Шымкент қаласындағы «Шымкай» серіктестігінің жиһазы «Идея» брендімен танымал
Шымкент қаласындағы «Шымкай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 54 мың жиһаз шығарады. Ол серіктестікте жасалған үстелдер мен орындықтар нарықта «Идея» брендімен танымал.
Бүгінгі таңда қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру шаһар билігінің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі. Бұл бағытта өңірдің экономикалық даму жоспары жасалып, алдағы бес жылда атқаратын жұмыстары айқындалған. Соның бірі өңірге инвестиция тарту арқылы кәсіпкерлік нысандардың өндіріс өнімділігін арттыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу.
Осы талаптан шығып отырған «Шымкай» жауапкершілік серіктестігі 2018 жылы құрылып, содан бері «Тассай» индустриалды аймағында жұмыс істеп келеді. Серіктестік басшылығы аталған аймақтан екі гектар жер телімін тегін алып, тасын өрге дөңгелетіп отыр. Бұған қоса мемлекеттен алған субсидия қаражатына серіктестік өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып орналастырған.
- Біздің алдыға қойып отырған жоспарларымыз ауқымды. Барлығы да қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Президентіміз Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр. Осыған сәйкес «Тассай» индустриалды аймағында жұмыс істеп отырған жүздеген «Шымкай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне билік тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Жалпы қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын жүздеген инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Инвестициялық ресурстардың өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді ол Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Бүгінде, «Шымкай» өндіріс ошағының ауқымын кеңейткен. Қазір серіктестік жұмыс орнын кеңейтіп, 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның алға қойып отырған мақсатының бірі импортты өзіміздің өніммен алмастыру.