Аслан Мусиннің келбетіне қарасаңыз, романтикаға берілген ақын әлде ғылыми жұмысына басыбүтін кіріп кеткен ғалым-интеллигентті елестетесіз. Имандылыққа жақын қарапайым ғана адам секілді... Бірақ, солай ойласаңыз қатты қателесесіз. Шын мәнінде дәл қазіргі таңда ұлттық саяси элитаның құрамында Мусиндей қатал әккі саясаткерді табуыңыз қиын-ақ. Базбір сарапшылар Мусинді атышулы Бериямен салыстырады. Кезінде қанішер Бериядан қарапайым халық түгілі Кремльдегі шенеуніктердің өзі үрейленетін. Ауыр салмақтағы бірден-бір саясаткер Мусиннен де Үкіметте сескенетіндер тым көп. Сонымен, Мусин кім?
Аслан Мусиннің жүріп өткен жолы мен карьерасындағы өрлеуіне көз жүгірткенде, оның әр қадамын жан-жақты таразылап басатын мықты стратег екеніне көз жеткізесіз. Оның қандай-да қызметке кездейсоқ баруы мүмкін емес. Барлығы құдды бір шахмат ойынының партиясы секілді алдын-ала жоспарланып қойылған. Сонау 1975 жылы Ақтөбе облыстық статистика басқармасына қатардағы экономист болып жұмысқа тұрады. Бір жылдан соң Отан алдындағы борышын өтеу үшін Чехияға аттанады. Әскерден оралған соң жас Аслан Есполлаұлы қатардағы кеңсе қызметкері болғаннан гөрі партиялық жүйеде карьера жасағанды артық көреді. Сөйтіп, небәрі 11 жыл ішінде қарапайым инструкторлықтан Ақтөбе обкомының бірінші хатшылығына дейін өседі. Ендігі меже – республикалық аренаға шығу... Мусиннің бұл сценарийіне КСРО-ның аяқ астынан ыдырауы аздап өзгеріс енгізді. 1991-1993 жылдар аралығында сол Ақтөбедегі облыстық монополияны реттеу комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Бірақ, кейіпкеріміз уақытын бекерге жоғалтпады. Осы кезең ішінде жаңа жоспар құрып, облыс әкімінің орынбасары қызметіне «секіреді». Арада екі жыл өткен соң кешегі «зам» енді «сам», яғни облыс әкімі болып шыға келді.
Аслан Мусин Ақтөбе облысын жеті жыл, одан соң Атырау облысын табаны күректей төрт жыл басқарды. Осы уақыт ішінде Ақтөбе мен Атырауда шексіз ықпалға ие болды. Әсіресе Ақтөбеде. Компартияда 11 жыл, әкім қызметінде де 11 жыл жүрген Мусин ыңғайлы сәтті көптен күтіп жүріп, тамаша мүмкіндікті мүлт жібермеді. 2006 жылы Аслан Есполлаұлы бұрыннан ойластырып, көздеген мақсатына жетеді. Елбасының Жарлығымен ол экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметіне тағайындалды. Бұдан соң Мусин саяси шахмат тақтасындағы ең шешуші жүрістерін жасай бастады. Небәрі екі жыл ішінде ол әуелі министр, үш айдан соң вице-премьер, арада жарты жыл өткен соң Мәжіліс спикері мен қазіргі уақыттағы жұмыс орны – Президент әкімшілігі жетекшілігі қызметтерін атқарып үлгерді. Шыны керек, кеше ғана «провинциядан» келген кадр үшін бұл бас айналарлық карьера. Билік дәліздеріндегі өзге саясаткерлер күннен күнге күшейіп келе жатқан Мусиннен шындап сескене бастады. Сескенетіндейі бар екен, Мусин аппарат ойындарының кәнігі шебері болып шықты. Саяси текетірес, кланаралық тартыстарда үнемі жеңіп отырып, есесіне азулы қарсыластарын «қойдай қырып» келе жатқанын сарапшылардың өзі таңданып отырып айтатын болды. Басқа-басқа, Сарыбай Қалмырзаев, Тимур Құлыбаев секілді саяси бәсекелестерінің әлсіреуі Мусин түзген сценарий бойынша жүзеге асқан деген жорамал бар. Әлгінде айтқанымыздай, базбір саясаттанушылар Мусинді атышулы Берияға теңеп жатады. Мәселен, 2011 жылғы тамыздың 26-сы «АйтPARK-те» өткен кездесуінде Төлеген Жүкеев «Аслан Мусиннің идеалы - Лаврентий Берия» деген болатын. Бұл пікір әсіресе Жаңаөзен оқиғасынан кейін күрт күшейе түсті. Себебі, кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Жаңаөзен оқиғасында Мусин шешуші роль атқарып, соның арқасында Құлыбаевтың позициясы едәуір әлсіреген.
Мусиннің мықтылығы неде?
Біріншіден, саяси стратегке лайықты ойлау қабілеті бар. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесе» білу саясаткер үшін ауадай қажет. Оның үстіне, Мусиннің командасына айрықша тоқталып өткеніміз жөн. Белгілі қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Қазақстанда команда жасақтаудан Аслан Мусинге жететін ешкім жоқ. Оның Ақтөбеден Атырауға ауысқан кезінде соңынан 1500-ге жуық шенеуніктер мен менеджерлерден құралған ұзын-сонар көштің ілескенін сарапшылар жыр етіп айтып жүр. Сол көштің құрамындағылардың дені кейін сол қалпы Астанаға да ауысқан деседі. Осы команданың әрбір мүшесі Мусиннің айтқанын екі етпейтін, кез-келген маңызды шаруада сенім артуға болатын кадр екенінде күмәніміз жоқ.
Бір кездері Мусиннің «Еуразиялық топпен», яғни Александр Машкевичпен байланысы орнаған деген әңгіме желдей ескен. Бірақ, соңғы кездері екі жақтың алыс-берісі сиреген секілді. Есесіне Мусин саяси истеблишменттегі өзге ойыншыларға ықпал жүргізе бастаған сыңайлы. Әйтеуір, қазір Президент аппараты жетекшісінің рұқсатынсыз артық қимыл жасай алмайтын министрлер мен депутаттар топырлап жүр. Оның бір дәлелі ретінде алдыңғы Парламент мәжілісінің аяқ астынан тарап кетуге «ынтасы оянғанын» келтіруге болар. Парламенттегі халық қалаулыларының біразы «тарамасақ болмайды» деп табандап тұрып алуында сарапшылар Мусиннің кезекті жүрісін байқайды.
Мусин – нағыз кабинеттік стильде жұмыс істейтін шенеунік. Оның облыс әкімі кезінде аудандарды аралауы тым сирек болған деседі. Бүгінгі таңда саяси элитадағы ең жабық тұлғаның бірі Нұртай Әбіқаев болса, екіншісі Мусин. Оның тіпті спикерлік қызметті атқарып тұрғанында жұрт алдына шығып көсіліп сөйлегенін көрмедік. Ол аз десеңіз, Мусиннің журналистерді аса жақтырмайтыны белгілі. Ақтөбеде әкім болып тұрғанында осы өңірдегі танымал журналист белгісіз жағдайда қайтыс болды. Жергілікті басылымдарға қатысты түрлі қысымның жасалуы етек алды. Аслан Есполлаұлының БАҚ өкілдеріне деген теріс көзқарасы спикерлік қызметінде де байқалған болатын. Мәжілісмендердің бірінші пленарлық отырысының жабық есік жағдайында өтіп, тіпті залдан фотографтар мен операторлардың шығарылғаны осының айғағы болар.
Жә, мұның барлығы ұсақ-түйек нәрсе ғой. Бастысы, Аслан Мусин Президент әкімшілігі қызметінде нық отырғаны. Турасын айтсақ, осы қызметті бұған дейін атқарған Әділбек Жақсыбеков, Қайрат Келімбетовке қарағанда Президент әкімшілігінің ықпалы мен беделі әлдеқайда жоғары екені сөзсіз. Елдің болашақ премьер-министрі ретінде де Аслан Есполлаұлының есімі жиі аталуда.
Әйткенмен, Мусиннің де әлсіз тұстары бар. Ең осал тұсын өзінен емес, ұлынан табасыз. Аслан – үш баланың әкесі. Дегенмен, өзге екі баласынан гөрі Асылбек Мусиннің есімі көпке танымал. Бірақ, бұл танымалдықтың жағымсыз тұсы басым. Асылбек – құраниттер деп аталатын жаңадан пайда болған діни ағымның рухани жетекшісі. Осы ағым жайлы неше түлі әңгіме гулеп тұр. Ең әуелі, құраниттерге Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасы мүлдем қарсы. Қысқартып айтсақ, құраниттер «біз тек Құранмен жүреміз, одан басқасын мойындамаймыз» деген позиция ұстанады. Яғни, Пайғамбарымыздың жолын, оның хадистерін тәрк етеді деген сөз. Соған қарамастан, Асылбекке «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай тұр. Ол ол ма, саяси элитада жүрген бірталай лауазым иелерінің бала-шағасы бүгінде Асылбек Мусиннің төңірегінде топтасып жатқаны жайлы ақпарат таралуда. Рас-өтірігін қайдам, VIP- сектанттардың қатарына базбір басылымдар Арлан Шабдарбаев, Талғат Нәрікбаев секілді қазақстандық элитаның өкілдерін жатқызып жүр. Құраниттер әсіресе еліміздің батыс аймақтарында кеңінен тараған. Соған қарағанда әкесінің ықпалы көмегін тигізіп жатқан болар. Ағымның идеологиялық орталығы – Атырауда тіркелген «Ізгі амал» атты қоғамдық бірлестік. Онымен қоса «Наш мир», «Ислам» атты интернет-ресурстар жұмыс істеуде. Асылбектің билікке деген де дәмесі зор. Бүгінде ол Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты. Жас Мусиннің уағыздары мен сұхбаттарын интернеттен оп-оңай таба аласыз. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, Аслан Мусиннің саяси карьерасына ең үлкен қауіп-қатер де осы құраниттерден келуі бек мүмкін. Бұл болжамның рас-өтірігін алдағы уақытта білетін боламыз.
"Ойнеттің" мұрағатынан, 14 маусым 2012 жыл