Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев 60 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Ислам Әбішев енді екі айдан кейін зейнеткерлікке шығуы тиіс еді. Дегенмен оның карьерасына осыменен нүкте қойылды деуге ертерек. Тергеу амалдары енді басталды.
Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Ислам Әбішев Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы Соколов топтық су құбыры мен ауылдық жердегі су тарату жүйесінің құрылысын жаңғырту бойынша 6 млрд. теңгелік конкурс жеңімпазы болған мердігер компаниядан 60 миллион теңге «откат» сұраған көрінеді.
Ақшаны ол өзі алмаған. Алғашқы 10 миллион теңгесін «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті Серік Төкеев (Ислам Әбішевтің өзі федерацияның президенті) арқылы алған. 50 миллион теңгесін 14 наруызда Ислам Әбішевтің інісі, Түркістан облысының бизнесмені Қаныбек Әбішевке берілген. Пара берілген соң төраға қамауға алынған.
Ислам Әбішев Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметінен осыған дейін де бір рет кеткен болатын. Сол кезде түрлі әңгімелер айтылған. Кейбіреулер мұны Арнасай бөгеніне бөлінген қаржымен байланыстырды. Бірақ көп ұзамай ол қызметке қайтып оралды.
Ислам Әбішевтің өзінің комсомолдан бері жұмыс істеп келе жатқан ескі досы, Сәтпаев каналының директоры Тұрғынбай Сәрсембаевпен арадағы кикілжіңі, директордың төрағаның туған күніне деп, 100 мың теңге және костюм шалбар бергені жөніндегі мәлімдемесі өз алдына бөлек әңгіме. Сол кездері Ислам Әбішевке ара түскен кейбір жазғыштар оны су тапшылығын шешуде керемет тапқыр маман ретінде насихаттап жатты.
Бір қызығы, Ислам Әбішевтің ісіне қатысты мәлімет таратқан ақпарат құралдары ешқандай дереккөздеріне сүйеніп жатқан жоқ. Бәрі құрғақ ауыз сөз. Ал құзырлы органдар үнсіз.
Дегенмен бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Ислам Әбішевке арналған 50 миллион теңге параны алған, оның туған бауыры Қаныбек Әбішев осы оқиғадан екі апта бұрын ғана «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып сайланған.
«Ақ жол» партиясы ресми сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, 2019 жылдың 2 наурызында Түркістан қаласында «Aқ жол» Демократиялық партиясының облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы болған. Конференцияны кіріспе сөзбен «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашқан. Конференцияға «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, Мəжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов, партия Орталық Кеңесі хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов, партияның Орталық аппаратының ревизиялық қадағалау комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов қатысып, сөз сөйлеген. Конференция қорытындысы бойынша Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып кәсіпкер Әбішев Қаныбек Әлмаханұлы бірауыздан сайланған.
Қаныбек Әбішев 1972 жылы туған. Бизнесмен. 2007 жылдан бергі аралықта «Ордабек» ЖШС-інің директоры қызметін атқарады. Қаныбек Әбішевке параға делдал болу бабы бойынша айып тағылды ма, жоқ па, құзырлы органдар әлі үнсіз.