Шымкентте 227 инвестициялық жоба іске асырылмақ
Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру шаһар билігінің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі. Бұл бағытта өңірдің экономикалық даму жоспары жасалып, алдағы бес жылда атқаратын жұмыстары айқындалған. Соның бірі өңірге инвестиция тарту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Жалпы Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, алдағы бес жылдықта шаһарда 227 жобаны іске асыру жоспарланыпты. Оның жалпы құны 1,7 триилион теңгені құрайды екен.
- Біздің алдыға қойып отырған жоспарларымыз ауқымды. Барлығы да шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Президентіміз «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр. Осыған сәйкес Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2023-2027 жылдары жүзеге асырылатын 227 инвестициялық жобалардың базасы жасақтадық. Инвестициялық ресурстардың өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау жұмыстары жүргізілетін болады. Жобалардың жалпы құны 1,7 триллионтеңгені құрайды. Жоба аясында 18 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда, - дейді ол.
Қала әкімінің айтуынша, оның ішінде биыл атқарылатын жобалар да бар екен. Атап айтсақ, биыл щаһарда жалпы құны 129 миллиард теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда 2500 жаңа жұмыс орыны ашылып, жұмыссыздар тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ.
Бұдан бөлек, қала билігінің араласуымен шаһарда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 84,8 миллиард теңгеге келіссөздер жүргізіліп, даму стратегиясы нақтыланған инвестициялық жобалар тартылғаныпты.
- Әрбір жобаның іске асырылуы қала үшін маңызды. Ол біріншіден шаһар халқының әлаухаты мен экономикасының артуына мүмкіндік берсе, екіншіден салыққа қосымша қаржы құйылады. Біз кәсіп бастаймын, инвестиция әкелемін, жұмыс орнын ашамын деген кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетуге дайынбыз, - дейді Мұрат Әйтенов.