Шынында Жамбыл облысының әкімшілігі «кризиспен» қалай күресіп жатыр? Бюджеттің бүйірінен қысып, 220 миллион теңгені шегеріп тастады. Бұдан былай мемлекеттік мекемелерді материалдық-техникалық жағынан жабдықтау, жергілікті әкімшіліктердің көлік шығындары, жанармай сатып алу мәселесі, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарына баяғыдай көл-көсір қаржы бөлінбейтін болды. Тіпті облыс әкімі Бөрібай Жексембин мемлекеттік қызметкерлерге шетелге беталды іссапарларға шыға беруге тиым салып тастады. Бәрі дұрыс қой... Әйтсе де Жамбыл облысының әкімшілігі «кризиспен» күресу үшін алдымен астындағы аттарын сайлап алғаны қызық болды. Жаңа жылдың алдында облыстық әкімшілік бес бірдей «Лексус» көлігін сатып алыпты. Оның біреуі «Джип» көлігі, құдай қаласа оны облыс әкімі тақымына баспақ. Қалғандарының қызығын әкімнің орынбасарлары көреді.
Сөйтіп, Әулиеатаның әкімдері әлемдік қаржы дағдарысымен «серьезный» түрде айналыспақ. Енді қысылтаяң сәтте ары-бері шапқылау қажет, бар деген жерге ертерек барып, «кризистің» жүретін жолын қалтарыстан күтіп жатуы керек. Ал, оған мықты, лезде жетіп баратын, қаша қалса «кризисті» қуып жүріп ұстап алып, көкесін көзіне көрсететін ұшқыр көлік қажет. Әйтпесе, жақында ғана алынған су жаңа «Тойотамен» жетемін дегенше той тарқап, «кризис» бәрін ішіп-жеп кетуі мүмкін ғой.
Жалпы жамбылдық шенеуніктердің қымбат көлік алуға сұмдық құштар екені бұған дейін де айтылған. 2008 жылдың жазында Жамбыл облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бастығы, облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі Кендебай шүйкебаев мырза бұл мәселені жергілікті газеттерде көтерді де... Онда былай деп жазылыпты: «...мысалы, 2007 жылы облыстық білім беру департаментінде құны 4,0 миллион теңге тұратын «Тойота камри» автокөлігі сатып алынған. Бұл қаражатқа кішігірім бала-бақшаны бір жыл бойы қаржыландырып тұруға немесе мекемелерге қажетті бірнеше автокөлікті, құрал-жабдықтарды сатып алуға болар еді. Сол сияқты осындай қымбат автокөлік облыстық мәдениет (4,48 миллион теңге) пен дене тәрбиесі және спорт (4,35 миллион теңге) басқармаларында да сатып алынған. Оларды сатып алуға кеткен бюджет қаражаттарына облысымыздағы кітапханалар мен спорт мектептерінің жағдайын жақсартуға, маңызы бар игі шаралар өткізуге немесе қажеттілігі кезек күттірмейтін кітаптар мен құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсап, бюджет қаражаттарының тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді.
Жалпы дотацияда отырған облыста аудан әкімдерінің шетелдің қымбат автокөліктерін сатып алу қалыпты жағдайға айналған. Кейде ауылдық округтердің аппаратына да осындай автокөлік сатып алу фактілері кездеседі. Мысалы, Меркі ауданының Рысқұлов ауылдық округінің аппаратына 2005 жылдың тамыз айында «Тойота камри – 2,4 АТ» (2004 жылы шығарылған) автокөлігі 5,3 миллион теңгеге сатып алынған. Бірақ бұл автокөлік Меркі ауданы әкімінің 2005 жылдың 26 тамызындағы №247 өкімімен Меркі ауданы әкімдігі аппаратының балансына алынған. Қордай, Меркі, Мойынқұм аудандары әкімдерінде екі-екіден «Тойота камри» және «Тойота Ланд крузер – 100» автокөліктері бар. Қымбат шетелдің автокөліктерін сатып алу қандай қажеттіліктен туындағаны және олардың мәслихаттың шешімімен қолдау тапқаны түсініксіз жағдай»
Шынында қазір Жамбылдағы аудан, қала әкімдерінің көбінде екі-екіденқызметтік көліктері бар. Олардың кейбірінің құны 100 мың АҚШ долларына жуықтайды. Шетелден, сонау АрабЭмираттарынан арнайы тапсырыспен алдырғандары да бар. Облыстық әкімшілікке алынған бес «Лексустың» да бүйіріндегі бағаларын көрсеңіз, қаптаған сандардан көзіңіз шатасады. Арнайы мамандармен сөйлесіп көріп едік, бір «Лексустың» құны 18 миллион теңге тұратын көрінеді. Ал, енді өзіңіз ойлаңызшы, осыншама қаржыға қаншама тірлікті тындыруға болар еді. Бір ғана Тараз қаласында бала-бақша жетіспегендіктен бүгінде 7 мыңға жуық бүлдіршіннің кезекте тұрғаны облыс басшыларын ойландырмағаны ма? Ал, бала-бақшасы, тіпті ауыра қалса дәрі егетін фельдшерлік пункттері жоқауылдар қаншама? Таза суға зар болып, сапасыз судан жаз бойы сары аурудан көз ашпаған елдімекендер де жетерлік.
Әрине, облыстың соңғы жылдары жеткен жетістігін ешкім жоққа шығармайды. Тек «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіредінің» керін келтірмей, сын сәтте әкімдердің де елмен бірге белі бүгіліп, бірге мұңайып, бірге қуана білгінге не жетсін?!.
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облысы