Шымкент қаласындағы «Shymkenт City» шағын ауданы көркеюде
Шымкент қаласындағы «Shymkenт City» шағын ауданы жаңаша үлгіде бой көтеруде. Жаңа қалашықтың жалпы аумағы 20,4 гектарды алып жатыр. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, бүгінде шағын ауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алған уақыттан бастап моноқалалармен қатар мегаполистерді әлеуметтік-экономикалық дамыту ісіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстардың жандана бастағанына он жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт аралығында экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отырған шағынаудандардың шырайы кіріп, ажары ашылып, көптеген түйткілді мәселелер оңынан шешілді. Қазіргі таңда «Shymkenт City» жаңа шағын аудан аумағы жаңаша үлгіде дамуда. Мұнда көшелер мен аулалар абаттандырылуде. Онда жаңадан бой көтеретін саябақ құрылысының жобасымен танысқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов,тиісті тапсырмаларын беріп, шағын аудан аумағын заман талабына сай жабдықтауды тапсырды, - дейді Мадияр Байымбетов.
Жаңа шағын ауданның даму жоспарына сәйкес мұнда 15 инвестор жұмыс істеп, тұрғын үй құрылыстарының жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған.
Қазіргі таңда мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде.
«Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады» дейді Мадияр Байымбетов.
Бұдан бөлек, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Шағын ауданнның құрылыс жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті.
- Жаңа шағын ауданның экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Жалпы қаланың экономикалық-әлеуетінің дамуы халық саны мен жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Сондықтан тұрғындардың басым бөлігін тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті арттыру бағытында жұмыстар атқару керек. Сөйтіп жаңа шағын аудан тұрғындарын жаңа жұмыс орынмен, жанына керекті бар жағдайды жасау алдымызда тұрған басты міндеттің бірі болуы керек», дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.