ОҚМПИ (ОҚМПУ) - іргелі оқу орны

Screenshot_3.jpg

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік Педагогикалық институтының 75 жылдығына орай өткен  дөңгелек үстел басындағы жиында  осы өзекті тақырып әңгіме болды

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының осы аптада аталып өтетін 75 жылдығына орай қарашаңырақ атанған оқу орнының өзіндегі дөңгелек үстел басына мектеп директорлары, білім мекемелерінің басшылары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамы жиналып, «Жаңа дәуір педагогтарын дайындау мәселелері: жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен байланысы» атты тақырыпта қызу пікірталас өткізді. Жиында ашқан оқу орнының іскер басшысы, абыройлы азамат Оңалбай Аяшев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, республика ұстаздарының тамыз кеңесінде  берген тапсырмасы бойынша педагог мәртебесін түбегейлі көтеру, қазіргі білім-ғылыммен қаруланған және еліміздің инновациялық дамуына үлес қосуына қабілетті педагогтардың жаңа формациясының қалыптасуы жөнінде көшелі әңгіме қозғады.

Дөңгелек үстел басына жиналған қонақтар бүгінгі білім беру саласындағы шешілмеген мәселелер жөнінде қандай ой-пікір қозғады? Назарларыңызға солардың бірсыпырасын ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Дінислам Болатханұлы, ОҚМПИ оқу ісі жөніндегі  проректоры:

--Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің өндіріске аз баруы—бұл бүгінде үлкен проблема.  Жоғары оқу орындары педагогикалық жаңалықтардан бейхабар қалуда. Сондықтан да мұғалімдерді даярлайтын оқу орындарын жұмыс беруші—мектептермен арадағы байланысын тереңдету қажет. Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде мұғалімдерді қайта даярлауға, әлемнің үздік тәжірибелерімен алмасуға көңіл бөлінуде.

Педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарында қазір үздіксіз практика деген ұғым пайда болды-- түске дейін теория, түстен кейін практика. Яғни, студент түске дейін инститтута білім алса, түстен кейін мектептерде шеберлігін шыңдайды.

Ұстаз даярлаудағы тағы бір проблема—педагогикалық мамандықтарға мектепті үздік бітірген талапкерлер келе бермейді. Бұл жерде ұстаз мамандығының абыройын көтеру қажеттілігі бар. Осыған орай, институт ректоры Оңалбай Аяшевтің бастамасымен студенттеріміз облыстағы ең үздік деген мектептерде іс-тәжірибеден өтуде. Шеберлігі жоғары ұстаздардың тәжірибесін көрген жас мамандар өз кәсіптеріне деген қызығушылығы қалыптасады. Олар мұғалімнің қоғамдағы ең абыройлы әрі табысты мамандық екеніне көз жеткізеді. Осыған байланысты оқу жоспарларымыз да қайта қаралып жатыр.

Ардақ Рысбекова, Шымкенттегі  «Арман» гимназиясының директоры:

--Үздіксіз практика—бұл жақсы бастама. Болашақ ұстаз—бүгінгі студент қашанда өз саласында табысқа жеткен мамандарға қарап бой түзейді. «Арман» гимназиясында облыстағы ең білікті ұстаздар сабақ береді. Мұны мақтанышпен айта аламын. Ұстаздар 300 мың теңгеге дейін жалақы алады. Ең төменгісінің өзі—90 мың теңге. Студенттер осындай білікті және жоғары жалақы алатын ұстаздардың қасында жүріп, кәсіптің шеберлігі жоғары болса, сұранысқа ие болатынын және жоғары жалақымен қамтамасыз етілетін түсінеді. Институтты бітірген соң мектепке барамын, қанша ізденсем де азын-аулық еңбекақымен шектелемін деген ойдан аулақ болар еді.       

Рас, мектеп мұғалімінің мойынында ауыртпалық, жауапкершілік көп. Бірақ ата-ана бауыр еті баласының білімін, тәрбиесін аманат етіп тапсырған соң сол үдеден шыға білуіміз керек. Елбасының өзі айтқандай, еліміздің болашақ ұрпағын ақылды да, білім етіп тәрбиелеу біздің парызымыз.

Screenshot_4.jpg

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы:

--Қазір мектептерде шәкірттер бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін өтеді. 12 жылық білім беру жүйесіне көшкен соң пән сағаттары қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жүргізілмек. Яғни, бала бірінші сыныптан бастап әр пән бойынша терминологияларды меңгерсе, 5 сыныптан бастап сабақтар ағылшын тілінде де өтеді.  Оның бастамасы бар. Бірақ нақты бір жүйесі жоқ. Әр мектеп өз алдына бағдарлама құрып алған. Осы мәселеге орай, жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы, ғалымдар мектептерге арнап үш тілде оқытудың әдістемесін жасап берсе деген өтінішіміз бар.

Екінші мәселе, мектептерге қазір логопед кабинеттеріне жабдықтар алынып жатыр. Әлеуметтік психолог, дефектолог мамандарына деген сұраныс жоғары. Сондықтан осындай мамандарды даярлауға баса назар аударсаңыздар деген ұсынымыз бар.

Мұхтар Ақтаев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ның  Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары:

--Білімнің негізі бастауышта қалыптасады. Облыста тек бастауыш білім беретін шағын жинақты мектептер көп. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен соң, мектептерге қойылатын талап басқаша болады. Жоғарыда айтқандай, білім беру үш тілде жүргізіледі.  Шағын жинақы мектептерде бала ағалшын тілін жақсы меңгермесе, ертең басқа мектепке барған кезде қиналып қалады. Сондықтан бастауыш мектептің ұстаздарын даярлауда олардың ағылшын тілін терең меңгеруіне көбірек мән беру қажет.

Облыста ұстаздардың жаңа әдістемелерін, ұсыныс-пікірлерін жинақтап, үздік тәжірибелерді тарататын «Дарын» орталығын ашу қажет. Мұндай орталықтар бізден халқы аз Қызылорда, Қарағанды облыстарында бар. Бізде неге жоқ? Кезінде «Дарын» кабинеті бар еді, ол да жабылып қалды. Осы мәселені министрліктің алдына қою керек.

Анара Досбенбетова, ОҚМПИ-дің ұстазы, профессор:

--Тәрбие мәселесі көлеңкеде қалып жатыр. Жасыратыны жоқ, ай сайын жасөспірімдер арасында 5-6 қылмыс орын алады. Кәмелетке толмағандар арасындағы заңбұзушылықпен үнемі бетпе-бет қалып жатырмыз. Сондықтан мектепте тәрбие жөнінде арнайы пән енгізілуі керек. Тәрбие сағаттарының нақты бір іс-жоспары қажет. Ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты жақсартқан жөн. Өйткені бәріміздің де илегеніміз бір терінің пұшпағы емес пе?

Дөңгелек үстел басындағы  жиынның қорытындысы бойынша бірнеше ұсыныстар қабылданды. Атап айтар болсақ: 12 жылдық білім беруге өту кезінде мектеп оқушысының жеке тұлғасын қалыптастыру міндеттерін шешуге қабілетті мұғалімдерді кәсіби-педагогикалық даярлау жүйесін жетілдіру, кафедраларда барлық оқу пәндері бойынша бейне лекция және мультмедиялық материалдар мен электрондық қорын жасау, жұмыс берушілердің талаптарына және білім беру нарығындағы бәсекелесттікке сәйкес болашақ мұғалімдердің кәсіби дайындығын жетілдіру мақсатында оқу, ғылыми-педагогикалық кешендердің жұмысын қайта жаңғырту. Сонымен бірге жиынға қатысушылар мектеп бағдарламасына психология пәнін енгізу қажет деген шешімге келді. ОҚМПИ оқытушы-профессорлар құрамына мектеп мұғалімдерімен бірігіп психология пәнінің оқу бағдарламасын дайындау ұсынылды.

Мұрағаттан, 17.10.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Оңалбай Аяшев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
  • Тұрдалы Сәуірбеков: «Нан бағасы бензин бағасымен теңестірілсе ауыл шаруашылығы гүлденеді»
  • Мәдениет және спорт министрі Түркістандағы тарихи орындарды аралады
  • Екпе – ағзаңыздың қорғаны!
  • Түркістан облысында басқарма басшысы тағайындалды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: