Сайрам: Жаңа оқу жылына жаңа мектеп

Oinet.kz 02-09-2024 133

62.jpg 

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы елімізде қарқынды қолға алынуда. Соның бір айғағы, «1 қыркүйек - Білім күніне» орай, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылында «Бақдәулет» жекеменшік бастауыш мектебінің 500 орындық қосымша жаңа ғимараты ашылды.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Арман Сәбитов жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, оқу ордасының ұжымына жүрекжарды лебізін жеткізді.

- «Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Былтыр бұл ауылда «Green school» жайлы мектебі қолданысқа берілген болатын. Міне, енді бүгін оқушыларға қолайлы жағдай қалыптастыратын алтын ұялардың қатары тағы да артып отыр. Аталған білім ордасында арт терапиялық, көңілді кітапхана, домбыра, гимнастика, шахмат және таэквондо тәрізді үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылардың озық ойлы, бәсекеге қабілетті болуы үшін ағылшын және математика пәндері тереңдетіліп оқытылады» - деп атап өтті.

Сондай-ақ, оқушылардың жандүниесі жан-жақты дамып-жетілуі үшін психолог, логопед және дефектолог мамандар жұмыс істейді. Жан-жағының бәрі заманауи камералармен жабдықталған оқу ошағында оқушылардың жүріп-тұру тасымалы мен 3 мезгіл ыстық ас мәзірі де мемлекет есебінен тегін қарастырылған.

Бүгінгі маңызы мол жиын барысында қатысушы қонақтарға ұстаздардың «Жасанды интеллект» инновациялық жобасы аясында жеткен жетістіктері таныстырылды.

Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруге бағыттаған жиын соңы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қоңырау соғып, мектеп ұжымының мерекелік бағдарламасымен ұласты.

Айта кетері, аудандағы  барлық білім ұяларында оның ішінде, Қарасу ауылында №74 мектепте 1 қыркүйек - «Білім күніне» арналған салтанатты шара «Мектебім – мейірім мекені» атты тақырыпта аталып өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімі Арман Сәбитов қатысты.

Шара шымылдығы аудан әкімінің мерекелік құттықтау сөз сөйлеуімен ашылды. Ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, шара барысында аудан әкімі мен қатысушы қонақтар оқушылардың жол тасымалы үшін қамтамасыз етілген мектеп автобустарымен танысты.

Салтанатты кеш соңы ұстаздар мен оқушылардың орындауында әндер мен ұлттық билер орындалуымен, концерттік бағдарламалармен жалғасты.


Сайрам: Қаржыны тиімді игеру мәселесі талқыланды
Түлкібас: Жылыту маусымына дайындық пысықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу