыл адамының несі кетіп бара жатыр? Зейнетақысын, мектептегі мұғалім айлығын алып отыр. Сол баяғы айлық. Жерін жыртады, егінін егеді, малын бағады, сүтін ішеді. 15 жылдан бері пәлендей өзгеріс болды деп айта алмаймын.
-Демек, кезекті қойылымдардың тақырыбын әлі анықтай алған жоқсыз ғой?
-Жатып алып, өз фантазияңмен құрастырғаннан түк те шықпайды. Сахнаға жақсы дүние шығару үшін халықтың арасында жүру керек. Өз көзіңмен көріп, етене араласқан соң барып тәуір тақырып табуың мүмкін. Мектепте бірге оқыған жолдастарым, таныстарым бар. Әңгімені менен де мықты айтады. Дастархан басында әңгіме айтқанда күлкіден түйіліп қаласың. Жалпы, олар мені күлдірсе, демек, көрермен де күледі деген сөз. Кейде армандаймын, «шіркін осы әңгімені дәл сол күйінде сахнаға шығарып жіберсең ғой» деп. Бірақ, әлгі әңгіме айтқан адамды театрға алып келсең аузына құм құйылғандай болады. Жақында өз ауылыма кетемін. Сонымен бірге Қызылордадағы Шиелінің, Балхаштағы Бақанастың жігіттері де шақырып жатыр. Елдің әңгімесін тыңдап, үш-төрт күн жүрген соң тақырып өзінен-өзі шыға береді.
- Жалпы, сізді қоғамдағы қандай мәселе толғандырып жүр?
- Адам қынжылатын мәселе – жаңа төлқұжатқа ұлтымызды жазбау қажет деген әңгіме шықты. Сол «ұлт» дегенді жазайық деп, үндеу шығарғанымыз масқара емес пе? Біз сонда немене, жерді біреуден тартып алдық па? Немесе, ағылшындар мен орыстар жаны ашып, осы жерді бізге бөліп берді ме? Неге өз елімізде, өз жерімізде тұрып талқыладық сол мәселені? Бұл деген ұят қой, адам жылайтын мәселе.
Одан кейін, біздің рәміздеріміз бар. Туымыз, гербіміз. Өте әдемі, тамаша! Бірақ, ақшамызға келсек ... теңгені көрген сайын жылаймын. Түсінбеймін мен. Ресей бізге «ақшаға неге орысша жазбадыңдар» деп өкпеледі ме? Оған дейін теңгенің екі бетінде де қазақша жазып жүргенде ол ақша өтіп жүрді ғой. Ешкім өкпелеген жоқ. Онда неге ағылшынша жазбадық? Халықаралық тіл екен. Төбесін ағылшынша, ортасын орысша, аяқ жағын қытайша жазып қояйық. Сосын майдалап ұйғырша, өзбекше жазып кете берейік. Осыларды неге түсінбейді жоғарыдағылар деп ойлаймын кейде.
Бірде теледидарда Молдавиядағы қазақтар туралы хабар беріп жатыр. Бір қазақ әпкеміз молдаванға тұрмысқа шығып кеткен екен. Өзі орысша орысша сөйлеп жатыр. Қазақша бір ауыз сөз білмейді. Бірақ, айтады: Молдавияда тұру үшін молдаван тілін білуің керек екен. Сонда ғана Молдавия елінің азаматтығын алады екенсің. Ұлттық саясатты тым құрығанда сол молдавандардан үйрене алмадық па? Ақыры еліктегіш халықпыз ғой!
Мына нәрсеге ішім күйді. Қытай, Ауғанстан, Түркиядан көшіп келген бауырларымыз орысша білмейді. Тек қазақша сөйлейді. Осының кесірінен анықтама, құжат жинау кезінде қатты қиналыпты. Сонда шенеуніктер ойланып-толғанып «оралмандарға орысша үйретпесек болмайды» деп шешіпті. Осыны естігенімде ішім күйі-іп кетті. Не деген масқара? Ал сол келген оралмандардың құжаттарын қабылдайтын бір топ адамдарды қазақша үйретсе не қылады екен? Оралмандар жыл сайын келеді. Сонда жыл сайын орысша үйретіп отырамыз ба? Осыған адамның іші күймей қайтеді? Парламенттегілер бұл мәселені талда-ап отыр. Ей, талдайтын нәрсе емес қой ол! Тіл мәселесі Парламент ауысқан сайын көтеріледі де, тығырыққа тіреліп жатады.
- Сіз неге депутаттыққа түспейсіз? Өз басым сізге дауыс берер едім.
- Маған ондай ұсыныстар түскен. Бірақ, мен ұяламын ол жерге баруға. ҰЯТ ол жерде.
- Несі ұят? Халық сайлап отыр ғой?
- Халық сайлағанымен не істеймін сонда, ұйықтап отыруым керек пе? Одан қайта сахнаға шығып, айтарымды айтсам, сол жақсы. Мысалы, осының алдындағы қойылымда қысқа етек киетін қыздарды сөз еттім. Ең соңында қысқарып-қысқарып, көйлегің жіп болады, одан соң ол да үзіледі деп айттым ғой, ә. Сол тәрбием дұрыс емес пе? Көптеген адам риза болды. Немесе «Ақ тырна» қойылымын қойып, жұртты қауіпті ағымдардан сақтағаным дұрыс.
"Рейтинг" газеті