Дәрігерлер жүрегі тоқтап қалған сырқатты аман алып қалды
Денсаулық – зор байлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында денсаулық саласына айрықша басымдық беріп отыр. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дейді Президент.
Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан сырқаттармен жұмыс істерде дәрігерлердің біліктілігі мен жауапкершілігі қашанда маңызды болған. Жуырда Шымкент қаласында дәрігерлердің көмегімен жүрегі тоқтап қалған адам өмірге қайта оралды. Бұл оқиға Шымкент қалалық №2 ауруханасына орын алған. Осы жағдай туралы бізге қалалық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Ержан Шераліұлы айтып берген еді.
- Бұл жағдай, осыдан екі апта бұрын орын алған болатын. Дәлірек айтсақ, 22-сәуір күні түнгі сағат 00:10 шамасында жедел-жәрдеммен елу екі жастағы қала тұрғыны аса ауыр жағдайда жеткізілді. Науқастың түскен кездегі жағдайы өте ауыр болды. Клиникалық өліммен жеткізілді. Түскен кезде алғашқы көмек көрсетіп, ИВЛ аппаратына қостық. Қазіргі жағдайы тұрақты, науқас кислородсыз өздігімен демалуда, –дейді реанимация бөлімінің меңгерушісі Ержан Шераліұлы.
Дәрігерлер науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Ауруханаға жетер жолда клиникалық өлімді бастап кешкен азаматша бұған дейін, яғни 2016 жылы инсульт алғаны анықталыпты. Қиындықтарға қарамастан дәрігерлер науқасқа дер кезінде көмек көрсете білген. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлердің ептілігі, әрі біліктілігінің арқасында ауыр халдегі жүрегі тоқтап қалған науқастың күретамыр тынысы кенет қайта соққан.
Өмірге қайта келген азамат екі күн бойы өмір мен өлім арасында өзін аман алып қалуға жан салған ақ халатты абзал жандарға шексіз алғысын айтып, бүгінде ауруханадан шығып кетіпті.