Енем үш ұлы үйде шалқайып жатса да, отынды өзі шауып жүреді...

Oinet.kz 15-01-2023 1592

Тұрмысқа шыққаныма биыл 5 жылдан асты. Күйеуімді танып, біліп барып күйеуге шықтым дей алмаймын. Өйткені ол мен үш рет кездескеннен кейін алып қашып кетті. Кездескенде де қыз бен жігіт болып бір-бірімізді ұнатып та үлгермедік. 

Screenshot_2.jpg

Мен өзім Тараз қаласының тумасымын. Алматы қаласына немере әпкем тұрмысқа шыққан. Жаз мезгілінде қыдырып әпкемнің үйіне келгенбіз. Осында бір аптадай болдық. Сол кезде оның жолдасының достары олардың үйіне жиі келіп тұрды. Сонда жездем: «саған менің досым Айбардың көзі түсіп жүр, ұнатып қалған секілді» деп әзілдеп жүретін. Сөйтіп жүргенде жазғы кештердің бірінде бір топ достарымен жездемнің туған күнін тойлайтын болдық. Осы кеште біраз қызып қалған Айбарды достары қолқалап, мені алып қашуға көндіріп қойған ба, әйтеуір сол түні мен Айбардың үйін келін болып аттадым. Алғашында танымайтын жігітке тұрмысқа шықпаймын деп біраз туладым, бірақ жан-жақтан жанымды қоймай көндіріп, соңында артқа шегінетін жол қалмады.

Мен әкемді қатты жақсы көруші едім. Әкем сіңілім екеумізді қатардан қалдырмай өзі тәрбиелеген болатын. Ал анам бізді кішкентай кезімізде тастап кеткен, оның басқа отбасы бар. Әкем де екінші рет үйленген, бірақ ол кісі бала көтере алмады, бірақ бізге өз қыздарындай қарады.

Менің жат жұрттық болғанымды естігенде әкемнің қандай күйде болғанын қазір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол менің тойыма келіп, енеме мені жақсылап тапсырып, күйеубаласына ақылын айтқаны әлі есімде.

Біздің той өткеннен кейін екі айдан соң әкем қайтыс болды. Қайтыс болар алдында ол біздің тұрып жатқан үйіміз келіп кеткен еді. Айбын екеумізді енем бөлек шығарған болатын. Өйткені олар үйінде 3 ағайынды. Айбын үйдің үлкені. Енем де күйеуінен жастау қалған, үш ұлын жеткізген екен. Жастау кезінде ауданды басшылық қызмет атқарып, шамасы келгенше өзі тұратын үйден бөлек ескі болса да бір үй алып қойған екен. Әкем менің ескі үйде тұрып жатқанымды көріп, «денім сау болса, сендерге жаңа үй салуға көмектесемін» дейтін. Бірақ әкетайым аяқ астынан жүрек талмасынан қайтыс болды.

Біздің үй тұрған аудан өте жақсы жерде орналасқан. Бірақ үйдің басы өте ескі, құлағалы тұр десем де болады. Бұрынғы кеңес одағы кезінде кеңсе болған екен. Бірақ жер телімімз әжептәуір, жаңа үй тұрғызуға артығымен жетеді. Бірақ біздің үйленгемізге қанша жыл болса да, күйеуім тіршілік жасап, үйді жаңартуға талпынбайды. Қазір біздің бір ұл, бір қызымыз бар. Өзім бала тәрбиесімен үйде отырмын. Кіші қызым 3 жасқа келеді. Балаларымды енемнің қарауына беріп, өзім жұмысқа шығайын десем, оған күйеуім де, енем де келіспейді. Күйеуімнің табысына қарап отырмыз. Ол жұмыстан бос кезде аулада жұмыс істеп, тіршілік жасау дегенді білмейді. Үйде болған кездерде тек теледидар алдында жатады. Әйтеуір аш қалмаудың амалымен жұмысқа барып келеді.

Үйге өзімнің туған-туыстарымды келтірмеуге тырысамын. Өйткені үйді көрсетуге ұяламын. Көршілерімізге, достарымызға қарасақ, айнала бәрі үй салып, тіршілік жасап, бала тәрбиелеп бәріне үлгереді. Менің күйеуім еркек бола тұра жағдайымызды жақсартуға тырыспайтынына жыным келеді.

Менің дос қызым тұрмысқа шыққанда оның күйеуінің басында үй де, жер де болған жоқ. Олар екеулеп жүріп жер алды, қазір үй тұрғызып жатыр. Ал бізде жаңадан үй салуға барлық мүмкіндік бар. Бірақ соны күйеуім пайдаланғысы келмейді.

Ескі үйдің жанынан шағындап болса да жаңа үй тұрғызуды бастайық, бір күні мына үй құлайды. Балаларымыздың жақсы үйде тұрғаны жақсы емес пе деп барынша көндіруге тырысамын. Оның маған айтатын жауабы: «Ұнамаса менімен бірге тұрма, басқа пысық бай тауып ал, Жұрттар осындай үйге де зар болып жүр. Сен әбден құтырғансың» деп шығады. Ең жаманы енем де оның сөзін сөйлейді. Баласына ақыл айтып, талпындырудың орнына маған: «баламның басын қатырма» дейді. Ал өзі үш ұлы үйде шалқайып жатса да, отынды өзі шауып, үйдің де, даланың да жұмысын өзі бітіріп жүргені. Балаларын әбден жаман үйреткен. Ал мен күйеуім бола тұра неге еркектің жұмысын істеуім керек. Мен баласын туып, тамағын жасап, киімін жуып, өз міндетімді атқарып отырмын. Ал ол болса, балаларына әкелген нанын бұлдап, арағын ішіп, шалқайып жатуы керек. Мен шынымды айтсам, осындай өмірден әбден шаршадым.

Әкемнің інілері біз үй салсақ көмектсеуге дайын екендерін айтып отыр. Айбынның өзіне де: «Үй бастайық, балаларың өскен соң тіпті тырп ете алмай қаласың, оларды оқыту керек, қазірден бастап талпын» деп бір-екі рет ақылын айтты. Бірақ Айбын олардың бетіне үндемейді, бірақ есесіне менің миымды жейді. Менің отбасыма араласпасын, үйді салам ба, салмаймын ба, өзім білемін деп қырсығады. Қашанғы осылай қырсығып жүре бермек. Өтінемін, маған кеңестеріңізді айтыңыздаршы, жалқау күйеу тіршілік жасау үшін мен не істеуім керек?

Нәзира, Алматы

alashainasy.kz

Туған ағам көңілімді қатты қалдырды, енді қалай араласам?
Анамыз біздің көзімізше басқа еркектермен сөйлеседі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу