Сайрамда көлік жабдықтары шығарылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауында «Шағын және орта бизнес – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды сала.
Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге тиіс», – деген болатын. Президент Жолдауында ерекше назар аударылған кәсіпкерлікті қолдау мәселесі бүгінде өз нәтижесін беруде. Соның жарқын мысалы – Түркістан облысы, Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар.
Аудан тұрғыны, жеке кәсіпкер Ділшат Давранов мемлекеттік қолдаудың арқасында өзінің кәсібін сәтті дөңгелетіп отырған азаматтардың бірі. Ол қайтарымсыз мемлекеттік грантты жеңіп алып, қаржыны тиімді игеру арқылы көлікке арналған жабдықтар шығаратын шағын өндіріс орнын іске қосқан. Қаржыға заманауи станоктар сатып алып, цехты толық жабдықтаған кәсіпкер бүгінде автоорындықтарға арналған қаптағыштар, панель жабындылары, көлік еденіне төсеніштер сияқты көлік салонына қажетті түрлі бұйымдар өндіріп отыр. Барлық өнімдер “Сайрамда жасалған” деген брендпен шығарылады. Бұл жергілікті өнім өндірушілердің беделін арттыруға ықпал етуде.
— Әуелде аз мөлшерде бастап едік, қазір өндірісімізді кеңейтіп жатырмыз. Сұраныс күн сайын артып келеді. Әсіресе жүк көліктерінің иелерінен көп тапсырыс түседі. Бағасын қолжетімді ұстауға тырысамыз, сапасына да ерекше көңіл бөлудеміз. Жаз мезгілінде сауда қыза түседі, – дейді Ділшат Давранов.
Бүгінде кәсіпкердің шағын өндірісінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге қосылған нақты үлес. Әсіресе жұмыс таба алмай жүрген жастар мен көпбалалы отбасылар үшін мұндай мүмкіндіктердің ашылуы өте маңызды. Себебі олар тұрақты табыс көзіне ие болып қана қоймай, кәсіпкерлік дағдыларын меңгеруіне де жол ашылады.
Алайда шикізат мәселесінде кейбір қиындықтар бар. Ділшат Давранов әзірге қажетті материалдарды Қытайдан алдыртуға мәжбүр. Бірақ кәсіпкер болашақта өндіріс ауқымын ұлғайтып, отандық шикізатты пайдалануға көшуді жоспарлап отыр. Бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда ішкі нарықты дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік тумақ.
Сайрам ауданында соңғы жылдары кәсіпкерлікке қызығушылық күрт артып келеді. Ауданда тігін, жиһаз, тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығына қатысты бірнеше жаңа жобалар жүзеге асып, жұмыс орындары ашылуда. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы арқылы қанат жайып келе жатқан осындай өндірістік жобалар – ел экономикасын әртараптандырудың және шағын бизнес үлесін арттырудың нақты көрінісі.
Кәсіпкер Ділшат Давранов алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге жас мамандарды тәжірибеден өткізу, өндірістік оқыту базасын қалыптастыру сияқты әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды қолға алуға да ниетті.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды тиімді пайдаланып, аудан экономикасын дамытуға үлес қосып отырған кәсіпкерлер – ел болашағы үшін маңызды күш. «Кәсіп ашамын, еңбек етемін» деген адамға қазіргі таңда барлық мүмкіндік қарастырылған. Мәселе тек ниет пен талпынысқа тіреліп тұр.
С.АБЫЛБЕК