БЕСАСПАП
Билік басындағы ауыс-түйістер саяси болжам жасағыш талай сарапшының сөзін жоққа шығарды. Мемлекет басшысы өзінің мықты тактик, саяси ойындардың шебері екенін тағы да дәлелдеп, күтпеген қадамдар жасады.
Саяси тағайындаулардың арасында ел-жұрттың ерекше назарын аударғаны – үлкен аренаға Бауыржан Байбектің шығуы болды. Оның «Нұр Отан» саяси партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуы кездейсоқтық емес. Шыны керек, Бауыржан Байбек биліктегі жаңа есімдердің бірі. Әсіресе, соңғы бір-екі жылда бірқатар мәлімдеме жасап, көпшілікке таныла бастаған. Биыл 39-ға толатын Бауыржан қысқа мерзім ішінде бас айналарлықтай биікке көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, бұл үлкен саяси карьераның бастауы ғана. Бізге мәлім оның бір ғана осал тұсы, ол өңірлерде, ауыл –аймақтарда жұртпен тығыз араласып жұмыс істеп шыңдалмаған адам. Білім-білігі қанаша асып тұрғанымен өңірдегі өмірдің қазанында қайнамай-ақ билікте жеделдетіп өсуді жетістік деуден көрі кемшілік деген келіңкірейтіні анық. Сонымен Бауыржан Байбек кім?
Бауыржан Байбектей «жеті қырлы, бір сырлы», нағыз бесаспап саясаткерді таба алмассыз. Неге дейсіз бе? Айтайық.
Біріншіден, ол кәсіпқой музыкант. Әуелі Алматыдағы К.Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінің фортепиано сыныбы бойынша тәлім алды. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропадағы ең беделді өнер ордаларының бірі, Германияның Любек қаласындағы музыкалық жоғары мектепті бітірді. Он саусағынан өнер тамған Б.Байбек дәстүрлі қазақ әндері мен классикалық музыкамен қатар джазды қатты ұнатады. Әсіресе неміс және ағылшын тілдерінде ән айтқаны жақсы көреді.
Екіншіден, ол кәсіпқой спортшы. Бауыржан қолынан фортепианода ойнау ғана келетін нәзік жан деп есептесеңіз қаттты қателесесіз. Кезінде шығыс жекпе-жек түрі каратэмен шұғылданып, Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған, талай халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Қиындықтарға қарамай алдына қойған мақсатына жету, белгіленген тәртіппен өмір сүру - спортшыларға тән қасиет. Суда балықша жүзеді, атқа мінуге құмар.
Үшіншіден, ол кәсіби дипломат. 1999-2002 жылдар аралығында Қазақстанның Германиядағы елшілігінде референт, бас консулдықтың атташесі, экономикалық бөлімнің хатшысы қызметтерін атқарды. Дипломатиялық ранг бойынша ІІ сыныпты бірінші хатшысы болып есептеледі. Ағылшын, неміс тілдерін жетік меңгерген полиглот.
Талантты жас өнерде немесе спортта талай биікті бағындырады деп күтілген. Алайда, музыкалық, экономикалық және педагогикалық білімі бар Бауыржан басқа жолды таңдады. 2002 жылы Президент әкімшілігіне ауысып, әуелі сарапшы, сектор меңгерушісі, кейіннен Президет протоколының бастығы қызметтерін атқарды. 2009 жылы Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасарлығына тағайындалуы Бауыржан Байбектің үлкен саясатқа жасаған маңызды қадамы ретінде бағаланды.
Соңғы бір-екі жыл көлемінде баспасөзде Бауыржан Байбек маңызды мәлімдемелерімен көзге түсті. Әсіресе, оның «әкімдер әрі тілмаш, әрі би болуы қажет» жеген мәлімдемесі жұртшылық арасында кең талқыланды. Сондай-ақ, елде «А» корпусына топтастырылған шенеуніктер элитасын қалыптастыру ісінде де шешуші сөзді Б.Байбектен естідік. Оның «А корпусындағылар – элитаның элитасы. Олар аймақта және орталықта жұмыс істеу тәжірибесіне ие болуы тиіс. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, сонымен қатар ағылшын тілін де меңгеруге міндетті. Жемқорлық құқық бұзушылығы әшкерленіп, «А» корпусынан шығып кеткен шенеунік ол жаққа ешуақытта қайтып оралмайды» деген қатқыл мәлімдемесінен Ақорда мен Үкіметте жүрген талай шенеунік іш жиып қалған-ды.
Бауыржан Байбектің тағы бір-екі қырын аша кетейік. Ол «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған барлық қазақстандық жастардың көшбасшысы. 2008 жылдан бергі уақытта «Болашақ» халықаралық Президент стипендиясы түлектері қауымдастығының кеңес төрағасы қызметін атқарып келе жатқан ол кадр мәселесінде аса қиналмайтын сияқты. Шетелде тәлім алған 5 мыңнан астам дарынды жастардың арасынан қызметкерлерді шертіп жүріп таңдап, мықты команда жасақтайтын жағдайы бар. Сырт көзге Б.Байбек тым жуас көрінгенімен, басқару ісінде қажет кезде қатал талап қоя біледі. Мұны сарапшылар басқару стилінің неміс үлгісімен байланыстырады. Бұл стиль немістерге тән тәртіпті сақтау қағидасына негізделген.
Сарапшылар мақала кейіпкерінің мықты карьера жасауына әсер еткен тағы бір факторға назар аударады. Бауыржанның әкесі Байбек Қыдырғали - Елбасы Н.Назарбаевтың сыныптасы. Мектеп партасында он жыл бірге отырып, тай-құлындай тебісіп өскен құрдастар тұрақты түрде жолығып, байланысып тұратынын ескерсек, бұл болжамның да ойға қонатынына көз жеткізесіз. Бәлкім, Бауыржан Байбектің Президенттің ерекше сеніміне ие болуына бұл жайт та әсер еткен шығар. Қорыта айтқанда, осындай мықты «көзірлермен» қаруланған Б.Байбек саясатта әлі талай биіктерді бағындырады деуге болады.
Сөз жоқ, «Нұр Отан» партиясындағы жауапты қызметке ауысу Бауыржан Байбектің саяси карьерасындағы жаңа белес. Осы кадрлық тағайындауды жүзеге асырған кезде мемлекет басшысы «ол ағылшын, неміс тілдерін меңгерген. Осыны да пайдалану керек. Енді партияның халықаралық қарым-қатынастарын нығайту қажет» деп өзінің жаңа орынбасары Б.Байбекке ауқымды міндеттерді жүктеп кетті. Іске сәт дейміз!
"Ойнеттің" мұрағатынан