Отбасын құрмай тұрып, жігітімен бірге тұрған құрбым адам танымастай өзгеріп кетті

Oinet.kz 09-01-2023 5716

Жазира – ақылына көркі сай, келбетті, жүзі жылы қыз. Талай жігіттің жүрегін жаралап, біраздың ұйқысын ұрлаған ару десем болады. Ұзын бұрымы, қалың қасы, өзіне жарасатын еркелігі адамды тез-ақ баурап алады. Сосын болар, топтағы барлық қыз онымен жақсы қарым-қатынаста болды. Бірақ Жазираның аздап тәкаппарлығы да бар еді, алдына сөз айтып, қолын ұсынып келген талай жігіттің бетін қайтарып тастаған.

Screenshot_24.jpg

Көпшіліктің «бәрекелдісін» естіп жүрген құрбымыз бір күнде өзгеріп шыға келді. Оның жүріс-тұрысының өзгергенінен өмірінде біреудің пайда болғанын ұқтық. Себеп – күнде түрлі сыйлықтар мен ғашықтық хабарламалардың біздің аудиторияға ағылуы. Сосын анша-мұншаны менсінбей жүрген құрбымның таңдауын көруге бәріміз асықтық. Бізде албырт сезіммен қызықтық, тіпті аздап ішімізде «біздікі қашан жолығар екен?» деген қыжылдың да болғаны рас. Жазираға келетін сыйлықтардан өзге, құрбымыздың аяғы жерге тимейтін болды. Жұмысбасты жігіті кездесуге тек кешке келіп, күндіз бұған көлік жіберіп, жағдайын жасайтын. Түн сайын Алматының көрікті жерлерін аралап, мейрамханалардан тамақтанатын құрбым ертеңіне ертегі секілді етіп бізге айтып береді. Біз одан сайын қызығамыз…

Бір күні Жазираны жігіті сабақтан соң өзі алып кететін болды. Топтағы қыздардың бәрі оны көруге шыққанбыз. Шынында бойшаң келген реңді жігітке өзінің қымбат көлігі жарасып-ақ тұрды. «Әрбір қыз сондай жанды кездестіруді армандайды ғой» деп біз риза болыстық. Осыдан кейін Жазира сабаққа сирек келетін болды, тіпті апталап жоқ болып кететінді шығарды. Сабаққа келгенде бұрынғыдай жайдары емес, керісінше күннен күнге солып бара жатқандай сезілді. Онысымен қоса бізбен сөйлеспейтін томаға тұйық болып алды.

Тағы бірде сабаққа көзі ісіп, түрі бозарып келді. Жүзінен уайымын жасыра алмай тұрған құрбымызды сұрақтың астына алдық. Ол жылап алып, ана жігітімен екі айдан бері бірге тұрып жатқандарын айтты. Бірге тұрғанына таң қалып тұрғанда, «қызықтың көкесін» бастады. Біз қызығып жүрген жігіт ешқандай да ауқатты емес, тіпті тұрақты жұмысы да жоқ болып шыққан. Мұны тек «сүйем, күйем» деп алдаған, танысының көлігі арқылы бұны арбап, құрыққа түсіріп алған. Сосын бірге тұрған соң өзгеріп, кейде ашумен құрбымды ұрып жіберетінге ұқсайды. Ең сорақысы – жігіттің ата-анасы бұлардың бірге тұратынын естіп, құрбымыздан теріс айналып отыр екен. «Арынан айырылған қыз керек емес» деген сөздерін естіген жүкті құрбымның салы суға кеткен. Өзінің әке-шешесі, туыстары әлі бұл жайдан бейхабар. Үміт артып оқуға жіберген қызының бұлайша болып келуін кім қаласын?! Соны ойлаған құрбым бір рет өзіне қол салмақ та болды. Ал жігіт ана-анасының сөзінен кейін алыстай бастады. Қазір арагідік хабарласып қоятыны болмаса жоқ деп айтуға да болады. Өмірі осылай тас талқан болған құрбым қазір кімнен көмек сұрарын білмей сергелдеңге түсіп жүр. Оған не ақыл беруді бізде білмейміз.

Бірақ, жас қыздарға отбасы болмай тұрып жігітпен бірге тұрудың қажеті жоқ екен деп айтқым келеді. Қазір мойындау керек, жігітімен бірге тұруға арланбайтындар көбейіп кетті емес пе?

Ол мені екі балам бар болса да алмақшы. Бірақ анасы қарсы
Қайын әпкемнен қайтіп құтылсам болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу