Шымкент қаласы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы аймақ
Шымкент қаласында өз бизнесін дамытуға қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар көп. Солардың қатарында қытайлықтар да бар. Шымкент қаласында Қытайлық инвесторларға бизнесін дамыту үшін бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Атап айтсақ, олар корпоративтік, табыс пен мүлік және жер салықтарынан босатылған.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, осы күнге дейін көрші мемлекет компаниялары шаһардағы индустриалды аймақтарға миллиардтаған қаржы құйған.
- Қазіргі таңда Шымкент қаласында қытайлар инвестиция құйған үш ірі компания жұмыс істеп тұр. Барлығы халықаралық стандарттардың талаптарына сай тауар шығаруда. Өнімдерін әлемнің 7 еліне экспорттауда. Оларжалпы саны 800 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр, - дейді қала әкімі.
Қытайлық инвестор Фатун Чэнь өз бизнесін елімізде ашып, дамыту үшін Қазақстанның әрбір аймағын жеке зерттей келе таңдауы Шымкент қаласына түсіпті.
- Мемлекет бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар ұсынып отыр. Атап айтсақ, төмен салық ставкасы, дайын инфрақұрылым және қолайлы коммуналдық бағалар. Бизнесімді жүзеге асыру үшін бірнеше ай Қазақстанның барлық мүмкіндіктерін қарап шықтым. Мені Шымкент қаласы қызықтырды. Өйткені мұнда бәрі бар. Өз бизнесіңді жүргізуге ыңғайлы. Біз үшін тиімді. Бүгінде бізге қарасты өндіріс ошағындағы жұмысшылардың 70 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды. Біз үшін бұл да маңызды, - дейді Фатун Чэнь.
Биыл Жұлдыз индустриалдық экономикалық даму аймағында тағы бір өндіріс ошағының іргетасы қаланыпты. Болашақта ол жерде кераграмит өндірілмек. Жалпы жаңа зауыттың көлемі 32 гектар аумақты алып жатыр. Өндіріске инвесторлар 60 миллион доллар инвестиция құйған. Жоба іске асса 352 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі алдағы жылға белгіленген.
- Мұнда инвесторларға қажетті мүмкіндіктің бәрі жасалған. Атап айтсақ, бірінші, дайын жер, екінші, инженерлік инфрақұрылым. Ол мемлекет есебінен жүргізіледі. Үшінші, электр энергиясы, су мен газ тарифтерінің төмендігі. Бүгінгі таңда индустриалды аймақтарға инвесторлардың қызығушылықтары артып отыр. Бір ғана Жұлдыз индустриалдық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүргізілмеген 27 гектар аумақ қана қалды, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салушы негізгі төрт мемлекеттің бірі. Кеше инвесторлардың қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауыты даму жолына түсті. Бүгінде ол мұнай өнімдерін ішкі нарыққа ғана емес басқа мемлекеттерге де экспорттауда.