Ата-енем қолдағы барымызды 5 немересінен қызғанып тартып алды

Oinet.kz 16-10-2023 2469

Көрші үйдегі таныс әйел көңіл күйі түсіп, аулада отыр екен. 5 баласы бар, тұңғышы ұл, қалғандары қыз бала. Өзі бір мекемеде іс-қағаз жүргізеді.  Қас қарайғанда үйіне кірмей, сыртта отырғаны біртүрлі көрінді, балалары болса кішкентай, үлкенінің өзі 10-нан енді асқан. Амандасқан соң, ақырын қасына жайғастым. Түтігіп кеткен.

Screenshot_13.jpg

- Көңіл күйім жоқ, пәтерақыны енді төлеп болсам, келесі ай сап етіп келеді де тұрады. Айлық аз, анау байдың тапқаны тек жилстрой депозитке, сосын пәтерақыға кетіп жатыр. Кредиттен бүгін құтылдым. Бала-шағаның ас-ауқаты бар, киімі, оны-мұнысы дегендей... Қажып кеттім, - деп қос қолымен бетін жапты. Жылап отырған сияқты.

Құдай кешірсін, бірақ "бұлай қажитының бар, несіне тудың?" деп айта жаздадым.

- Қажығаны нес? Денің сау, балаларың аман, күйеуің қасыңда, жұмыс бар, енді не керек? Ақырын, ретімен бәрі болады ғой, қой, түңілме, - деп басу айтқан болдым.

- Ееей, сіз білмейсіз ғой, менің осы уақытқа дейін қалай қиналғанымды. Бізде үй де болды, бизнес те болды, бәрі бар еді. Бұлай сорлап қаламыз деп ойламадық, - деп дауысы жарықшақтанып шыға бастады.

Бұл әйелмен жақын араласқан емеспін, тек аулада балаларын ойнатып отырғанда жиі көремін, сосын дүкенде жолығысып қаламыз. Қашан көрсең асығып жүретін оның бүгін уақыты тоқтап қалғандай...

- Кеше кластасымды көріп қалдым, бір ұлы бар екен менің баламмен жасты. Бірдей тұрмысқа шыққанбыз. Сол қоярда-қоймай шақырған соң, бүгін қонаққа барғанмын. Үлкен жер үйде тұрады екен, ауласында бау-бақша жайқалып тұр. Күн жылы болған соң, ауласында отырдық. Неше түрлі аспен дастарханды гүлдендіріп жіберді. Күйеуі барбекю жасады, керемет отырдық. Үйін араладым, қазіргі стильмен күшті жасалған. Жаныңа керектің бәрі ойластырылған. Бірақ көп мақтана берді, жыл сайын үшеуі курортқа барады екен. Сосын жиі ел-жер көреді екен. Қазақстанның менмін деген демалыс орындарының бәріне барып келген. Тамақты көбіне үйде істеп әуре болмайды, пикник жасайды, болмаса, кез келген уақытта баласымен кафеге, ресторанға шығып кете береді. Инстаграмынан көрдім. Нағыз рахат өмір. Соның үйінен қайтқан бетім сол, хозяйка хабарласып, патерақыны неге күндіз бермедің деп айқайлап, көңіл күйімнің күл-паршасын шығарды. Каспиге ақша салып, төлеп келе жатқан бетім осы, - деді күйіне.

Ыңғайсыз болса да сұрадым: 

- Сонда өз үйіңіз қайда?

- Оны қайнатамның ағасының баласы тігіп жіберген. Ақымақ байым соққан үйімізді әкесінің атына жазған ғой, ал бизнесімізді шешесінің атына. Анау қайнағам кредитке кіріп, соңына адамдар түскен соң, атамнан көмек сұраған, құрысын, ұзақ әңгіме. Қысқасы, атам бізге айтпай, банкке үйді тігіп, аналарға ақша әперген. Содан 1 жыл бойы қайнағам кредит төлеп жүреді де, сосын бір жаққа қашып кетеді. Екі арада үйіміз банкке өтіп кетті, дымсыз қалдық. Ал бизнесті қайынбикем шешесіне айтып жүріп күйеуіне аудартып алыпты. Неге бәрі бізге дұшпан болды екен?! Енді қайынбикем күйеуінен айырылысып кетті, бизнесін алам деп соттасып жүр. Кезінде сол бизнесті даулауыма болар еді, бірақ көңілім қалғаны сонша, қолды бір сілтеп, жолдасыма "қоя бер, өзіміз өлмеспіз" деп, пәтерге кетіп қалдым. Содан 3 жыл бойы пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Үй кезегіне мен тұра алмаймын, себебі ауылдағы сіңілімнің үйі менің атымда болған. 3 жыл бұрын өздерінің атына аударып бердім, себебі госпрограммамен үй алу үшін басыңда үй болмауы керек екен ғой. Әлі екі жыл күтеміз. Кім ойлапты жақындарың қасірет келтіреді деп? Бізді аяған ешкім болмады, қазір қайын жұртпен араласпаймыз, мүмкін байым барып-келіп жүрген шығар, ит біледі. Мен сол жағдайдан кейін тіпті араласуды қойдым. Ең болмағанда, 5 немересіне көңіл қуантатын бірдеңе әперсе ғой! Тіпті "үйге сыймайсыңдар, көпсіңдер" деді ғой біз баспанасыз қалғанда. Сондай қатыгез ана-енеге де шыдадым. Кейде қорқамын, мына балаларым тегіне тартып, бір-бірін аямайтын қатыгез болып кетпей ме деп...

Күрсіне көздері жерге қадалды.

Шынында қиын жағдай екен. Не деп басу айтарымды білмедім. Өзі де ақымақ әйел емес, пысық. Бірақ мына жақын арада өткен оқиғалардан әлі арыла алмай жүрген сияқты. Оның үстіне қымбатшылық, пәтер жалдау. Ақшаның жетіспеушілігі талай отбасын ойрандады...

Гүлжазира Есбол Facebоok парақшасынан

Бала күнімнен көріп келе жатқаным зорлық пен қорлық, енді жатысым мынау жындыханада
Менің салақ жеңгем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу