«Қатал адамға айналады»: Маман қандай әйелдер екінші әйел болуға келісетінін айтты

Oinet.kz 27-08-2024 1438

Қоғамда да, әлеуметтік желіде де "тоқал алу" мәселесі қызу пікір-талас тудырып тұр. Сыйлық ретінде күйеулеріне "тоқал" сыйлап жатқандар да аз емес. Осыған қарап, халыққа бұл мәселенің маңыздылығын түсінуге болады. Massaget.kz тілшісі екі әйел алған кейіпкермен сұхбаттасып, жалпы қандай адамдар көпәйел алуға құмар болатыны туралы психологпен және теологпен сұхбаттасқан, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_13.jpg

Кейіпкеріміздің жасы 35-те, кәсіпкер. Аты-жөнін айтпауымызды өтінген оның бүгінде екі әйелі бар. Алғашқысымен заң алдында некелессе, екіншісін мешітте қидырған.

"Екінші әйеліммен 30 жасымда некеге тұрдым. Ол кезде жасы 19-да болды. Бірақ заңды некеде емеспіз. Ата-анасының алдынан өтіп, рұқсатын алдым. Сосын қаламыздағы мешіттің имамына барып, некемізді қидырдық. Бірінші әйеліммен 23 жасымда үйленгенмін. 4 қызым бар. Әйеліммен үйленер кезде екінші, үшінші әйел алуға көзқарасымды ашып айттым. Ол да келісті. Қазір қоғам еркекті кіналап жатыр ғой. Дегенмен, денсаулығың, қаражатың жетіп тұрса алуға не кедергі? Екеуіне де бірдей қараймын деп айта аламын. Тіпті ұят болса да айтайын, арнайы апта күндерін де белгілеп қойғанбыз. Екеуінде де үй, көлік бар. Балалардың шығынынан бөлек өздеріне бөлек ақша беріп отырамын. Жеке кәсіппен айналысамын, сондықтан материалдық жағдайым жақсы. Қазір екінші әйелімнен 2 ұлым бар, екеуі де өз атыма жазылған. Тағы бұйыртып жатса, үшінші әйел алу ойымда бар. Қазақтың санын көбейткім келеді", - деді ол.

"Құранда "бір әйелмен өмір сүрген жақсы" делінген"

Кейіпкеріміздің оқиғасы туралы айтып, теолог Нұрлан Байжігітұлына хабарластық. Ол екінші әйел алуға қатысты Құранда жазылған аятты талдап берді. Айтуынша, "бір әйелмен өмір сүрген жақсы" делінген.

"Қазақ байыса қатын алады" дейтін жағдайға жеттік қой. Мәселе көпбала мен әйелдің санын көбейту емес, мәселе бар әйелмен бақытты өмір кешуде, оның ризалығын алып, екеуіңнен тараған ұрпаққа дұрыс тәрбие беруіңде. Саны бар, сапасы жоқ ұрпақты көбейтіп, оны асырай алмасаң, тиісті білімін бере алмасаң - әйелді көбейту жақсы дүниеге әкелмейді. Қалтасына ақша көбейсе әйел алатын азаматтар сәл де болса ойланса екен. Екінші, үшінші әйел алу кезінде отбасы бұзылады, балалар шеттетіледі, бірге өмір сүре алмайды. Сондықтан бұл - үлкен мәселе. Жалпы бұл туралы Құранда жақсы аят бар. Алла Тағала Құранда: "Екі, үш әйел алуға болады, бірақ бір әйел алған жақсырақ" деген. Ал еліміздегі көп ер адам бұл қасиетті аяттың көп әйел алу туралы айтылған бірінші бөлігін ғана үйреніп алады. Ал жалғасында: біріншісі бәрібір жақсырақ, бір әйелмен өмір сүрген жақсы" делінген, - деді теолог.

"Екінші әйелде еркектің тынысы ашылады"

Ал этнограф Ғазизға Бекееваның пікірінше, екінші әйел алған еркектің жаңа тынысы ашылады.

"Негізі екінші әйел алғысы келген еркекке қолдау керек. Өйткені екінші тынысы ашылып, өмірінде үлкен өзгерістер пайда болады. Бұрынғы уақытта неге бәйбіше мен тоқал тату болған, бәйбішелер неге тоқалын өзі таңдап әперген? Себебі сол уақытта бәйбіше құрметті болып қалатынын білді. Ал екінші әйел азаматтың алдында да, бәйбішенің алдында өзін міндетті сезінеді. Екі әйелдің арасындағы сыйластық еркекке байланысты. Дегенмен олардың қарым-қатынасы күндестіктен гөрі апалы-сіңілінің қарым-қатынасы сияқты болуы керек. Себебі азамат ортақ, соны ескеру керек", - деді ол.

"Екінші әйел алу - иллюзия"

Психоанализ бағытындағы психолог Мейіргүл Бимағамбетованың айтуынша, екінші әйел алу балалық шақта алған трамвалардың әсерінен болуы мүмкін.

"Бұл мәселені адам өміріндегі қиындық, мәселе деп қарастыруға болады. Кез келген мәселенің түп тамыры балалық шақта алған трамвалардың әсерінен деп есептейміз. Біздің еліміздегі ер адамдардың екінші әйел алуының бірден бір себебі - "еркекпін бе, еркек емеспін бе", "әлсізбін бе, күштімін бе" деген сұрақтың мазалауынан туындап отыр. Екінші әйел алу ер адамға мансап, дәреже  көрсетеді, оның еркектігінің дәрежесін жоғарылататын бір фактор ретінде көрінеді. Алайда бұл жалған иллюзия. Екінші әйел алып, еркек ретінде өзімді жақсы сезінемін, дәрежемді жоғарылатамын деген иллюзия. Екінші, үшінші әйел алса да, ер адамдар өзін іштей жалғыз сезінеді. Сондықтан да, факторлар көп. Менің ойымша, алдыма келген клиенттерден байқағаным - екінші әйел алудағы басты мәселесі - "мен еркекпін бе" деген сұраққа жауап іздеуі", - деді ол.

Сондай-ақ, психолог адам өзінің трамвасына қарай болашақ жарын іздейтінін айтты.

"Адамның бойында қандай да бір жан-дүниесінің қынжылысы болса, ол тура сол қынжылысты қандай адамнан болса да іздейді. Бірақ өзін-өзі зерттеп, жарасын жамамайынша, соған ұқсас адамдарды кездестіре береді. Біздің балалық кезімізде қандай трамва болды - соған сәйкес болашақ жарды іздейміз. Алғашқы жарын таңдаған кезде ересек адам өзінің дүниесіндегі қандай да бір критерийлерге сай таңдайды. Ол иллюзияға, фантазияға толуы мүмкін. "Мына әйел мені жақсы көреді", "ата-анама жақсы қарайды", "маған үнемі таңғаларлық көзқараспен қарап жүреді" деген өзіне тән иллюзияға сай үйленеді. Өзінің еркектігін дәлелдей алмай жүрген еркек "ойбай" деп таңырқай қарайтын қызға үйленді дейік. Бірақ ол иллюзия. Қыздың да өзіне тән трамвалары бар. Аз уақыттан соң бір-бірін тани бастағанда қызда да, ер адамда да көңіл қалу болуы мүмкін. "Әйелім 10 жыл бұрынғы көзқараспен қарамады" деп ойлауы мүмкін. Сосын сондай қыздар "ағай, өте күштісіз" деп таңырқай қараса, ол тағы да баяғы иллюзиясына құлап кетеді. Адам иллюзиядан айырылмайынша, иллюзиядан иллюзияға өтіп жүре береді", - деді маман.  

"Ересек ретінде қабылдамаған әйелдер екінші болуға келіседі"

Психолог өз-өзін ересек ретінде қабылдамаған қыз-келіншектер екінші әйел болуға келісетінін баса айтты.

"Олар ер адамнан көп жағдайда әкесінің фигурасын көруі мүмкін. "Бірінші әйелінде көп қателік жіберді, ал менімен үйленгенде қателік жібермейді" деп иллюзияға толы ойды құрастырып алады. Бұл жерде қыз-келіншектер әйелдігін емес, өзін тұлға ретінде қабылдамағаннан болады. Көп жағдайда екінші, үшінші әйел болуға келісетін қыздар эмоциялық деңгейде ересектікке жетпеген болуы мүмкін. Екінші әйел болған кезде бастапқыда иллюзия болады. Бір-бірін танып, бетперделері шешілген кезде шынайы өмірді таныған кезде психологиясына қатты әсер етеді. Екінші әйел болып тұрмысқа шыққан қыздардың өмірі шынайы өмірді таныған соң эмоциялық жағдайы бірден ересектікке ұласып жатады. Өйткені олар иллюзиядан тез арылады. Ащы шындық оларға қатты тиіп, қатал адамға айналуы да мүмкін", - деді ол.

Маман мұндай тағдыр иелері қабылдауына келетінін айтты.

"Екінші әйел болып тұрмысқа шыққан келіншекпен екі жылдай жұмыс істедік. Терапия толыққанды аяқталды деп айта алмаймын. Бірақ оның біршама уақыттан кейін өз өміріне жауапкершілік алатынын білді. Бір үйде бәйбішесімен бірге тұру ол үшін өте төмен нәрсе екенін түсінді. Өзінің дербестігін, тәуелсіздігін алғысы келіп, ажырасқысы келді. Сол жағдай шиеленісіп кетті де, соған шыдамай терапияны тоқтаттық. Себебі ол өте қатты қиналып кетті, тығырыққа тірелді. Сол кезде ол күйеуімен бірге тұруға шешім қабылдады. Өйткені балалары болды. Өмір болған соң біреулер ажырасады, біреулер осындай шешім қабылдайды", - деді психолог.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 120 851 неке тіркелген. Оның ішінде қала бойынша 80 009, ауыл бойынша 40 842 неке тіркеліп отыр.

Қарындасым бізді күллі ауылға қарабет қылды
Енем атамның жылы өтпей жатып, жас жігіт тауып алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу