Роза ШҮКЕНОВА, «Қуаныш» туристік фирмасының директоры:
Әлі әжетхана мәселесі шешілмеген Шымкентте туризм қалай дамымақ?
– Ішкі туризмді дамыту саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келесіз. Саяхатшыға бұрын қалай көңіл бөлетінін қазіргімен салыстырып айтсаңыз?
–Бұрын, яғни еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін үш-ақ туристік фирма болатын. Жастар мен үлкендерге және шетелдіктерге арналған. Үшіншісіне қызмет ететін «Интурист» компаниясы Мәскеудегі мемлекеттік комитетке қарайтын. Мен соның Шымкенттегі бөлімшесінде ағылшын тілінен аудармашы болып 10 жыл жұмыс істедім. Қабылданбас бұрын 9 ай Мәскеуде дайындықтан өттік. Саяхатшыларды қонақ үймен қамтамасыз етіп, алып жүретін арнайы «Икарус» бөлетін. Автобус басқа уақытта пайдаланылмай, қонақтар үшін таза тұратын. 1993 жылы комитет тарқаған соң жеке туристік фирма аштым.
– Шет елдік қонақтарға бүгінгі қызмет көрсету сапасы қай деңгейде?
– Саяхатшы әуежайдан түскеннен ғимараттың ескілігі мен тарлығын көріп, көзқарасы өзгере бастайды. Оларға әуежай қызметкерлерінің бір келкі киінбеуі де әсер ететінін майда-шүйде мәселе деп қарамау қажет. Жүк айналатын жерде сөмкелерін жарты сағат күтеді. Шет елде сен құжатыңды тексеріп шыққанша затыңды әкеліп қояды. Осы 35 жылда қаншама елге бардым. Тіпті бір елге он рет жолым түсті. Оларда мұның бәрі ескерілген. Ал дамыған отыз елдің қатарына кіргісі келетін Қазақстанда турист үшін №1 проблема – әжетхана! Қанша жылдан бері туризмге бөлінген қаржыға сол әжетхананы қажеттілік туындайтын жердің бәріне, жолдың бойына бірнешеуін салып тастауға болар еді. Ол ақша қайда кетті? Әжетханасына қарап елдің жағдайын байқауға болады. Он бес жылдай бұрын облыс әкімдігіне бізді шақырып, туризм саласындағы қиындықтарды сұраған. Туристерді алғашқы бес жылда өзім алып жүргендіктен, көзбен көрген мәселелерді айттым. Ал шет елде ол қажеттілік басты орында. Халқы соған үйренген.
Екінші автобусқа кіргеннен тағы көңіл-күй бұзылады. Сырты қазақша оюлы болғанмен, күн сайын Алматыға жолаушы таситындықтан, ішінен темекі мен аяқтың сасық иісі шығады. Алдын ала жүргізушіге орындықтардың төбесіндегі матаны жуып қоюды өтінеміз. Ішін тазалап қоюын сұрап, алдарында төменшіктеп тұрасың. Осының бәрі маған ғана керек пе?! Елім жайлы жаман ойлап кетпесін деп жүгіремін. Саяхатшыларға бұл көліктің жекеменшік екенін, күн сайын жолаушы таситынын қалай түсіндіремін? Бірақ шоферлер «мақұл» деп алып, тазаламайды. Шофердің өзінде, бастығында да «менің тірлігімнен еліме ұяты келеді-ау» деген жауапкершілік, патриоттық сезім жоқ. Таңертең әуежайға барарда алдымен автобусты тексеремін. «Сағат алтыда Алматыдан келдік» деп ұйқысы қанбаған шофер тұрады. Оны да түсінуге болады. Мені күтіп бір күн бойы жуып қоймайды ғой. 7.30-да мен күтіп тұрамын. Қонақтар келгенше әйнектерін ашқызып, ішін желдеткізіп, әтірімді сеуіп кетемін. Автобуспен Алматыға бару үшін ең кемі бір орыны 2 мың теңге болса, елу орынның ақысы барарда 100, қайтарда 100 мың теңге. Қазір бағасы көтерілген. Маған автобусты жалға бір күнге қала ішіне берсе Алматыға баратын бір рейстің ақшасын сұрайды. Оның ішінде 20 немесе 50 адам ба, ол маңызды емес. Жекеменшік автопарк басшысы да көлікті несиеге алған шығар, соны өтеуі тиіс. Қазақстанда туристік саяхат неге қымбат десеңіз, осыдан жауабы шығады. Өзбекстанда автобусты жалға алу 120-150, бізде 410-450 доллар. Көп адам жолдаманың қымбаттығынан біздің елге келуден бас тартады. Үкімет туризмді дамытуда көмек беріп, әзірге бізге қарасатын сыңайы жоқ.
–Қонақ үйлердің сапасына көңіл тола ма?
–Қонақ үйлер көбейгендіктен деңгейлері жоғарылады. Бағалары тиімді. Одан шыққан соң қаланы автобуспен аралатамыз. Тәуке хан даңғылы бойында, қаншама көліктің түтінінен көтерілетін шаңның астында беті ашық самса сатылады. Барлық көшеде осы жағдай. Туристер соны адамдардың алып жатқанын көреді. Оларда бәрі жабылған. Ашық түрде сатылмайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелері неге осы сатушыларға кеңес бермейді екен? Айыппұл салып, жөнге келтіруге болады ғой. Біз Ордабасы алаңы мен Қырғы базарды айналып Ш.Қалдаяқов аллеясына тоқтаймыз. Соңғы кездері туристерді аллеяны аралатпай автобуста ұстап отыратын болдық. «Бұл ескі базар, әлі жөндеу жүреді» деп өтірік ақтап қоямыз. Одан шығып Тәухе хан бойымен Абай паркіне, Даңқ мемориалына, Қасірет музейіне, Бәйдібек би ескерткішіне алып барамыз. Күні бойы ішіп-жеген соң ескерткіштің жанында барғанда тағы әжетхана іздейді. Сосын ескерткіштен төмен түсіріп өлкетану мұражайына апарамын, ол жерде тағы әжетханаға кіруге кезекке тұрады. Қала тұрғындары да күні бойы жұмыстарымен көшеде, саябақтарда жүреді. Олар үшін де неге осындай қажеттіліктерді көз көретін орындарға салып қоймасқа?
– Қазір жаңадан ашылған туристік фирмалар көп. Оны басқаратын жастар осы кемшіліктерді түзетуге талпыныс байқата ма?
–Туристер арзан Ташкенттен келген соң, біздің елдегі жолдаманың қымбаттығынан саяхаттағысы келмейді. Жолдама бағасын 30 долларға дейін түсіремін. Бағдарламаға таңғы ас пен қонақ үй, жол шығынын көрсетеміз де, түскі және кешкі астың ақшасын кіргізбейміз. Ташкентте 10 долларға мықты деген ресторанда тамақтанса бізде бұған олар қанағаттанбайды. Тамақтан бөлек, тәтті сусын, арасында 100 грамм арақ-шарап ішкісі келеді. Бізде тамақтану қымбат болғасын келгенде өздері көрсін деп тамақтың ақшасын қоспаймын. Жолдама бағасын біраз түсіріп, одан да төмен бағаны ұсынса бас тартамын. Сосын олар көбіне жастар басқаратын арзан фирмаларға шығады. Әріптестерімді жамандағым келмейді, бірақ олар біз сияқты бұл салаға 35 жылын арнаған жоқ. Біз автобусқа бір кіргеннен бар кемшілікті көреміз. Ал жастар ішінің иісі мен кіршеңдігіне мән бермей, сыртының әдемі болғанына мәз. Мендегі гид аудармашылар қонақ келерден бұрын қасымда 2 сағат отырып, бағдарламамен танысады. Неге көңіл аудару керектігін жан-жақты түсіндіріп, қағазға жазып беремін. Біраз туристер жастардың қызметіне көңілдері толмағанын білдірді. Меймандарға бізге байқалмайтын кемшілік бірден көрінеді.
– Туристерге мәдениетті қызмет көрсетуді қалыптастыра алдық па?
– Түркияға барғанда таксиге мінгеннен жүргізуші күліп амандасады. Туристердің жиі келетініне үйренген олар алдымен ақшаны емес, елінің абыройын ойлайды. Тілін түсінбесең де қонақ үйдің визиткасын көрсетесің. Сол жерге апарып, құнын сұрасаң біздегідей шетелдіктерге ойына келген бағасын айтпайды. Әр шақырым сайын есептейтін құрылғыны көрсетеді. Сөйлеудің де керегі жоқ. Ілтипатпен жүгіріп барып, шабаданды шығарып береді. Біздің таксистер алдымен бағасын сұрап, ұнамаса саудаласып тұрады. Сөмкесін көтеріспейді. Елдегі туризм саласындағы басшылар, автобусты жалға беретін автопарк иелері, ең аяғы таскистерге дейін мемлекеттің абыройын емес, өз құлқын ойлайды. Біреулерге ұсақ нәрселер болып көрінетін осындай кемшіліктер көп. Яғни қызмет көрсету мәдениетін жоғары дей алмайсыз.
Сұхбаттасқан Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ,
"Рейтинг" газеті