Сайлау-2023: ЖСДП тізімі талапқа сай

Oinet.kz 14-02-2023 301

Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардың тізімін тіркеуді жалғастырып жатыр. Комиссия мүшелері Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Мәжіліс депутаттығына үміткерлерінің тізімін қабылдап, талапқа сай келетінін мәлімдеді.

Screenshot_12.jpg

Мәжіліс сайлауына Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 19 кандидат ұсынды. Оның 31,6 пайызын әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар (6 адам) құрайды. Осылайша, партия заң бойынша белгіленген квотаны сақтап отыр.

«Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік органдармен бірлесіп, тізімге енген кандидаттардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін тексерді. Партиялық тізімде көрсетілген барлық адам Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына толықтай сәйкес келеді», деп мәлім деді ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова.

Сондай-ақ ол аталған партияның Парламент Мәжілісі депутаттарының 6-шақырылымдағы сайлауына қатыспағанын айтты. Сол үшін ЖСДП-ға жарна төлеу міндеттелді. Айта кетейік, ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшері 1 050 000 (15х70 000) теңгені құрайды.

«ЖСДП «Сайлау туралы» заңның 88-бабына сәйкес партия тізімін тіркеу үшін ОСК шотына сайлау жарнасын төлеуі қажет. Жарна сомасы ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерін құрайды. Ол  партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін жеке енгізілуге тиіс. Қазір ЖСДП сайлау жарнасын толық көлемде төледі», деді Анастасия Щегорцова.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өзін оппозициялық партия ретінде танытып, бұған дейін өткізілген Мәжіліс сайлауына қатысудан бас тартқан еді. Десе де, «бұл уақыт аралығында ел назарынан тыс қалып, тарап кеткен жоқпыз», дейді партия өкілдері.

«Біз осы жолы сайлауға қатысамыз деп шешім қабылдадық. Сеніміміз зор. 19 кандидатымыздың барлығы депутат болуға лайықты. Халыққа да жақсы таныс. Осыған дейінгі сайлауға қатыспағанымыздың бірнеше себебі бар. Біз сайлау заңына өзгеріс енгізу қажетін айтқан едік. Қазіргі мажоритарлық жүйені енгізу, партиялық тіркеу мөлшерлемесін азайту, кандидаттар үлесін-дегі әйелдер санының басым болуы секілді мәселені айтып, көтерген едік. Халықаралық ұйымның мүшесіміз, сайлауда бекітілген 30 пайыздық үлесті біз бұрыннан айтып келе жатырмыз. Айтқан мәселеміз, талабымыз жүз пайыз болмаса да орындалып келеді», деді ЖСДП тізімі бойынша депутаттыққа кандидат Мақсұт Насибулов.

ОСК «Ақ жолдың» мәжіліс сайлауына ұсынған партиялық тізімін тіркеді
Түркістан: Мемлекеттік грантқа өтінім қабылдау басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу