Шымкент қаласындағы құрлысы жүріп жатқан жолайрықтарда көлік қозғалысы қалыпқа келді
Бүгінгі таңда Шымкент қаласының аумағы үлкен құрылыс алаңына айналып кеткен. Айналма жол мен оның бойындағы биік ғимараттар, жалпы қаланың қай бағытына қарасаңыз да қайнаған құрылыс жұмыстарын көресің. Жолдарға аяфальт жабыны төселіп, көшелер жарықтандырылып, аулалар абаттандырылуда.
Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, қазіргі таңда Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш деңгейлі жолайрық құрылысы жалғасуда. Бүгінге дейін жоспардағы жол құрылысының 70 пайызы аяқталған.
- Президент Жолдауында көтерілген мәселенің бірі еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Бізде бұл мүмкіндік бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен «Термез-Алматы» бағыты Шымкент қаласын айналып өтіп жатыр. Бұл қала экономикасының дамуына оң серпін беріп отыр. Осы ретте автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән берілуде, - дейді ол.
Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесі бойындағы құрылыс жұмысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып танысқанында құрылыс жұмысы қарқынын күшейтіп, жол қозғалысына қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. «Бүгінгі таңда қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасына сәйкес аталған көшелердегі құрылыс жұмысының қарқынын күшейтіп, жол қозғалысы қайта қалыпты режімге түсті», дейді басқарма басшысы.
Бұл жол жолайрығы үш деңгейлі. Төменгі деңгейде - Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде - Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде - оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасқан. Бұл шара халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында іске асырылып отыр.
- Былтыр құрылыс жұмысы басталған жолайрықты жыл соңына дейін толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр. 15 мамырдан бастап көлік қозғалысына ашылған Арғынбеков көшесінің бойымен 4 бағыт бойынша қоғамдық көліктер қайта ұйымдастырылды. Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылысына байланысты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі уақытша баламалы көшелерге ауыстырылған болатын. Қазір бұл аумақтан №92, №141, №146, №104 бағыттарға қоғамдық көліктер қатынауда. Сонымен қатар, шілде айында оң жақ өткелдерінің құрылысын аяқтап, көлік қозғалысына ашу жоспарлануда, - дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.