Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша республикада көш бастады

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өңір экономикасында тұрақты өсім сақталып, қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 125,2 пайызды құрады. Осылайша Түркістан облысы республика бойынша бірінші орынға шықты.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбекнің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды. Басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылу көрсеткіштері жан-жақты қаралды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдіктеріне жұмысты күшейтуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.
– Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және өңірлерге бөлінген жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету аса маңызды. Әлеуметтік-экономикалық даму бойынша жоспарланған межелерге жету үшін барлық тиісті жұмыстар сапалы атқарылуы қажет. Сонымен қатар республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың уақытылы әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету керек, – деді Қанат Қайыпбек.
Жиында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 571,7 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 133 пайызды құраған.
Өңдеу өнеркәсібінде 272,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім деңгейі 156,5 пайызға жеткен. Ал тау-кен өндірісінің көлемі 244,7 миллиард теңгені құрап, өсім көрсеткіші 117,6 пайыз болған. Жоспарланған межелер толық орындалған.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика сақталған. Сәуір айының қорытындысы бойынша 205,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, саладағы өсім қарқыны 111,3 пайызды құрады. Сонымен қатар, жыл басынан бері негізгі капиталға 470,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 157,4 пайызға жеткен.
Өңірде құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 95,8 миллиард теңгені құрап, өсім деңгейі 110,3 пайыз болған. Бұл облыста әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Ал Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың айтуынша, 1 мамырдағы жағдай бойынша облыс көлемінде түсімдер жоспары 105 пайызға орындалып, бюджетке жоспардан тыс 22,7 миллиард теңге түскен. Жоспардың артығымен орындалуына негізінен өңірдің өзіндік кірістері оң әсер еткен.
Мамандардың пікірінше, инвестициялық белсенділіктің артуы, өндіріс көлемінің өсуі және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз болып отыр. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары халықты жұмыспен қамтуға да оң ықпал етуде.
Бүгінде Түркістан облысында өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері өңір басшылығының тұрақты бақылауында. Алдағы уақытта да инвестиция тарту, өндірісті ұлғайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.


