Шымкент қаласындағы Құрсай шағынауданында 450 орындық емхана құрылысы басталды
Шымкент қаласының Тұран ауданына қарасты Құрсай шағынауданында 450 орындық жаңа емхана салынуда. Бұл ауданда 20 мыңнан аса халықтың тұратынын ескерсек, алдағы уақытта медициналық көмектің мүмкіндігі артпақ.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жаңа емхананың құрылыс жұмысы жеке инвестордың қаражатымен тұрғызылуда. Шаһарда 2025 жылға дейін мегаполис тұрғындарына 6 емхана салу қажет көрінеді.
Жалпы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан лайықты мүмкіндіктер жасалуда. Отыз екі жылда салада көптеген реформа жүргізілді. Бірақ әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлеке. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында саладағы көптеген олқылықтарға тоқталды. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.
Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті.
Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн», дей келіп, ел Президенті 2023 жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды.
- Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шешім қабылдады. Соның бірі - министрлік әзірлеген «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы. Бүгінгі таңда өңірімізде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында аталған және басқа да жарқын жобалар шеңберінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Айта кетейік, қалада медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру үшін инвестициялық жобалар тартылуда. Яғни, денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес бір емхананың қызмет көрсету шкаласы 30 мың тұрғыннан аспауы тиіс. Қаладағы 45 емхананың қамту көрсеткіші орта есеппен 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында бұл статистиканы 24 мыңға тұрғынға дейін түсіру межеленген. Сондықтан 2025 жылға дейін мегаполис тұрғындарына 6 емхана салу қажеттігі туындап отыр. Осы орайда емхана санын көбейту көзделіп, инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Құрсай шағынауданында салынып жатқан 450 орындық жаңа емхана құрылысын инвестор алдағы жылы аяқтап, тапсырмақ.