Ертай Алтаев: Балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды

Oinet.kz 21-05-2026

image.png

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен жауапты басқармалардың басшылық құрамы, сондай-ақ аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Басқосуда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы төрт айдағы көрсеткіштер сараланып, алдағы жоспарлар бекітілді.

Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауапты тұлғаларға профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

– Балалардың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылғанымен, әлі де кемшілікке жол беріп отырған аудандар бар. Сондықтан тиісті жұмыстарды жүйелеп, жауапкершілікті күшейту қажет. Жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы шараларды жандандыру керек. Мектеп психологтарының жұмысын жүйелеу маңызды. Сонымен қатар алда ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі келе жатыр. Осы уақытта оқушылармен тиісті түсіндіру және психологиялық жұмыстар жүргізіліп, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Балалардың мереке күндеріндегі және жазғы демалыс уақытындағы қауіпсіздігі де басты назарда болуы қажет, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Күн тәртібінде балалардың қауіпсіздігін сақтау, ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, мүгедектігі бар балалардың әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ «Соңғы қоңырау» іс-шарасы мен жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздік талаптары талқыланды. Сонымен бірге мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру мәселесі қаралды.

Жиында жауапты мекеме өкілдерінің есептері тыңдалып, құқықбұзушылық деректері жиі тіркелген аудан, қалалардың жұмысы сараланды. Комиссия мүшелері құқықбұзушылықтың алдын алу үшін мектеп, ата-ана және құқық қорғау органдары арасындағы байланысты күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» жобасы аясында да жүйелі түрде жалғасып келеді. Аталған жоба шеңберінде білім беру ұйымдарында профилактикалық кездесулер өткізіліп, буллинг, кибербуллинг, интернет қауіпсіздігі және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар мектептердің қауіпсіздік жүйелерін күшейту, бейнебақылау камераларының жұмысын бақылау және балалар көп шоғырланатын орындарда қауіпсіз ортаны қалыптастыру мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігі тек қоғамдық орындарда ғана емес, интернет кеңістігінде де өзекті мәселеге айналған.

Жазғы демалыс кезеңінде балалардың су айдындарындағы, жол қозғалысындағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Осыған байланысты жауапты мекемелерге лагерьлер мен демалыс орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бақылауды күшейту тапсырылды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстарды назарға алып, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ тиісті мекемелер тарапынан нақты профилактикалық шаралар қабылданып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болуы қажеттігін атап өтті.

Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша республикада көш бастады
Түркістанда жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасының салтанатты іске қосу рәсімі өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу