«Таза Қазақстан»: Сенбіліктер барлық аудандарда жалғасуда
Арыс қаласында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасына сәйкес, шаһар 17 секторға бөлінген болатын. Әр секторға әкімдік бөлімдері мен аппараты, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер жауапты болып бекітілген. Осыған орай өткен сенбілікте әр сектор өздеріне тиесілі аумаққа тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды шығарып, арамшөптерді отады.
Тазалық шарасына мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, түрлі мекеме, кәсіпорын, ұжымдардан белсенді азаматтар атсалысты. Мұндай тазалық жұмыстары барлық ауылдық округтерде өз жалғасын тапты.
Шабылған арамшөптерді жою және қаланы таза ұстау мақсатында «Kazakh Real Stroy» мекемесі арнайы техника көмегімен оларды жинап, тасымалдауды қолға алды. Мұндай шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
«Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында шардаралықтар Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан “Тың игерушілер” саябағында сенбілік өткізді. Тазалық шарасына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудан ақсақалдары, ауыл билері, қоғам белсенділері, жастар, мешіт жамағаты және тағы да басқа ұйымдарды қосқанда 100-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ, аудан өнерпаздары ән айтып, тазалық шарасына қатысушылардың көңілін көтерді.
Осындай шара Сайрам ауданында да жалғасты. Ауданда экологиялық тазалығын сақтау мақсатында сенбілік өтті. Шараға аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен ерікті жастар, жалпы 750-ге жуық адам атсалысты. Әрқайсысы өздеріне тиесілі аумақтарға тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталған сенбілік жұмыстары аясында республикалық, облыстық маңызы бар автожол жиектері, ішкі көшелердің бойы, саябақтар мен мәдени-тарихи орындар, сауда орындары мен базарлар, арық-атыздар, өзен маңдары күл-қоқыстардан, шөптен тазартылды. Мекеме мен кесене аулаларындағы гүл көшеттерінің түптері қопсытылып, суғарылды. Сондай-ақ, кейбір кеңселердің қасбеттері, қираған қоршаулары сырланып, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, тұрғын үй аулаларының алдындағы қураған ағаш бұтақтары қырқылды.
Айта кетейік, көшелерді күтіп, таза ұстау және қоршаған ортаны қорғай отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған сенбілік жұмыстары барысында 23 техниканың көмегімен 14,6 тонна қоқыс арнайы аумаққа тасымалданды.
Отырар ауданы аумағындағы елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру мақсатында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Шараға атсалысқан түрлі мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары әрбір бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында қоршаулар сырланып, арам шөптер оталды. Көше бойындағы арық-атыздар күл-қоқыстардан тазартылып, жиналған қалдықтар арнайы орындарға жеткізілді. Жалпыхалықтық шара аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінде де ұйымдастырылып, тұрғындар қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытты.
Сенбілік жұмыстарына "Отырар - 2050" көгалдандыру мекемесінің арнайы техникаларымен қатар жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қоқыс шығаратын көліктер жұмылдырылды. Жиналған қоқыс қалдықтары арнайы полигондарға жеткізілді.
Ал Мақтаарал ауданында өткен сенбілікке 3 мыңнан астам адам қатысты. Ауданның кіреберісі саналатын Азаттық ауылынан Атакент кентіне дейінгі, Атакент кентінен Мырзакент кентіне дейінгі республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойы және Мырзакенттен Жетісайға дейінгі облыстық маңызы бар КХ-100 автожолының бойында тазалық жұмыстары жүргізіліп, арам шөптерден тазаланды.
Акцияға аудан әкімі аппараты, ауданның дербес бөлімдері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктері, жалпы мемлекеттік қызметкерлер және дербес бөлімдерге қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғам белсенділері, жалпы аудан тұрғындары қатысты.
Сенбілікте автожолдардың бойы жабайы шөптерден тазартылды. Аялдамаларға әктеу-сырлау жұмыстары атқарылып, билбордтар және жарықшам бағаналары сырланды. Ағаштарды ақтау жұмыстары да қоса жүргізілді.
Жалпы сенбілікке 15 техника, 3 мыңнан аса адам қатысып, 40 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Созақ ауданындағы барлық ауылдар мен елді мекендерде де сенбілік өтті. Аудан орталығы Шолаққорған ауылында ішкі көшелерге тазалық және көгалдандыру жұмыстары жүрді. Одан бөлек, саябақтар ретке келтіріліп, тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Нәтижесінде 36 шақырым көше бойы мен 19 шақырым аяқ жолдар және өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланды. Атқарылған шараларға 21 арнайы техника тартылып, полигонға 81 тонна қоқыс тасымалданды. Жалпы тазалық шараларына 2500-ге жуық мекеме қызметкерлерімен қоса ардагерлер ұйымы және қоғамдық ұйым мүшелері жұмыла кірісті.
Сонымен қатар, аудандағы Қарақұр ауылдық округіне қарасты Раң ата елді мекенде тазалық шаралары өтті. Сенбілікте ауылдағы ішкі көшелер ретке келтіріліп, күре жолдардың бойы қоқыстардан тазартылды. Атқарылған шараларға 2 арнайы техника мен 70-ке тарта тұрғын атсалысты. Нәтижесінде ауылдың ішкі көшелері тазартылып, 3 тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды.
Жетісайда мемлекеттік қызметкерлер мен ерікті жастардың және жергілікті тұрғындардың қатысуымен тазалық шаралары өтті. Сенбілік барысында
көппәтерлі тұрғын үйлер мен саябақтар, скверлер, аллеялар және автожолдар қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ, арам шөптер шабылып, қураған ағаштар бұталды. Атқарылған жұмыстарға 800-ге жуық адам мен 15 техника жұмылдырылған.
Тазалық шараларына қатысқан аудан әкімі Серік Үсенұлының сөзінше, тазалық шаралары тұрғындарды туған өлкені таза ұстауға және жастарды еңбекке баулу мақсатында ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратының бөлімдері мен кент, ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері сенбіліктерге қатысуда.
Сонымен бірге Конституция күні мерекесі қарсаңында Кентау қаласының тұрғындары жаппай сенбілікке шығып, қаланы күл-қоқыстан тазартты.
Қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасына сәйкес, қаланың 6 аймағында сенбілік шарасы ұйымдастырылды. Оған қала кәсіпкерлері, төтенше жағдай қызметкерлері, қалалық емхана және аурухана қызметкерлері, білім бөліміне қарасты мекемелер, барлық қала әкімдігіне қарасты сала қызметкерлерінен құралған 2000- ға жуық адам жұмылдырылды.
Тазалық шарасы қаладағы Кеншілер саябағында, Д.Қонаев даңғылы, Кентауға кірер тас жол бойы, Т.Рыскұлов көшесі, Спорт мектептері, мектеп және балабақша мекемелерінің аулаларында өткізілді.
Қаланың тазалығын сақтауға, таза қала бейнесін қалыптастыруда кентаулықтар үздіксіз атсалысып келеді. Алдағы уақытта қала көлемінде мұндай шаралар жалғасады.
Сауран ауданында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында көгалдандыру және тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ауданға қарасты 12 ауылдық округте және білім бөліміне қарасты 42 мектеп өз аумақтарында жаппай сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Сонымен қатар, экологиялық шара аясында әктеу, сырлау, арық-атыздары тазалау жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ. аяқ жолдар тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді. Көпірлердің, өзендердің, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды. Сенбілікке аудан тұрғындары, белсенді жастар мен еріктілер де өз үлестерін қосты. Жалпы тазалық жұмыстарына 828 адам қатысып, 5 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 41 тонна қоқыс шығарылды.