Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
Қазіргі таңдағы мәселелердің бірі - қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Осы кеселдің үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады.
Біз өмір сүріп жатқан қоғамда әр алуан жан иелері өмір сүреді. Сол секілді қаншама адам болса, соншалықты пікір, соншалықты іс-әрекет болады. Жалпы менің түсінігімде «жемқорлық» деген сөз біреудің бағын байлау, өзімді күнә жасауға итермелеу болып табылады. Арасында теледидардан естіп, көріп жатқанымыздай қоғамда «сыбайлас жемқорлық» атты жағымсыз іс-әрекеттер белең алып барады. Бұның негізгі себептерінің бірі – жеңіл жолмен ақша табу, жалпақ тілмен айтқанда, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүру. Меніңше, мұндай жолмен келген ақша да жақсылыққа жұмсалып, өз алдына ешнәрсе жасай алмайды. Яғни ауамен келген пара, ауамен кетеді.
Бұл мәселеге тереңірек үңілсек, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауісіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресі барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын. Қазіргі таңда көріп жүргендей, қолында бар кезде, қонышынан басып қалатындар көп. Мұның барлығын осы жерден емес, осы жемқорлық, парақорлық немесе індет бұлардың түп тамырынан, ол қалай пайда болды, содан бастау керек. Әр азамат отбасындағы тәрбиеден бастау алып, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына жемқорлыққа жол бермеуді санасына ұялатса, болашақта олардан елім деген азамат шығатынына сенімім мол. Ол үшін қазіргі біздің алдымызда отырған келешек ұрпақ азаматтарын иманды, білімді, сауатты, салауатты етіп тәрбиелесек, бойына осы індетке қарсы тұратындай күш-жігер, намыс ұялата білсек, ертеңгі еліне адал қызмет ететін азаматтар шығатынына сенімдімін.
Сондықтан да бала күннен бастап сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өскелең ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке, адамдарды, дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегендік пен адалдыққа тәрбиелеуіміз керек. Сол үшін ерте жастан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратындай етіп қалыптау, осы кесапатты жоюға мүмкіндік береді деп ойлаймын. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шағымызда сол адами қалып-парасаттың нәтижесінде биіктен көрінуге тиіспіз.
Г.Ш.Берниязова,
Маңғыстау облысы бойынша Ішкі
мемлекеттік аудит департаменті
басшысының орынбасары