Мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қалыптасып келеді
Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұжымы өз қызметінде шындық, айқындық, адалдық, ашықтық принциптерін ұстана отырып, бүгінгі қоғамның дертіне айналған сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді басты мақсаты санайды.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында еліміздің өркендеуі жолындағы ұстанар басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа бағытталған іс-әрекеттердің алдын-алу, оларды болдырмау екені жайлы қадап айтатыны баршаға мәлім.
Өз қызметін адал атқаруды көздейтін мемлекеттік аудитордың қызмет барысында сыбайлас жемқорлық фактісін болдырмау әрекеті туралы қысқаша баяндап өтейін. Ағымдағы жылдың басында квазимемлекеттік сектор мекемесіне аудиторлық тексеру жүргізген мемлекеттік аудитордың жеке есеп шотына аталған мекеменің есепшісі 50 000 теңге көлемінде ақша аударған. Сыйлық ақы аударылғаны туралы мәлім болған күні мемлекеттік аудитор заң бұзушылыққа төзбеушілік танытқан. Ол дер кезінде жемқорлыққа итермелеу әрекеті жасалғаны туралы департамент басшылығына хабарлаған. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының 18.11.2015 жылғы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» № 410-V Заңының жемқорлық жасау әрекетіне қарсы шектеу қою талаптарына сай мемлекеттік қызметкер ретінде дұрыс шешім қабылдаған. Нәтижесінде құжаттары құзырлы органға табысталып, тиісті жұмыстары атқарылды.
Департаментте сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар тиянақты әрі тұрақты түрде орындалуда. Басшылық үнемі қызметкерлердің өз ісіне адал болуын жіті қадағалауда ұстайды. Осындай жүйелі жүргізілген жұмыс өз нәтижесін көрсетті. Мемлекеттік аудитордың аудит объектілеріндегі жұмысы үнемі бақылауда. Бір мақсатқа жұмылған Департамент ұжымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениеті қалыптасқан.