Шардарада жаңа жол пайдалануға берілді
Шардарада қалалық емханаға баратын жаңа жол пайдалануға берілді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасымен, жергілікті бюджет есебінен қалалық емханаға баратын жаңа жолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы ұззындығы 235 метрді құрайтын жол аудан тұрғындарының емханаға кептеліссіз келіп-кетуі мен жедел жәрдем көліктерінің ауруханаға кедергісіз кіріп-шығуына мол мүмкіндік бермек.
Айта кетсек, 2024 жылы Шардара қаласындағы 16 көшеге тас және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, шаһардағы О.Жандосов, Ш.Уәлиханов, Юсупов, Смағұлов-Алаш, Б.Момышұлы, Ақан Сері және жаңа емханаға баратын жолға, Тәуелсіздік, Қорқыт ата, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Мұнайбаза, Мұса Жәлел, Т.Рысқұлов көшелеріне асфальт төселіп, халық игілігіне берілді. Құршан Ералиев, Ә.Қастеев, Ерәлиев көшелеріне асфальт жабынын төсеу мақсатында тегістеу, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы 2024 жылдың қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтап, тұрғындар игілігіне табыстау жоспарлануда.
Сонымен қатар “Ауыл Ел бесігі” бағдарламасы аясында Қоссейіт ауылдық округіндегі 9 көшеге асфальт жабыны төселуде.