Шымкент қаласында баспаналы болғандар көп

Oinet.kz 18-05-2023 204

Шымкент қаласы бүгінде құрылыс алаңына айналып келеді. Соңғы жылдары қала аумағында ондаған көпқабатты тұрғын үй салынып, мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болғандар қатары артып отыр. 

Screenshot_33.jpg

Мәселен, бүгінге дейін Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 1293 азамат ипотекалық негізде «Отбасы банк» арқылы баспаналы болыпты. Оның 1047 -і «5-20-25», ал 246-ы «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында құжат өткізіп баспаналы болғандар екен. 

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында мемлекет бюджеті есебінен 67 көпқабатты тұрғын үй салынып, 17 үйдің абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов  Әкімшілік іскерлік орталығы аумағынан бой көтерген 9 қабатты сегіз тұрғын үйдің абаттандыру құрылысын көрді. Тұрғын үйлердің ирригациялық жүйелері тартылып, ішкі жолдары асфальттелген.  Қазір аулада көгал  төселуде, бригада ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтап жатыр. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие екенін атап өтті. Сонымен бірге құрылыс саласы ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді екенін айтты. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да артпақ. Осы саладағы құжатбастылықтан арылу үшін Президентіміз Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырған болатын. Бұл қазір құрылыс саласындағы кейбір мәселелердің шешім табуына септігі тиюде. Осының арқасында жаңа салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің де саны артып отыр. Алдағы уақытта 432 пәтерлі бірнеше көпқабатты үйді мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана кезегіндегі тұрғындарға үлестіруді жоспарлап отырмыз, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.   

Баспаналы болғандардың дені мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендер. Жалпы «Бақытты отбасы» бағыты бойынша жылдық екі пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 пайыздан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған.  

Бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше  бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады.

Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез келген азаматқа өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, өткен жылы  Шымкентте  тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 1641 азамат несиелік баспанаға қол жеткізген екен. 

Шымкент қаласында үш ауысымды 7 мектеп салынуда
Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриялық экономикалық аймағы жанданып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу