Түркі елдері жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында қатысушы елдердің президенттеріне Қазақстанның цифрлық экономиканы дамыту бағытындағы бастамалары мен өңіраралық технологиялық ынтымақтастықты күшейту жобалары таныстырылды.
Премьер-министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға еліміздің жасанды интеллектіні стратегиялық басым бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда инфрақұрылым, адами капитал және инновациялық өнімдерді дамыту арқылы толыққанды цифрлық экожүйе қалыптастыру көзделіп отыр.
Бүгінде Қазақстанда Starlink және OneWeb секілді халықаралық компаниялардың жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Бұл шалғай елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуға және цифрлық теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы Қазақстанның транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, Еуропа мен Азия арасындағы маңызды цифрлық дәліздердің біріне айналуына жол ашпақ.
Саладағы маңызды бағыттардың бірі – есептеуіш қуатты арттыру. Қазақстанда аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлер іске қосылып, жасанды интеллект жүйелерін дамытуға негіз қалануда. Алдағы уақытта «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» атты ауқымды жоба жүзеге аспақ. Қуаттылығы 1 гигаваттан асатын бұл хаб AI-есептеулерге негізделген экономиканың жаңа экспорттық моделін қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ғарыш саласында да нығайып келеді. Қазақстан Өзбекстан, Түркия және Әзербайжанмен бірлесіп CubeSat ғылыми жерсерігін әзірлеуде. Жобаны ғарышқа келесі жылы ұшыру жоспарланған. Бұл бастама ғылыми зерттеулерді дамытуға және түркі елдерінің ғарыш технологиялары саласындағы ықпалдастығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесіне де кеңінен енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, eGov AI ассистенті мен AlemGPT платформасы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, халыққа қызмет көрсету үдерістерін жеңілдетуге бағытталған. Мұндай цифрлық шешімдер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға ықпал етеді.
Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде мектептер мен TUMO орталықтарынан бастап, арнайы AI Research университеттеріне дейін жалғасатын үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді. Бұл болашақ IT-мамандар мен инженерлердің жаңа буынын даярлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мамандар, зерттеушілер мен стартап өкілдері тоғысатын ірі инновациялық алаңға айналуы мүмкін. Орталықта ғылыми зерттеуден бастап, жаңа өнімді өндіріске енгізуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Саммит барысында президенттерге көлік-логистика кешенін цифрландыру бағытындағы жұмыстар да таныстырылды. Салаға жасанды интеллект технологияларын енгізу логистикалық процестерді оңтайландырып, кедергілерді азайтуға және аймақтың транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру туралы бастама көтерген болатын. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер бұл ұсынысты қолдап, нәтижесінде Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-сессиясында орталықты Алматы қаласында ашу туралы қарар қабылданды.
Қазақстан тарапы бұл бастаманы қолдаған серіктес мемлекеттерге алғыс білдіріп, алдағы уақытта да цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялар бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.


