Шымкент қаласында үш ауысымды 7 мектеп салынуда
Шымкент қаласында бүгінгі таңда жеті білім нысанында қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, Сайрам шағынауданындағы №65 мектеп-гимназиясының қосымша 600 орындық оқу корпусы бой көтеруде. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта сынып бөлмелері, кітапхана, логопед кабинеті, спортзал, 220 орынға арналған асхана қарастырылған.
Жалпы елімізде орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында да көрініс тапқан. Президентіміз Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп қаржыландыру көзін де шешіп берген болатын.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында білім нысанында қосымша салынып жатқан ғимарат құрылысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып танысқан болатын. Шаһар басшысы Сайрам шағынауданындағы №65 мектеп-гимназиясындағы құрылыс жұмысымен танысқан соң, Ш.Қалдаяқов көшесіндегі №45 мектеп-гимназиясында да болды. Мұнда 300 орынға арналған 3 қабатты қосымша ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын көрді. Заманауи талапқа сай салынған оқу корпусында сынып бөлмелерінен бөлек, спортзал, зертхана бөлмелері, 78 орынға арналған асхана қарастырылыпты.
Мердігерлердің жұмысына сын сайтқан қала басшысы, «Ғимараттардың интерері классикалық үлгіде болуы керек. Бұл ретте дизайнерлермен тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Құрылысқа қатысты өзекті мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс» деп тапсырма берді.
Бұдан кейін аймақ басшысы М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназиясының да қосымша корпустарының құрылысын көрді. Мұнда жобалаушылармен 1100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320 орындық асхана құрылысы жобаланған екен.
Қала әкімі жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, нысандарды өндірістік кестеге сай аяқтап, үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.