Сұлулығы өзіне сор болған келіншекті жын ұрды

Oinet.kz 16-02-2023 2178

«Демалыс күні өзара шүйіркелесіп  шай ішейік!» деп жиналған қыз - келіншектер дөңгеленген жозыны ( жер стөл ) айнала, әңгіме - дүкен құрып отыр. Ғалияның сүт қатқан күрең шайы,таңдайларына татып барады. Біреуін сарқып тастап, ауысымға келген шәугімге де кірісті. 

Screenshot_9.jpg

Сырттан айғай - шу естілді. Демдерін іштеріне тартып, тына қалған қонақтар құлақтарын далаға тосып, бір сәтке тыныштық орнай қалды. 

- Еее, бұл әлгі жынды қатын ғой. Қашанғы әдеті осы. Мән бермеңдер,- деп Ғалия, шайын сораптай ішті. 

Жоқ. Шу, бәсеңсіген жоқ. Керсінше, үдей түсті. Тіпті жақындап келеді. 

Шешелерімен ере келген балалар қақпаны аша, ауладан асып ойнап жүр еді. Бытыра тигендей бірін - бірі баса, қашқан бойы үйге лап қойды. Жүздері бозарып, қаны қашып кеткені сонша, не жағдай болғанын айтарға мұршалары келмеді. 

Ес жиып болғанша, айғайлап, көшені басына көтеріп келе жатқан әйел, ашық қалған қақпадан оза, баса-көктеп, кіріп келді. Қыз - келіншектер отырған бөлмеге оқтай атылды  да, босағаға тұра қалып, бар даусымен шыңғырды - ай келіп. Әйелдер, мелшие қатып қалған. Анасының етегіне тығылған балалар одан бетер құнжыңдап, бүрісе түседі. 

Жынды әйел бажырая шолып, қарап шықты. Төрде отырған сары шашын желкесінен тылтита күзеген Индираның алдына жетіп келді де, бетіне түкіріп жіберді. Көз ілеспей,соң қапталындағы орта жастағы Сағираны итеріп қалды. Шалт бұрылып, Сарқытқа үнсіз қадалды. Зәресі ұшқан Сарқыт, дымы құрып, көзін алмай қатып тұр. Жынды әйелмен жанары түйіскені сол еді, іші мұздап сала берді. Күн торып, қап - қара болып күйіп кеткен жүзі әжімге толы. Қою шашы ағараңдап жалбырап тұр. Үстіне ілген, тозығы жеткен көкшіл шыт көйлегі, әлдеқашан түсінен айырылып,оңып кетіпті. Күлімсі иіс, үй ішін жайлап барады. 

Сарқыттың алдында мелшиіп тұрғанын  жеңілгенге жығып, әйелдер ес жия бастағандай. Ғалия жайсыз қонағын қуып шықпақ болып, иығына қол салғаны сол еді,оқшырая бір қарады да:

- Кет! - деді өршелене. 

Тіксініп қалған Ғалия, тыйыла қалды. 

Айналасындағылардың барлығына шүйлігіп, Сарқытқа қиянат қылмай бедірейіп тұрғанын түсіне алмаған өңгелер, әліптің артын бағудан басқа амал таппады. 

Сарқыттың, ежірейген әйелден сескеніп тұрған алғашқы күйі сейіліп, бойы босай бастады. Неге екені белгісіз, жүрегіне аяныш сезім ұялады. 

Жынды әйелдің көзі сондай сұлу еді. Анықтап қараған жанға, кезінде xас сұлудың нақ өзі болғанын тану қиын емес. Кірпіктері талдана, иіліп тұр. Тіпті, жалған кірпік жапсырып алатын қазіргі қыздардың көзінен мың есе әдемі. Тек, мұңды. Өте мұңды. Мойылдай қарашығы тым тұңғиық. Іші ашу - ызаға, кек пен шерге толып - ақ тұр. 

Жынды қатын, күстеніп қатып, ойдым - ойдым болып кеткен қолын Сарқатқа жақындатты. Үркіп қалған Сарқыт шегінбек болған еді, жынды қатынның көзінен бір - ақ сәтте өзгеріп шыға келген жұмсақтықты аңғарды. Сарқыттың шашынан жайлап сипап қойып, үнсіз жымиды. Аузы үңірейіп, үш - төрт тісі шошайды.

Сарқыт, жынды қатынның қолынан ұстады. Сондай қопал. Кір. Алақаны жырым - жырым болғанымен, Сарқытқа ерекше жұмсақ күй сыйлады. Оның да іші елжірежіреп,кенет, жынды қатынның көзі мөлтілдеп, жанары іркілдеп шыға келді. Бұдан ары тұра алмайтын күй танытқандай оқыс бұрылды да, өзі рұқсатсыз кіріп келген есіктен шалт беріп, көз ілеспес жылдамдықпен шыға жөнелді. 

- Уф. Аx. Ойбай, сұмдық!... Жаным көзіме көрінді ғой түге, - деп, өзгелері жан шақырып, ес жиып жатыр. Орындарына жайғасып, беттерін желпи бастады.  Индира, бетін сулы орамалмен сүртіп, жиіркенішін бар бетіне тыжырайта көрсетті. Қақпаның ашық қалғанынан осынша қателікке ұрынғанын аңғартқандай, Ғалия да іле, жынды қатынның өкшесінен ілесе шығып, есіктерін шартылдата жауып қайтты. 

Қонақтарының алдында жайсыз жағдайға ұшырап қалғанына ыңғайсызданып:

«Ой қыздар, шайды ысытып жіберейін!» — деп, дастарқанын жаңартып,әбігерлене қалды. 

Әйелдер ес шақырып, сөз саптай бастады. 

Мелшиіп отырған Сарқыт, өзгеге түсініксіз, алабөтен ойдың жетегіне еріп,өз ойымен жеке отыр. 

- И, қыз. Не болды? Шошынып қалдың ба?  "Бисміллә" деп айт деп, әйелдер жағы әбігер болды. 

Жынды десе... Сарқытты сипамақшы әуелі... Ой, садаға кеткір қатын. Сасығын - ай!... — деп, әйелдер әлі даурығып отыр. 

- Бұл әйелдің аты кім? - деді, Сарқыт тілге келіп. Қонағының үнсіз состиып отырғанынан ыңғайсызданып, өзін кәнілідейдей сезініп тұрған Ғалия, қуанып кетті. 

- Раxия!

- Раxия?

- Иә. Раxия!  

Не болса да қонағының көңілінен шығуды ойлағандай,ел арасында жүрген аңызды бастап та кетеді. 

... Кезінде сұлудың нақ өзі болған екен. Сүйген жігітіне қосыла алмапты. Ғашықтығын қанша айтып, аяғына оратылса да, сөзін бір өткізе алмаған Тәкен деген қарақшы болыпты ғой. Қызғанышы өшпенділікке ұласып, бір күні Раxияны ұрлап кетеді. 

Өзі, жесірдің жалғызы. Сөзін жақтап, басын қорғайтын жан табылмаған соң, күштеп көндіріп,қызға орамал салады. Қанша бұлқынғанымен, құтылмасын білген келін, Тәкенді шақырып, соңғы тілегін қабыл етсе, өмірлік адал жар болатынына серт етеді. 

Тәкен, келісе алмай тұнжырап, ұзақ отырады да, не де болса, Раxиясымен мәңгі болуды көздейді. Атын ерттеп, Раxияны мінгестіріп, Досымның үйіне жол тартады. 

Сүйіктісінің жайын еден естіп, аһ ұрып, қан жұтып отырған Досым, өз құлағына өзі сенбей, ғашығын көріп келмекке көрші ауылға жиналып жатыр екен. 

Досым мен Раxияның құшақтасып,ұзақ жылағанына зығырданы қайнаған Тәкен, берген сертіне өкініп, кіжініп тұрғанымен, уағдасын бұзбайды. 

Раxия, келіншек болып, қызметін мойнына алып, үй тірлігімен жүреді. Тек, бұрынғы сұлу да көңілді қалпынан жұрнақтай да белгі қалмайды. Жүзі солғын тартып, аузына құм құйғандай күні - түні томсырайып жүреді.  Әйелінің ерке сылқым мінезіне ғашық болған Тәкеннің ашуы, күн санап өсе береді.

«Бұл қатын ғашығын құшқандай мені неге құшпайды?»  - деген оймен қу жанын жейді. Бетін бері қарата алмаған соң, қол көтеріп, қорлауды да әдетке айналдырады.  Бірде Тәкен, әйелінің жыр жазып жүрген дәптерін тауып алады. Ішіндегі маржандай тізілген әріптер, Тәкенге қаралы xабар жеткізіп тұрғандай әсер етеді. 

Маxаббат... Сағыныш... Аңсау...

Күллі сезім оттай лаулап, тек бір адамға ғана арналып тұр. Досымға. 

Тәкеннің көзіне қан құйылып, іші - бауырын өртеген қызғаныш ес - ақылынан айырады. 

Сол түні Раxияны атына өңгеріп, қалың таудың ішіне апарады да, қарағайдың түбіне байлап кетеді. Сылқия араққа тойып алып, әйелі туралы ойлауға мұршасы болмайды. Раxия, сол байлаулы күйі екі түн тауда жалғыз қалады. Шала мас Тәкенді желкелеп жүріп,ауыл адамдары  байғұсты үшінші күні, ес - тұссыз күйінде, қарағайға байлаулы жерінен табады. Жын пері ұрған деседі. Сорлы,сол жерде түсік тастап қойған екен. Сол күннен бері, " жынды қатын" атанып, осы күнге дейін келеді. Тәкені, одан соң үш рет үйленді. Досымы,суға кетіп,қайтыс болды,- деп, Ғалия сөзін аяқтады. 

Ұйып тыңдап отырған әйелдер: - Қандай аянышты!... деп күбірлесті. 

Тек, Сарқыт қана үнсіз , тұңғиыққа батып барады. 

Мүмкін, Раxия, сүйіктісіне қосыла алмай, тағдырдың қаталдығына ұшыраған қыз жанын сезіне алды ма екен?!...

Әрине! Шын сүймеген, шын сағынбаған жандар, ешқашан біреудің жанын тани да,түсіне де алмайды... Ғашығына жетпеген әйелдің мәжнүн болған сорлы күйі,Сарқыттың жан жарасын тырнап кетті. Жанарынан сырғанаған ыстық жас,тырсылдап,етегіне тамып жатыр...

Самал Зікірия

Атасының ауыр сөзі үшін 7 жыл бойы жақ ашпаған келін
Келінім баласына қарамай тастап кетіп қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу