Кәрім Мәсімовтің әкесі мәселені шиеленістіріп тұр

7b8235092054c5a52c0884f6c7b17d79-small.jpg

Мына ұқсастықты қарасаңызшы... Дәл қазір еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен оның әкесі Қажымхан Мәсімовтің басындағы дау бір-біріне өте ұқсас. 

Алдымен кіші Мәсімов туралы... Көзі қарақты оқырман Астанада бір топ үлескерлердің еліміздің премьер-министрі Кәрім Мәсімовті сотқа бергенінен әрине, хабардар. Бұл жәйтті тарқатып айтар болсақ, «ешқандай әрекет жасамады» деген айыппен «Лайықты баспана үшін» қозғалысының мүшелері Мәсімовтің үстінен Астанадағы Алматы аудандық сотына шағым түсірген болатын. Бұған дейін бұл қозғалыстың мүшелері үкімет үйінің алдында наразылық акциясын өткізіп, премьер-министр К. Мәсімовке үндеу хат жолдаған еді. Онда олар өздерінің мәселесін Үкімет қалай шешіп бере алатынын нақты ұсыныстармен көрсеткен болатын. Алайда, олардың сол ұсыныстарын Үкіметтің қаперге алғаны былай тұрсын, борышкерлердің хаттарына уақытында жауап  та бермепті. 

Әрине, баспаналы болу әр адамның арманы. Өмір бойы тірнектеп жинаған ақшасын баспана алуға жұмсап, ақырында ақшаға да, баспанаға да қолы жетпей, сандалып қалған жұрттың ашынысын әбден, түсінуге болады. Соңғы кездері үлескерлердің дауын мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өзі де үлкен жиындарда айтып қалып жүр. Бірақ әзірге бұл дау шешімін таппай, қатты ширығып тұрған жәйі бар. Мәсімов тарапынан мәселені шешуге деген ешқандай да ынта-ықылас жоғын байқаған үлескерлер амал жоқ, Үкімет басшысын сотқа сүйреуде. Әрине, қат-қабат жұмыс болған соң мұндай жәйттер кездесе береді десек те, үлескерлер де осы елдің азаматтары, осы елдің тұрғындары. Кез-келген шенеунік осы елден жиналған салықтың арқасында күн көріп отыр. Ендеше елдің нанын жеуге бар да, елдің қамын жеуден неге қашады? 

Енді үлкен Мәсімов туралы айтсақ... Премьер-министрдің әкесі Қажымхан Мәсімов басқаратын «HAS-ER KZ» құрылыс компаниясы Шымкент қаласының іргесінен «Ақсарай» деп аталатын үлкен базар құрылысын қолға алады. Базардың құрылысын жүргізуге біраз адамдар үлескер ретінде қаржы қосады. Әрине, бұл жерде бұл құрылыс компаниясының  қожайыны премьер-министрдің әкесі екені, Астанада қолдаушысы бар екені үлескерлердің сенімін күшейте түскені анық. Алайда, премьер түгілі, миллиардердің әкесі болсаң да, елдің сенімінен шығу түк емес екен. Үлескерлермен жасалған келісім-шарт бойынша базар құрылысы 2008 жылдың қаңтар айының соңында аяқталып, жұмысын бастауы қажет еді. Бірақ әлі күнге бұл базардың жұмысы түгілі, құрылысы да басталған жоқ. Тек базар соғылатын жерге біршама топырақ төселіп, көз бояушылық әрекеттер жасалғаны болмаса... Тағы да жергілікті телеарна арқылы күн сайын аты бар да заты жоқ базарды жарнама жасап, жұртты алдағанын қайда қоямыз? Жергілікті газеттердің біріне сұхбат берген «HAS-ER KZ» құрылыс компаниясының директоры Қажымхан Мәсімов базар құрылысының кешеуілдеуіне Шымкент қалалық әкімдігі кінәлі деп көрсетіпті. Сіз осыған сенесіз бе? Шенеуніктердің қарапайым халықты бір құжат үшін сенделтіп, бордай тоздырып жіберетінін білеміз. Ал, жоғарыдан жарлық келсе құрақ ұшып, табандарынан тік тұрып қызмет ететінін тағы білеміз. Премьер-министр К. Мәсімов Шымкентке келген сапарында қала әкімі Арман Жетпісбаев оның алдында құрақ ұшып, зыр жүгіріп жүргенін талай көргенбіз. Енді қала әкімі оның әкесіне келгенде неге шеке басы тырысып қалды? Осылай болуы мүмкін бе? 

Біз мән-жайды білмек болып Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың өзіне жолыққанбыз. Ол бұл мәселе туралы өзінің құрылыс жөніндегі орынбасары Ерғали Білісбековтен сұрау керек екенін айтып, бұл жөнінде оған ескертіп қоятынын жеткізді. Білісбеков мырза біресе жиналыста, біресе іссапарда жүріп, әйтеуір зорға дегенде жолықтық. «Арман Жетпісбаев маған бұл туралы ештеңе айтқан жоқ. Жалпы бұл базар мәселесінде заңсыздықтар өте көп. Базар басшыларына бірқатар талаптар қойғанымыз рас... Бірақ мен бұл мәселе туралы Жетпісбаевтың өзімен ақылдасайын. Сосын хабарласармыз...» деп Білісбеков мырза неге екенін қайдам, білгенін жасырып қалды. Содан бері қаншама күндер өтті. Ешқандай хабар болған жоқ. Әйтсе де «қалалық әкімшілік Мәсімовтің мәселесін толығырақ айтуға жүректері шыдамады ма?» деген ой қалғаны рас. Әлде олар бұл мәселеге немқұрайлы қарай ма? Қалай айтсақ та, «Ақсарай» базарының құрылысы аяқталмай, екі ортада үлескерлердің сандалып қалған жайы бар. Соңғы кездері олар базардың соғылатынына күмән келтіріп, ақшаларын қайтарып алуға әрекет жасап жатыр. Бірақ бұл әрекет әзірге еш нәтиже бермей тұр. 

Жалпы алғанда базардың құрылысына 27 адам қаржы қосып, бас-аяғы 32 912 442 теңгені құрапты. «Компанияның қаржы жөніндегі директоры С. Маханбетова деген үш айдан бері «ертең келмен» шаршатып бітті. Мұндағы үлескерлердің көбісі қарт адамдар, емізулі баласы бар аналар... Олар осы ақшаны тірнектеп жинады ғой. Қажымхан Мәсімов өз баласының қызметін асыра пайдаланып, біздерге «қайда барса онда барсын» дегені ме? Біз бұл ақшаны несиеге алып отырмыз. Кейбір отбасылар сол ақшаларды банкке қайтара алмай, кепілге қойған дүниесінен айрылып отыр» дейді барар жер басар тауы қалмай баспасөзден  көмек күткен олар. 

Осылайша әкелі-балалы Мәсімовтер елді шулатып отыр. Күні кеше ғана Елбасы мемлекеттік қызметшіге қойылатын 8 талапты қадап айтып, соның ішінде «Кез-келген қызметте, кез-келген лауазымда өз еліңнің азаматтарының, халықтың сенімін жоғалпайтындай жұмыс істеуің қажет» деген еді. Халықтың сенімінен ақтаудан артық ешқандай абырой да, бедел де жоқ екенін әкелі-балалы Мәсімовтердің түсінетін кез бола ма екен, сірә?!.

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Оңалбай Аяшев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
  • Тұрдалы Сәуірбеков: «Нан бағасы бензин бағасымен теңестірілсе ауыл шаруашылығы гүлденеді»
  • Мәдениет және спорт министрі Түркістандағы тарихи орындарды аралады
  • Екпе – ағзаңыздың қорғаны!
  • Түркістан облысында басқарма басшысы тағайындалды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: