Мырзахметовті есіктен ендірмеудің астарында экология мәселесі ғана тұрған жоқ...

Screenshot_2.jpg

Күлбілтелемей бірден турасына көшейік, Қазақстанға келген шетелдік инвесторлардың  қазаққа, жергілікті халыққа жаны ашымайды. «Жұмыс орнын ашамыз, жергілікті халыққа жұмыс тауып береміз» деп есіктен енгенше емешегі үзіліп тұрады да, табалдырықтан бір аттаған соң «төр менікі» деп төбеңді тесіп жібереді. Олардың бар ойлағаны – Алла тағалам қазақ жеріне аямай жасыра салған қазба байлықтың бәрін тезірек тасып алу... «Бұлар етек-жеңін енді жинап жатқан ел, қораздануға қауқары жоқ» деп ойлай ма, шетелдік қожайындар қол астындағы жұмысшы қазақтардың жағдайын ойламақ түгілі, жергілікті билікті менсінбейтінді шығарды. Бір ғана Шымкенттегі «ПетроҚазақстан» компаниясы науқан басталғанда жергілікті диқандарды әбден әуре-сарсаңға салады. Олар ел Үкіметінің ауылшаруашылығына арнап жасаған бағдарламасына пысқырмайды да... Онсыз да алаған қолы береген емес «Петро» биыл да дизельді отынды қысып тастады. Жағар майдың аздығынан пайдаланған жанар май құю бекеттері күн өткен сайын оның бағасын шарықтатып барады. Бір жетіден бері Оңтүстіктің шаруалары жанар-жағар май құю бекеттерінен жер май таппай шарқ ұрып жүр.  Алайда дизель отынының тапшылығы мен оның бағасына қатысты «Петро Қазақстан» компаниясы әлі күнге ешқандай да түсінік бермеген. Осыдан-ақ кеше канадалықтар,бүгінде қытайлықтар қожайындық жасап отырған  «ПетроҚазақстанның» жергілікті билік түгілі, ел Үкіметін де менсінбей, қарсы мінез көрсете алатын «құдіреті» бар екенін байқайсыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын Атырауда жергілікті ұлт өкілдері мен шетелден келген жұмысшы түріктердің арасындағы жаппай төбелес, Ақтөбе зауыттары мен Қарағанды шахтасындағы жұмысшылардың жиі-жиі ереуілге шығуы, мына өзіміздің Шардара су қоймасындағы қытайлардың қазақтарға қыр көрсетуі... мұның бәрі шетелдіктердің қазақтарды, жергілікті жұмысшыларды кемсіту, қор санау, әлеуметтік теңсіздікке, сортқа бөлуінен басталғаны сөзсіз. 

Әрине, нарық заманында бірде-бір инвестор пайда болмаса, ешқандай тірлікке аттап баспайтыны белгілі. Бірақ пайдаға құнығып кеткен жерде жергілікті халықтың құқы бұзылатыны тағы бар. Шымкенттегі цемент зауытынан шу шыққанына біраз уақыт болды. Еліміздің экс-экология министрі Ғалым Оразбақов Шымкентке келген бір сапарында бұл зауыттың қожайыны Энтони Маклимен кездесіп, біраз мәселені төтесінен қойған-ды. Зауыттың 1 тонна цементі босату бағасы 8 200 теңге. Ал, зауыт ауласынан шықтың-ақ алыпсатарлар тоннасын 24-30 мың теңге аралығында ұсынып, алдыңды орап жүргізбейді. Үкіметке артық бағаға сатылған цементтен салық төленбейді. Сонда қыруар қаржы алыпсатарлардың өңешін толтыруда деген сөз. Ал, мұны зауыт басшылығы көрмей-білмей отырған жоқ, қайта жіпті қатты тартсаң, бұл сыбайластықтың бір ұшы осы зауыт басшылығына барып тірелетіні айдан анық. Сондай-ақ зауыттың шаң сүзгіш қондырғалары 1958 жылдан бері күрделі жөндеу көрмепті. Сондықтан зауыт қоршаған ортаны қатты ластап отыр. Әрине, зауыт қоршаған ортаға тигізген залалы үшін болмашы айыпұл төлепті, алайда, зауыт экологиясынан айықпас дертке шалдыққан адамдарды айыппұл ажалдан айырып қала алмайды ғой. Маклиге мәселені төтесінен қойған сол кездегі министр Ғалым Оразбақов бүгінде Түркіменстанда төтенше елші болып жүр. Цемент зауытының мәселесін газеттерге сұхбат берумен шешіп тастап, соңғы кездері бұл даудан бойын аулақ ұстай бастаған облыстың бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімов қызық болғанда тура сол экология министрінің портфелін ұстады. Бәлкім зауыттың табиғатқа тигізіп отырған зиянының шаш-етектен екенін, ең бастысы зауыттың тоқтамай жұмыс істеп, салық төлеуі емес, ел мен жердің амандығы, саулығы екенін экология министрі енді түсінетін шығар.

Жергілікті ел мен жердің тағдыры ойландырды ма, қайбір күні Оңтүстік Қазақстан облысының су жаңа әкімі Асқар Мырзахметов аяқ астынан нөкерлерімен Шымкент цемент зауытына сау ете қалды. Бұрын облыс басшысы келгенде кез-келген мекеменің тесігіне дейін есік болып, шалқасынан ашық тұрушы еді, бұл жолы цем. зауыттың есігінен ішке аттау бір арман болды. Амал жоқ облыстың бірінші басшысы мен журналистер қауымы зауыт басшысы келгенше аулада кідіре тұруға тура келді. 

Әлден уақыттан кейін Энтони Маклей де келді. «Мүмкін басшының рұқсатынсыз күзетшілер артық қимыл жасай алмаған болар» деген ой тағы да алдамшы болып шықты.  Шетелдік инвестордың айтуынша зауыт ғимаратына кіру үшін ең болмағанда басқа каска кию керек екен. Ал оған арнайы киімдер дайын емес. Сөйтіп амал жоқ, Асқар Мырзахметов пен Энтони Маклейдің арасындағы әңгіме кабинетте емес, кіре берісте өрбіді. Келісім бойынша бұл кәсіпорын сәуір айына дейін зиянды қалдықтарды ауаға жібермейтін сүзгілер орнатып, халықаралық экологиялық стандарттарға өтуі тиіс болатын. Бұл бірнеше жылдардан бері айтылып келе жатқан әңгіме. Алайда, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды тазартатын қондырғылар әліге дейін орнатылмаған. Ал кәсіпорынның ауаға тастап жатқан зиянды қалдықтары  2 мың тоннадан асады. 

- Сіз шетел азаматысыз, Еуропа елдерінде экологияға мұншалықты зиян келтіретін зауыттарға бір күн де жұмыс істетпейтінін жақсы білесіз. Біз жұмыс орындарын сақтап қалу үшін мұндай қадамға бармай отырмыз, - деді Асқар Исабекұлы. Энтони Маклей болса асып-саспастан шетелден алдыртқан арнайы қондырғылардың жарты жолда қолды болып кеткенін айтты. Мұның қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін кім білсін, әйтеуір кәсіпорын тарапынан экологиялық бағдарламаға деп жоспарланған 1 миллиард 300 мың теңгенің небәрі 30 пайызын ғана игеріліпті. Оған қоса зауыт басшылығы жыл басында облыстық әкімшілікпен жасалған меморандум талаптарын да бұза бастады. Меморандумда жұмысшыларды қысқартпауға келісілгенімен, бүгінге дейін зауыттағы 40-қа жуық жұмысшы жұмыссыздар қатарын толықтырыпты. Қысқарту мұнымен тоқтамауы да мүмкін. 

Әрине, облыс басшысының өз аумағындағы кәсіпорынға кіре алмай , есігінен сығалап қана қайтқаны жақсылық емес. Әрі бұл күлетін де жағдай емес. Осыдан-ақ шетел инвесторларының әбден тайраңдап, төбемізге шығып алғанын байқауға болады. Бірақ осыған кім кінәлі? Ел үкіметі, облыс басшылығы және өзіміз... Басқа ешкім емес. Инвесторларды иір қамшымен иіріп тастаудың орнына біздің билік оларға тым жалпақшешейлік танытады. Рас, талап бар, бірақ соны қатаң қадағалау жоқ. Сондай-ақ «осы зауыттың түтіні бізді тұншықтырып барады» деп ышқынып, биліктің жағасынан алып жатқан елді көрдіңіз бе? Әлде цемент зауытындағы сорақылықтарды айтып, билікке шағынған жұмысшыны көрдіңіз бе? Бұлар бәрін байлап-матап тастаған ғой.

Біздіңше Энтони Макли облыс әкімін есіктен ендірмеу арқылы экология мәселесінің кемшіліктерін ғана жасырып қалған жоқ, жұмысшылардың еңбек тәртібінің бұзылуы, жергілікті халықты құлша жұмсау, олардың құқықтарының аяқ асты болуы мәселелерін де бүркемелеп қалды. Әйтпесе, Макли кабинетінде каска киіп отырып, жұмыс істемейтін шығар. Әлде, келген қонақтарды кабинетіне немесе кең залға шақырып сөйлессе, біреуінің басына кірпіш түсіп кете ме? Қалай айтсақ та, цемент зауытының жұмбағы көп болып тұр. Асқар Мырзахметов сол жұмбақты шеше ала ма, жоқ па? 

Ғалымжан Елшібай,

«Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: