ХҚТУ - өзін мойындатқан оқу орны

Screenshot_9.jpg

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті еліміздегі беделді деген оқу ордаларының бірі. Университет Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей ұйытқы болуымен 1991 жылы алғашында Түркістан мемлекеттік университеті болып ашылды. Араға бір жыл салып, Қазақстан мен Түркия мемлекеттері үкіметтерінің екі жақты келісімімен оқу орнына «Халықаралық университет» мәртебесі берілді. 

          Университет - Қазақстандағы  ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны және түркі тілдес мемлекеттер арасында халықарлық мәртебеге ие болған жалғыз білім ошағы. Бүгінде бұл білім ордасы заманауи талаптарға толық жауап бере алатын білікті де, білімді шәкірттер тәрбиелеумен ерекшеленіп келеді. Студенттерінің саны бойынша елдегі ең ірі жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарынан табылатын университетте елге кеңінен танымал ғалымдар дәріс береді. Олардың ішінде 50-ден астам шет мемлекеттерден келген оқытушы-профессорлар,  40-тан астам «ЖОО үздік оқытушысы» мемлкеттік грантының иегерлері бар. Бұл білікті пофессор-оқытушылар құрамы студенттерге 57 мамандық бойынша дәріс береді. Түлектердің төрт тілді - қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеріп шығуының өзі үлкен жетістік саналады.

           Университетте 1991 жылдан бастап жыл сайын қазақстандық білімді және талантты жастарға Түркия тарапынан білім алуға квота бөлініп келеді. Шәкірттер аса маңызды саналатын медицина саласы бойынша Еуропа стандартына сәйкес дайындалады. Осы мақсатта Түркияның жетекші оқу орындарының бірі – Хажеттепе университетімен келісім-шарт жасалған. Медицина факультетінің 4-курс студенттері осы оқу орнында бір семестр бойы ағылшын және түрік тілінде білім алады. 

Үздік бітіруші түлектер жыл сайын Түркияның жетекші университеттеріне магистратура мен докторантураға оқуға жіберіледі. Осы сатылардан өткен түлектер бүгінде Қазақстан Республикасында ғана емес  Түркияда, ТМД және Еуропаның бірнеше елдерінде жемісті еңбек етіп жүр. Бұл биіктерді бағындыруда университет президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесбек Тәшімовтың сіңіріп келе жатқан еңбегі орасан. 

     Бүгінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 29 түркі елінен келген студенттерді қосқанда 11 мыңнан аса шәкірт дәріс алады. 2012-2013 оқу жылынан бастап жалпы ауданы сәйкесінше 24827, 8556 және 4200 шаршы метр болатын 1850 студентке арналған жаңа оқу ғимараты, 500 орындық жатақхана қолданысқа беріледі. Қосымша  400 000 кітап қорына арналған орталық  кітапхана құрылысы басталады. Құны 40 миллион АҚШ доллары тұратын жаңа медициналық жабдықтармен жабдықталған, аумағы 13 мың шаршы метрді құрайтын 120 орындық жаңа клиника жұмыс жасауда. Клиника науқастарды емдеуде, диагностикалауда және студенттердің оқу үдерісіне қажетті болып табылатын шет мемлекеттерден арнайы алынған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.  Университетіміздің клиника-диагностикалық орталығының ашылуы Түркістан мен Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарына сапалы қызмет көрсетумен қатар, медицина факультеті студенттерінің  біліктілігін жетілдіруде маңызы үлкен. Заманауи білім беру үшін әр салаға қатысты кітаптардың жеткілікті болуы шарт. Университет кітапханасының негізгі қоры 2 миллионға жуық кітапты құрайды және жыл сайын 50 мыңнан астам жаңа кітаптармен толығып отырады. Білім алуға қажетті ақпараттар қоры орталық кітапханада шоғырланған. 

         Университеттің материалдық-техникалық базасы халықаралық стандартқа толықтай сай екені оқу орнымыздың тағы бір артықшылығын айғақтайды. Барлық оқу жүйесі мен ғылыми зертханалар жаңа техникалармен, интернет жүйесіне үлкен жылдамдықпен қосыла алатын дербес компьютерлермен, интерактивті тақталармен жабдықталған. Оқу барысында спутниктік байланыс мүмкіндіктері кеңінен қолданылады. Ғылыми зерттеулер мен ізденістерді жүйелі түрде жүргізу мақсатында Түркістан қаласында университет тарапынан қаржыландыратын Ғылым орталығы құрылған. Құрамында «Түркология», «Экология» ғылыми-зерттеу институттары мен «Археология» ғылыми-зерттеу орталығы бар.

          Университет қалашығы 300 гектар аумақты алып жатыр. Оның 100 гектары ЮНЕСКО-ның халықаралық сыйлығына ие болған ботаникалық баққа бөлінген. Бұл бақ биология мамандығында оқитындар үшін таптырмас тәжірибе алаңы болып табылады. Бұдан басқа 21 гектар аумақта профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғын үй кешені, 120 гектар  аумақта халықаралық стандартқа сай оқу ғимараттары, спорт кешені және басқа да оқу ғимараттар орналасқан. Оқу ғимараттарының жалпы ауданы 240 000 шаршы метрді құрайды. Облыс, тіпті, республика көлеміндегі оқу ордалары дәл біздің оқу орнындағы секілді заманауи талаптарға сай келетін жаңа, әрі ірі көлемді оқу ғимараттарымен мақтана алмайды. Үздік сәулеткерлік шеберлікпен салынған ғимараттар мен  оқу корпустары университет беделінің айқын көрінісі. Сонымен қатар қалашық аумағында елдегі ең көрікті ғимараттардың бірінен саналатын 1300 орындық жатақхана, сауықтыру орталығы, 400 орындық студенттер асханасы, 800 орындық  Мәдениет орталығы, «Тұран» қонақ үйі мен 84 орындық еуропалық үлгідегі үш жұлдызды «Яссы» қонақ үйі бар.

         Университетте тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған. Тәрбие орталығы, Жастар комитеті, Студенттік ректорат, Жатақхана дирекциясы, Спорттық клуб, Студенттер альянсы, «Тұран» диаспора орталығы, Продюсерлік орталық, Студенттік клубтар жастардың жан-жақты дамуына жәрдем береді. Бұдан басқа 29 үйірме мен бірлестік, 9 спорттық секция шәкірттердің игілігі үшін қызмет көрсетеді.

        Университет басшылығы студенттердің спортпен белсенді шұғылдануына көп көңіл бөледі. Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов пен күміс медаль иегері Мұхтархан Ділдәбековтер – оқу орнымыздың мақтанышы. Сонымен қатар 3 шәкірт әлем чемпионы, 5-і Сидней Олимпиадасының қатысушысы, 2 спортшы самбо күресінен қола жүлдегер, 4 боксшы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Қыздар баскетбол командасы ел біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы атанған. Ал әлем көз тігіп отырған Лондондағы Олимпиадаға оқу орнымыздың 5 бірдей түлегі ел намысын қорғау үшін аттанып кетті.  

      Университет дарынды әнші, күйші шәкірттерден де кенде емес. Ән әлемінде өзіндік орны бар, «Азия дауысы» халықаралық ән фестивалінің жүлдегері Алтынай Жорабаева мен түрлі ән байқауларының жеңімпаздары Нұрғали Тұрлыбеков, Молдияр Ергебеков, Әлден Жақсыбеков, Нұржан Қалжан, «Ұлан» тобы, «Дарын» квартеті, «Бисұлтан» би тобы осы оқу орнында оқып жүріп, өнер көгіне қанат қаққан. Сол секілді азулы ақындар - Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Ақмарал Леубаева, Анар Жаппарқұловалар университеттің мақтаныштары. 29 ұлт пен ұлыс өкілдерінен құрылған  «Достық» ән-би композициясы – тәй-тәй басқаннан бері республиканың түкпір-түкпірінде, көптеген шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, көрермендер көзайымына айналып жүр. Қорыта айтқанда, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері өздерінің біліктілігімен, дарындылығымен, ғылыми және шығармашылық жетістіктерімен талайларды таң қалдырып жүр. Таңқалдыра да бермек. 

М.С.Жүнісов,

А.Ясауи атындағы ХҚТУ жауапты хатшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент

Мұрағаттан, 02.08.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Оңалбай Аяшев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
  • Тұрдалы Сәуірбеков: «Нан бағасы бензин бағасымен теңестірілсе ауыл шаруашылығы гүлденеді»
  • Мәдениет және спорт министрі Түркістандағы тарихи орындарды аралады
  • Екпе – ағзаңыздың қорғаны!
  • Түркістан облысында басқарма басшысы тағайындалды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: