Сайлау-2023: Партиялар үгіт-насихаттың алғашқы аптасын қалай бастады
18 ақпанда сағат 18.00-де Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталған.
Сайлауға жіберілген 7 саяси партия ел назарын өзіне аудару үшін насихат шараларын түрлі форматпен бастап кетті. Назарларыңызға олардың апта ішінде өткізген ең сүйекті деген шараларына шолу жасап көрейік.
«Байтақ»
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Ал осы партия атынан Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелген Владимир Мартель экология мәселесі өзекті болып тұрған Өскемендегі қоқыс өңдеу зауытының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Бұл зауыт жұмысын былтыр бастаған болатын. Жобалық қуаты сағатына 25 тоннаға дейін қоқыстарды сұрыптауға қабілетті делінетін кәсіпорынды жергілікті әкімдік Орталық Азиядағы теңдессіз зауыт ретінде таныстырып жүр. Кездесуге қатысушылар экологиялық салаға қатысты көптеген мәселелерді, соның ішінде қоқыс өңдеудегі проблемаларды талқылады.
Зауыт жұмысшылары жалақы туралы мәселе көтеріп, айына 140-180 мың теңге алып жүргендерін айтқан. Кандидат қоқыс жинау мәселелерін, электрондық бұйымдардың қалдықтарын заласыз қажетке жарату, мәселелері туралы пайымын айтып, зауыт ұжымының жұмысы Шығыс Қазақстан өңірінің экологиялық ахуалы үшін аса маңызды екенін атады.
Respublica
Respublica партиясының кандидаттары Алматыда 100-ден астам адам жұмыс істейтін «APR Construction» ЖШС құрылыс компаниясының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу аясында партия өкілдері еңбекші жастарды қолдау мен кәсіпкерлерге мүмкіндік берудің маңыздылығына тоқталды. Мәжіліс депутаттығына кандидат Динара Наумова дарынды жастардың кез келген салада, оның ішінде саясатта да тың өзгерістер енгізе алатынын айтты.
Оның пайымынша, жастардың қолында қоғамды жақсы жаққа өзгертуге бағыттайтын тетіктірдің бәрі бар және оны тиімді падалана білу қажет. Сондай-ақ, ол әрбір қазақстандық кез келген тақырыптағы проблемасын жариялай алатын арнайы платформа құруды жоспарлап отырғандарын мәлім етті.
Қазақстан Халық партиясы
Мәжіліс депутаттығына кандидат, Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Ирина Смирнова Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен онлайн режимде кездесті.
Ол партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, елде қалыптасқан жағдайды өзгерту жөніндегі нақты іс-қимылдарды атады. ҚХП «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жақтайтынын атап өтті.
Спикер Денсаулық сақтау және білім беру тақырыбына тоқталып, әрбір қазақстандық тегін медицина алуға құқылы екенін, ал дәрігерлер, медбикелер, мұғалімдер мен басқа да кәсіп өкілдері лайықты еңбекақы алуы тиіс деп есептейтінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, кездесуде тұрғындарды несиелендіру, АӨК дамыту, көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау, қолжетімді тұрғын үй салу және т.б. мәселелер талқыланды.
«Ақ жол»
Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясының республикалық штабының мүшелері Алматы облысына барды. Партия өкілдері Жетісу облысының орталығы Қонаев қаласында «Маревен Фуд» компаниясының еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорында 850 қызметкер жұмыс істейді. Шығарған өнімдері оннан астам елге экспортталады. Кездесу барысында партия жетекшісі сайлауда ұсынып отырған саяси бағдарламаның басым бағыттары туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол әділ бәсекелестік, әлеуметтік саясат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, конституциялық реформа және шетелге заңсыз әкетілген қаражатты елге қайтару мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Кездесуге жиналған халық кедендік саясатты қайта қарау, әлеуметтік әділеттілік, ауыл шаруашылығында өнім шығарушылардың субсидия арқылы қолдау саясатын сауатты әрі тұрақты ұйымдастыру, шаруаларды жаңа техникамен қамтамасыз ету, саладағы машиналар паркін жаңарту мәселелерін қозғады.
«Ауыл»
«Ауыл» партиясы Алматы қаласындағы «Сайран» және «Мәскеу» метробекеттерінде «Өнімдер сөрелерде өспейді» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды. Шараға Мәжіліс депутаттығына кандидат – Айбын Төреханов, Жандос Тұрсынғалиев, Қантай Әлібек, Алмас Мұхаметов, Ілияс Досхожаев, Анна Данченко және Қарақат Әбден қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «Ауыл» ХДПП атынан түсетін кандидаттар «Өнімдер сөрелерде өспейді» тақырыбында ұйымдастырылған фотокөрме аясында қала тұрғындарына партия сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Партияның азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша қолданатын тәсілдері жайлы айтты. Азық-түліктің шығу төркінінен түсінігі жоқ, ел азық-түлік қауіпсіздігін дүкен қамтамасыз етеді деп есептейтін бүгінгі буынның жетесіне жетердей үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
«AMANAT»
«Amanat» партиясы Астанада елдің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам қатысушының басын әйелдер форумында қосты. Жиынға белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, көпбалалы аналар, кәсіпкерлік, білім беру сияқты және басқа да салалардың өкілдері қатысты.
Шара барысында «Amanat» партиясы әйелдердің қоғамдағы рөлін, олардың өз қабілет-қарымын іске асыру және елдің саяси өміріне белсенді араласу мүмкіндігін арттыруға бағытталған бастамалар талқыланды.
Партияның республикалық сайлауалды штабының басшысы Ерлан Қошанов әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне және қоғамдық өмірге араласуын кеңейту қажет екенін атап өтті.
Жалпы, партия жақсы жалақы мен жоғары лауазым адамның жынысына емес, дағдысына қарай берілетін мәдениет қалыптастыруға ниетті. Партия тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды жақтайды және көпбалалы аналар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау шараларын күшейтеді.
ЖСДП
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия астаналық сайлаушылармен кездесті. Шараға елорда студенттері мен университет оқытушылары қатысты.
Партия төрағасы Асхат Рахымжанов бүкіл үгіт-насихат кезеңіне арналған жоспарлары туралы мәлімет беріп, әлеуметтік-экономикалық салада ұсынып отырған бастамаларға тоқталды. Партия өкілдері Қазақстанның даму үдерісі туралы пікір-пайымдарын ортаға салса, кездесуге жиналған тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойды. ЖСДП өкілдерінің айтуынша, партия еліміздің әр өңірінде 500-ден астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
Асхат Рахымжанов кездесудің ашық әрі еркін форматта өткенін атап өтті. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері қатысушылардың тілектері мен сұрақтарын тыңдап, оларға жауап берді.