БАҚ өкілдері мен өлкетанушылар сенбілік ұйымдастырды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентіндегі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» саябағында орналасқан мемлекет қайраткері Қосман Айтмұхаметовтың ескерткішінің айналасына тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сенбілік облыстық мәслихат депутаты, «Айғақ Медиа» холдингінің директоры Дулат Әбіш бастаған БАҚ өкілдері мен өлкетанушылардың ұйымдастыруымен өтті. Атқарылған жұмыстар барысында бұталар оталып, арам шөптер шабылды. Одан бөлек, саябақтағы орындықтар мен қоқыс жәшіктері сырланып, қоқыстан тазартылды. Тазалық шараларына облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ауданның белсенді ардагерлері мен ауыл әкімдері, жастар қатысты.
«Көштің Мақтаарал ауданына келуінің себебі, Қосман Қайыртайұлының ерен еңбегін еске алып, оның ескерткішінің маңына тазалық шарасын өткізу болды. Біздің сапарларымыз еліміздің ынтымақ-бірлігін нығайтып, көпшілікке ой салып, жігер бермек. Біз қайда жүрсек те киелі жерлерімізге, тау-ормандарымызға, даламызға, бұлақ-суларымызға, ең бастысы тұрып жатқан жерімізге үлкен жанашырлықпен қарауымыз керек» - деді, Дулат Әбіш.