--Кез-келген өнер адамынан сыр тарта қалсаңыз, «Өнер адамы болуды бала күнімнен армандадым» деген сөзді жиі айтады. Сіз не айтасыз? Балалық қиялыңызда театр, актерлік өнер бар ма еді?
--Олай дей алмаймын. Шынымды айтсам, о баста менде әртіс болсам деген арман болған жоқ. Отырар ауданының Балткакөл ауылында дүниеге келдім. Кейіннен отбасымызбен қалаға көштік. Облыс орталығындағы қазақ мектебін бітірдім. Мектеп қабырғасында жүріп хорға қатысып, кішігірім рөлдермен сахнаға шығып жүргенде де болашақта актер болсам деген ой келмепті. Менің бала күнгі арманым әскери қызметкер болу еді. Кейінірек заңгерлік жолды таңдадым. Аттестатты қолға алғаннан кейін осы арманның жетегімен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ алғашқы емтиханнан кейін кенеттен науқастанып, Шымкентте қайтып кеттім. Келесі емтихан тапсыру науқанына дейін әлі бір жыл бар. Не істеу керек?
Одақ кезінде бір тәуірі, екі қолға бір жұмыс табыла беретін. Содан наубайханада қамыр илеуші болып істедім. Фосфор зауытында еңбек еттім. Дегенмен өндірісте тұрақтай алмадым. Болатын іске себеп табылады ғой, сондай күндердің бірінде облыстық театрдың алдынан өтіп бара жатып (ол кезде театр қазіргі филармонияның ғимаратында орналасқан еді) «Театрға жұмысшылар қажет» деген хабарландыруды оқып қалдым. Дереу мекеменің бастығына кіріп, жұмысқа қабылдандым.
Менің міндетім сахнаға декорация құру болатын. Келе-келе қарапайым жұмысшыдан ортаңқол актерге айнала бастадым. Режиссер мені көпшілік көріністерге, шағын эпизодттарға қатыстырып жүрді. Аяқ алысым басшыларға да ұнап қалса керек. Режиссер Қасымхан Шанин «бала, сен түбінде әртіс боласың-ау, бойыңда сондай бір қасиет бар» дегенді айта бастады.
Бірде қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Асқар Тоқпанов консеваторияның театр бөлімінде оқуға талантты қыз-жігіттерді іздеп, біздің театрға келді. Директор мені ұсыныпты. Асекең шақырып алып, әңгіме жасады. Монолог оқытты. Қысқасы не керек, сол кісінің кеңесімен ақыры консерваторияның студенті болып шыға келдім. Бұл 1967 жылы болатын.
Асқар Тоқпановтың қолында екі жыл дәріс алдым. Кейін ол басқа жаққа ауысып кетті. Қалған екі жылда қазақтың танымал әртістерінің бірі Шолпан Жандарбековадан тәлім алдым. Айтқандай, дауыс мәнерім жақсы болғандықтан консерваторияның екінші курсынан бастап «Қазақ радиосында» диктор болып істегенім бар. Әнуарбек Байжанбаев, Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова секілді танымал дикторлармен аралас-құралас болдым. Олар: «Сен театрыңды қойсаңшы, оқуыңды бітірген соң радиоаға кел» дегенді жиі айтатын. Егер солардың жетегіне ергенімде менен тәп-тәуір диктор шығар ма еді?! Бірақ бұл кезде менің актерлық өнерге деген қызығушылығым оянып, бүкіл ғұмырымды тек осы салаға арнауға бел буғанмын. Консерватриядан кейін Шолпан Жандарбекованың кеңесімен Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрда істедім. Одан кейін Талдықорғаннан театр ашылып, бір курстың түлектері сонда барып еңбек еттік. 1981 жылы Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрына келдім. Содан бергі отыз жылдық еңбек жолым осы өнер ордасында өтіп келеді.
--Театрда істеген кезіңізде жүзге тарта кейіпкерлерді сомдапсыз. Әрине, әр кейіпкердің ішкі жандүниесіне енбейінше образдың сәтті шығуы нейғабыл. Дегенмен ең сәтті рөлім деген кейіпкерлеріңіз кімдер еді?
--Сафуан Шаймеденовтың «Марғау үні» деп аталатын қойылымы мен үшін ең сәтті дүние болды деп айта аламын. Оны режиссер Жақып Омаров сексенінші жылдары қойды. Баспасөзде, зиялы қауым арасында әжептәуір талқыға түсті. Жақсы пікірлер айтылды. Мен осы қойылымда Марғау деп аталатын төбеттің рөлін сомдадым. Иә, кәдімгі иттің рөлі. Бірақ ол төбет көрерменге адамша тіл қатады. Пенденің жақсы ісіне риза болады, жаман ісіне ренжиді. Бәрі автордың шешімінен туған дүние ғой.
Қойылымда Лезбай деген басты кейіпкер бар. Бәйбішесі қайтыс болып кеткен, жасы жетпісті алқымдаған. Әйелі өлген соң ол отыздардағы Ұмсындықты алады. Лезбай көбіне мал бағып, түзде жүреді. Осыны пайдаланып, ауылдың шолақ белсендісі Қарғабай Ұмсындық екеуі әмпей-жәмпей болады. Осының бәрін үйшігінің алдында жатқан төбет Марғау көріп жатады. Жай көріп қана емес, іштей адал иесінің көзіне шөп салған Ұмсындықты кінәлайды. Қарғабайды жек көреді. Оны көрсе байлаулы екеніне қарамастан, тұра ұмтылып, талап тастағысы келеді. Өзімен-өзі оңаша қалған кезде Марғау «Адамдар-ау, сендер неге өйтесіңдер?» деп, өз-өзіне мұңын шағады...
Қойылым сексенші жылдардың соңына дейін сахналанды. Қазақ теледидарының алтын қорына енді. Кейіннен Жақып Омаров кетіп қалды да «Марғау үнін» сахналау тоқтап қалды. Бір жаман жері, театрға жаңа режиссер келсе, бұрынғы қойылымдардың бәрін шеттете салады. Өзінің дүниесін қойғысы келеді де тұрады. Өз басым бұған келіспеймін.
Сан бар, бірақ сапа жоқ
--Бір сөзбен айтқанда, Марғау образы адамның іс-әрекетіне сыншы, сырт көз ғой. Әртіс ретінде қазіргі театр өнеріне, көрерменнің талғам биігіне деген сіздің сырт көзіңіз, ішкі түйсігіңіз не дейді?
--Кеңес дәуірінде мәдениет, оның ішінде театр өкілдері ерекше құрметтелді. Өнер бағаланды. Мүмкін ол кезде өнер адамдары аз болғандықтан шығар. Қазіргі әртістердің еленбеуі олардың көптігінен шығар деп те ойлаймын. Бүгінде неше түрлі театрлар ашылып жатыр. Бірақ саны көп, сапасы жоқ. Түкке тұрғысыз әзіл-сықақ, арзан шоу дегендер көбейіп жатыр. Көрерменнің де талғамы төмен. Болмайтын дүниеге аузын ашып, шапалақ ұрып жатады. Апыр-ау біз осы арзанға неге тым құмартып кеттік? Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ опера мен драма өнердің шыңы. Майда-шүйде оның абыройын биіктете алмайды.
Шынайы өнердің ақсап жатуы жоғарыдағы басшыларға да байланысты. Әртіске деген көзқарасы түзу болмайынша, театр өнері бағаланбайды. Ал, қазіргі басшылар қолдаудан гөрі, кінәлауға бейім тұрады.
--Иә, мәдениет саласындағы басшылардың берген есептеріне қарағанда облыстағы театр қойылымдарының көркемдік деңгейі нашар. Көрерменнің театрға келмеуінің де басты себебі сол дейді...
--Бұл баяғыдан айтылып келе атқан мәселе. Барлық қойылымның керемет болуы мүмкін емес. Шығарманың біреуге ұнауы, біреуге ұнамауы заңдылық деп түсінемін. Бірақ облыстағы театрдың, оның ішінде өнердің қарашаңырағы атанған Шанин театрындағы ежелден қалыптасқан дәстүр, үрдіс үзілмеуі тиіс. Мәселен, Айша апамыздың жасы биыл 96-ға келіп қалды. Осы уақытқа дейін театрға келеді. Ақша үшін немесе жалақы үшін емес. Театр оның екінші үйіне айналған. Сахналық өнер оның ажырамас бір бөлігі. Онсыз тұра алмайды. Бәріміз де сол.
Кейінгі жас актерлер де осындай өнер адамдарына қарап тәлім алады. Театра дегеніміз ол өнер мектебі емес пе?! Осыны кейбір басшылар түсінгісі келмейді.
--Ал, өнердегі өкше басып келе жатқан кейінгі шәкірттеріңізге не айтасыз?
--Ащы да болса шындық, мықтыларды көріп тұрғаным жоқ. Әй, қайдам, алда не боларын. Театрға келген оншақты жастың жұмыс істеп жатқанына 7-8 жылдың жүзі болды. 7-8 жылда біз біраз рөлді сомдағанбыз. Қазір театрда жылына бір рөлді де онамайтын әртістер бар. Қойылымның арасында «пәленше келді, түгенше келді» деген бір ауыз сөзбен шығып, қайта түсіп кететіндер көп. Таланттарының жеткен жері осы ғана ма?! Өзінің бойындағы өнерін көрсетуге ұмтылмайды. Жалақысыне алып, тып-тыныш жүре береді. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге бейім. Неге деп ойланасың? Бұл таланттың төмендігі ме әлде жалқаулық па, білмеймін.
Шәмшінің сығандардың арасында болғаны рас па?
--«Сыған серенадасы» сіздің актерлік қабілетіңізді жаңа қырынан танытқан қойылым десек қателеспейтін шығармыз. Шәмшімен жерлес екеніңізді білеміз. Ол кісімен көзі тірісінде араластығыңызы бар ма еді?
-- Шәмші образы жүрегіме ең жақын рөлдердің бірі. Қазір ойлап отырсам, бұған дейін Шәкеңнің рөлін ойнаймын деген ой менде мүлдем болмаған екен. Сахна өнерінде кейде осындай таңқаларлық жайттар болып қалады.
Әлі есімде, бірде режисер Әскер Құлданов Мұқағалиді қойды. Ақиық ақынның рөлін сомдауға режисер мені шақырды. Бір қарағанда, менің Мұқағалимен сырт пішінім онша келіңкірмейді. Мұқағали зор денелі, ал менің келбетім оның қасында шағын ғана. Бәлкім, режиссердің менің ішкі жандүниеменен бір жақындық тапқан шығар. Өйткені «әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, менің де ара-тұра өлең жазатын «ауруым» бар.
Қойылым сәтті шықты деп ойлаймын. Премьераны Шәмші аға жұбайы Лашын апамызбен және жазушы Оразбек Бодықов ағамызбен арнайы келіп көрді. Қойылымнан кейін ол кісілер үйге келіп дәм татты. Дастархан басында емін-еркін әңгіме жасадық. Шәкең әзіл әңгімелерді орнымен және тапқырлықпен айтып отырды. Сол жолы онымен тым құрыса суретке де түсіп қалмаппын. Қазір соған өкінемін.
Отбасымыздың құрметті қонағы болған Шәмші ағаның бейнесін арада бірнеше жыл өткеннен кейін сахнада сомдаймын деген ой ол кезден қайдан болсын?! Қазір режиссер Әскер Құлданов «Шәмшінің сағынышы» деген жаңа шығармасын қойып жатыр.
--Көркем шығармада кейбір оқиғалардың автордың қиялынан туып жатуы заңдылық қой. Дегенмен аңыз бен ақиқатты ажыратуға кім құмартпайды дейсіз. Шәмшінің сығандардың тобырымен бірге ел кезіп кеткені қаншалықты рас?
--Бұл енді анық-қанығы белгісіз дүние. Лашын апамыз «Шәмші сығандардың арасында болған емес» дегенді айтыпты. Бірақ қойылымның авторы ақын Исрайыл Сапарбаев «болған» дейді. Кім біледі, мүмкін Шәмшінің сығандардың арасында болғаны, оның Изольдамен арадағы махаббаты ақынның қиялынан туған шығар. Бәлкім, бәрі азды-көпті көркемделген шындық шығар. Шәмші ағамыз «Сыған серенадасы» сияқты керемет әнін бекерден-бекерге шығарған жоқ қой. Мұндай әнді шығаруға әйтеуір, бір негіз бар болар.
Театрға сапасыз дүниелерді тықпалаудың керегі жоқ
--Қазір азды-көпті дүниелерін баспасадан том-том кітап етіп шығарып жататындар көп. Сол сияқты өздерінің арзанқол шығармаларын сахнаға сүйрелейтін драматурсымақтар кездесе ме?
--Әрине. Әсіресе, кейінгі кездері. Театрда бұрыннан келе жатқан қағида бар. Режиссер әлі сиясы кеппеген қойылымын алып келеді. Соны көркемдік кеңесте талқыға саламыз. Әркім өзінің ойын айтады. Мағынасы жоқ, түкке тұрғысыз дүниелер осы сүзгіден өтпей қалатын. Ал, кейінгі кездері кейбір арзан шығармалар көркемдік кеңесте оқылмайтын болып жүр. «Бұл қалай» дегендерге «Жоғары жақтан осыған ақша бөлінді, қою керек» дейді. «Бұл пәленшенің шығармасы, ал ол пәленшенің жақыны, қойғыларың келсе де, келмесе де қоясыңдар, нелерің кетіп бара жатыр, ақшасы бөлінді ғой» дегенді де естіп жүрміз. Бірақ ондай қойылымдардың ғұмыры қысқа болады. Осыны сапасыз дүниелерді тықпалағыш азаматтар түсінсе деймін.
--Сізді киноға түсіруге шақырып па еді?
--Иә, шақырды. Бұрын Алматыдағы академиялық театрда істеп жүрген кезімде елуге жуық фильмдерді қазақ тілінде дыбыстауға (дубляж) қатысқанмын. Киноға жақындағым сол кезден бар.
Тоқсаныншы жылдары мені режиссер Ұлжан Қолдауова «Сағыныш» деген фильміне шақырды. Осы фильмде шалдың рөлін ойнадым. Фильм республиканың біраз кинотеатрларында көрсетілді. Одан кейін Шымкентте «Табын» деген киноға түстім. Талғат Теменов «Көшпенділдерді» түсірер кезде мені фильмдегі бақсының рөлін ойнауға шақырған. Бірақ уақыттың болмауынан бұл ұсынысты қабылдай алмадым. Кейіннен бақсы рөлін Бәйтен Омаров ойнады. «Көшпенділерде» мен тек көпшілік рөлге қатыстым. Жақында осы Шымкентте түсірілген «Алдаркөсе» фильмінде етікшінің рөлін сомдадым. Қазір осы фильмнің екінші сериясын түсіру туралы ұсыныстар түсіп жатыр.
--Әңгімеңізге рахмет!
Oinet.kz мұрағатынан