Өнегелі ісімен 84 жастағы Әжекбар ата ел құрметіне бөленді

Oinet.kz 18-11-2022 281

Халқымызда жол салу, көпір салу, құдық қазу секілді өнегелі істерді атқарған адамдар өмір бойы ел алғысына бөленіп, мол сауапқа кенеледі деген ұғым бар. Болашақ ұрпағына осындай қасиетті, қайырымы мол істерді өсиет етіп қалдырған ата-бабаларымыз елге, жерге қызмет ету осы секілді қастерлі істермен бастау алатынын ертеректе айтып кетсе керек. 

Screenshot_52.jpg

Осы орайда бабалар өсиетін бойына сіңіріп, келешекке берер тағылымы мол игі істерді жалғастырып жүрген азаматтар елде аз емес. Сондай жанның бірі, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Әжекбар Қорғанбеков. 

Жақында ол жаяу жүргіншілер көп жүретін «Ақтөбе» каналының бойына көпір салып берді. Каналдың екі жағасын жағалай отырған тұрғындар бұған дейін ескі көпірден өтіп, мектепке оқуға баратын балаларының жағдайына алаңдап келген еді. Аталған көпірден отыздан аса отбасының алпысқа жуық балалары мектепке барып қайтатын. Бүгінде жаңадан салынған көпір ата-аналардың уайымын сейілтіп, тұрғындарға қуаныш сыйлады.

Ауыл тұрғындары осы өнегелі ісімен елге сыйлы болған Әжекбар қарияға алғысын жаудырды. Ауыл тұрғындары бұл оқиғаны елеусіз қалдырмай, жиналып, салтанатты түрде лентасын қиып, ашылуын жасады. Сөйтіп ауыл тұрғындары Әжекбар атаға құрметін осылай білдірген еді. 

Бұл іс-шараға Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Құдайберген, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ерман Дайрабаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймурзаевтар сауабы мол қайырлы істі қолға алып, ел игілігіне қажетті көпір салып берген ауыл қариясының өнегелі ісіне ризашылығықтарын білдіріп, Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповтың құттықтау хатын табыстады.

Іс-шара барысында Ақтөбе ауыл округінің әкімі Исахан Тайгелтір ел ауызында көптен бері айтылып жүрген мәселеге бей-жай қарамай, көпір салу ісіне қолдау білдірген ауыл қариясына және оның тәрбиесін алған ұрпақтарына елдің алғысын айтса, Қ.Мұңайтпасов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Жангелді Нұров мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, балалардың мектепке алаңсыз барып қайтуына жағдай жасаған ақсақалға ыстық ықыласқа толы лебізін жеткізді.

Ақтөбе ауылында туылып ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек еткен Әжекбар Қорғанбеков бүгінде 84 жасқа толып отыр. Бейнетінің зейнетін көрген абыз ақсақал көпірді салу мәселесі көтерілгенде қарап отыра алмағанын, туған елге, туған жерге азаматтық парызын осындай өнегелі істерімен өтеуді жөн санағанын айтады. Осылайша көпшіліктің алғысына бөленген қария көпшілікке - «халық көпірдің игілігін көрсін, еліміз өркендеп, ауылдарымыз көркейе берсін» - деген ақ батасын беріп, елдің амандығын тіледі.  

Қоғамға берер тағылымы мол шарада ауыл қариялары мен ақ жаулықты аналар да жүрекжарды тілектерін айтса, Әжекбар қария мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев жаңа көпірдің лентасын қиып, көпірдің үстімен алғашқылардың бірі болып жүріп өтті.

Қайтарымсыз грант кәсібін ашуға жол ашты
Ақындар жыры балаларға арналды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу