Қазынаның қаржысы қайнап жатқан қара қазанды бүгінде өзгелер емес, қалтаға үңіліп, тіміскіленіп жүретін әкім-қаралар жиі төңіректейтін болды. Құдды бір қаспақ аңдыған бала секілді. «Аңдыған жау алмай қоймайды.» Бау-бақша өсірушілерді қолдау мақсатында мемлекеттен бөлінген субсидия қаржысының қызығын осы кезге дейін бағбандар емес сол шенділер көріп жүріпті. Кейбір қожалықтардың егістік жері болмаса да жалған құжат жасап, оңай олжаға кенелгенін осы кезге дейін ара-тұра сөз қылатын құқық қорғау органдары биліктегі ауыс-түйістен соң бәрін жайып салғанын газетіміздің өткен санында егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Соңғы тексеруде ауылшаруашылығын қолдау мақсатында облысқа бөлінген субсидияның Сарыағаш, Отырар, Ордабасы, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласында заңсыз жұмсалғаны белгілі болды. Желге ұшқан қаржы - 125 миллион теңге. Бір қызығы, қаржыны жымқырудың тәсілі барлық ауданда бірдей. Шаруашылықтар соқаның тісі тимеген жерлерге жүзім отырғызып, бау-бақша ектік деп жалған құжатпен қаржы алған. Олардың арасында жеміс көшеттерін көктемде көз ғып егіп, қазына қаржысын алған соң қараусыз тастап кеткендер де табылып жатыр. Ал субсидияның жұмсалуын қадағалау міндеті жүктелген әкімшілік жанындағы комиссия егілуі тиіс алқаптардың көлемі мен іс жүзінде атқарылған жұмыстың сәйкестігін тексермей-ақ мәліметтері расталмаған актіге қол қоюмен шектелген. Әрине, осының өзі олардың бір-бірімен жең ұшынан жалғасқанын айғақтай түссе керек.
«Көп асқанға бір тосқан». Тексеру қорытындысы бойынша Сарыағаш, Отырар, Түлкібас, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласы әкімдерінің орынбасарлары, ауылшарушалығы бөлімі басшылары және жер мамандарының бұл іске тікелей қатысы бар екені анықталып, түгелдей қызметтерінен босатылды. Жазадан аудан басшылары да құр қалған жоқ. Заң бұзушылыққа жол бергені үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы - Қалыбек Алдабергеновке, Сарыағаш ауданының әкімі - Ұласбек Сәдібековке, Түркістан қаласының әкімі - Бейбіт Сыздықовқа, Ордабасы ауданының әкімі - Сакен Қаныбековке, Отырар ауданының әкімі - Әлімжан Құртаевқа, Түлкібас ауданының әкімі - Ерғали Сармановқа тәртіптік шара ретінде «сөгіс» жарияланды. Енді осы заң бұзушылыққа қатысты істер нақтыланған соң олардың үстерінен қылмыстық іс те қозғалмақ. Ал талан-таражға түскен мемлекет қаржысы толығымен қазынаға кері қайтарылатын болады. Қалай десек те, қызметіне кірісе сала субсидияны үлестірудегі былықтар мен бақылаудың әлсіздігін айтып,оған кінәлілер аяусыз жазаланады деп жұртты сендірген әкім Асқар Мырзахметов айтқанында тұрды.
Әкімнің қатқыл сыны мен тегеурінді қимылы шаруалардың шаужайына жармасып, субсидияны талғажау етіп келгендердің әңкі-тәңкісін шығарды. Өзгесін былай қойғанда нешеме әкіммен дәм-тұзы жарасқан облыс әкімінің экс-бірінші орынбасары Ислам Әбішевтің аяқ астынан жалт бұрылып, Өскемен қаласы әкімінің орынтағынан табылуының астарында көп сыр бар секілді. Сірә, ауылшаруашылығын емін-еркін билеп төстеген Исекең субсидиядың соңы ініне су кетіретінін тез бағамдап үлгерсе керек. Өйткені қаржылық құйтырқының әдетте жоғарыдан бастау алатынын қарапайым жұрттың өзі жақсы біледі ғой. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?». Бірақ, субсидияға сұғанақтық жасағандардың барлығына бірдей Ислам Әлмаханұлы секілді жайлы орын бұйыра қоймас.
"Рейтинг" газеті