Желіккен жеңгем ағамның түбіне жете ме деп қорқам

Oinet.kz 12-12-2022 2421

Жеңге деген – қазақ халқында бір әдемі ұғым. Біреулердің аузынан «жеңге» дегенді естігенде қызығып кетемін. Өйткені өзім жеңгеден жерінген жанмын. 

Screenshot_1.jpg

Менің үлкен ағам үйленген кезде әкем қатты ашуланды. Өйткені ол келіндерінің ауылдан болғанын қалаған болуы керек. Танитын адаммен құдандалы болудың жөні бөлек шығар. Бір жағынан, әкемнің ашулануына ағамның өзі де кінәлі. Негізі, анам ағама өзінің қайтыс болған құрбысының қызын әпергісі келген. Ол қыздың бойы кіп-кішкентай, талдырмаш қана еді. Анам тіпті ол қыздың туған күніне өзінің алтын сырғасын сыйлаған. Ол кезде алтын деген қымбат қой. Қыз да кет әрі емес-ті. Бірақ әкем ол қызды құп көрмеді. «Бойы кіп-кішкентай, тұқымымыз ұсақталып кетеді!» - деді ол. Ағам әскерден келген соң қаланың бір қызын алып қашты. Өзі аса тани қоймайтын студент қыз еді ол. Бұған ата-анамыз алғашқыда кәдімгідей қуанды. Үйде қаражаттың жағдайы бола қоймады ма, ата-анамыз қыздың әке-шешесінің алдынан өтуге дереу бара қоймай, бір аптадай уақыттан соң барды. Құдалар «уақытында келе қоймадыңдар», «қызымыз оқуын оқуы керек» деген сылтауларын айтып, қыздарын сабаққа барған жерінен ұстап алып, үйлеріне алып қайтады. Бұл жайт әкеме сабақ болып, көңілінде қалып қойған шығар деп ойлаймын өзім. Ұлының онша танып-білмеген, мінезіне қанықпаған бөтен қызды алып қаша салуына кім болса да ыза болатын еді

Қазіргі жеңгем – көрші ауылдың қызы. Мамандығы – медбике. Ол оқу бітірген соң ауданымыздағы басқа бір ауылда еңбектеніп жүріпті. Ол ауылға ағам іссапарға барып жүріп танысқан. Тұрақты қарым-қатынас, достықтары болмаған сияқты, оны да ағам бір-екі көрген соң, жолдастарымен қыдырып барғансып алып қашады. Обалы нешік, жеңгем үй шаруасына өте мығым болды. Үйді таза ұстады, тамақты жақсы пісіреді, ақшаға үнемшіл. Және қонақты өте жақсы күтеді. Бала кезіңде бәрі қызық қой. Ағаңның үйленгені де қызық. Тұңғыш балалы болғаны да қызық. Басқа ештеңе миымызға кіріп-шықпайды. Жеңгемнің күле қарағанына мәзбін. Жеңгемнің төркіні өте жұпыны тұратын. Бастапқыда бәрі тамаша болғанымен, екі балалы болғаннан кейін жеңгемнен шикіліктер шығып қалды.

Кейін әкем қайтыс болып, жыл өте біз үлкен үйге аға-жеңгемді қалдырып, қалаға қоныс аудардық. Ол дағдарыс уақыты болғандықтан, ауылда жалақы болмай, жұрт жоқшылықты бастан кешті. Ағам жұмыс істегенімен, дұрыс еңбекақы жоқ. Сол себепті анам зейнетақысын алысымен азық-түлік арқалап ауылға кетеді. Сөйтіп жүргенде жеңгеміздің кемшіліктері біртіндеп ашыла бастады. Ол кезде ағамның балалары тілдері шығып, есейіңкіреп қалған. Не болып, не қойғанын сұрасаң, айтып беретін жағдайда. Сөмкесін арқалап анам барғанда, кішкентай бауырым оған мұңын шағыпты. «Апа, сен жоқта мамам арақ ішіп-ішіп мас болып, қойларды жоғалтып алды». Сөйтсек, араққа құмар келіншектер жеңгемнің маңайына үйіріледі екен. Десек те, біз оның бәріне мән бермей жүрдік. Жылдар өте келе ағам мен жеңгем қалаға көшті. Жеңгемде маған ұнамайтын қасиеттер көбейе берді. Мәселен, ол ақшалары бола тұра қашанда біреудің ескі жиһазын сатып алуға құмар еді. Ал жаңа киім алуға облыс орталығына барса да, модадан шығып қалған, өзіне аса жарасыңқырамайтын сұрықсыз киімдер киіп алатын. Талғам жағы тым төмен. Оның бәрін қойшы, жеңгем ылғи арақ ішіп жүреді. Мас болып далада домалап жатпаса да, бір үйдегі бір әйел нөкерлерін жиып алып үнемі арақ ішіп отырса, береке қашады екен. Ағам ақшаны қалай күреп тауып жатса да, үйлері тым жұпыны. Қит етсе жеңгем міндетті түрде біреумен арақ ішіп отырады. Кейде тіпті кіріп келген адамға білдірмес үшін құманға құйып алып ішіп отыратын. Жеңгем арақты әйелдермен ғана емес, еркектермен де қосыла ішеді. Арақ жүрген жерде сайтан жүрмей ме. Көрінгенмен құшақтасып, небір ерсі әрекеттер жасап жүргенін сеземіз. Бұл арақты кім ішпей жатыр дейсіз. Бірақ осы үйдегі сәтсіздіктің барлығы жеңгемнің ішкілікке салынғанынан болып жатқандай. Ағамның үлкен ұлы бұзақы, қияңқы болып өсті. Жарытып жұмыс істемейді. Ылғи ішіп жүреді. Тәрбиесі сондай болса, қайтсін енді? Талай рет қияңқылық жасап, полицияға түсті. Біресе біреуді ұрып тастайды, енді бірде біреудің машинасын соғып кетеді. Соның бәрінде ағам қыруар ақшасын шашып, оны босатып алды. Кейде ағам ыза болып баласын ұрса, шешесі оның сөзін сөйлеп, ағама айтпайтыны жоқ. Ағамның ең кенже ұлы жайқалған көк құрақтай болып өсіп келе жатыр еді. 13 жасында мерт болды. Ол мектепте жақсы оқитын, мінезі ерекше жаратылған, аса қанағатшыл бала болатын. Бойына кіршік жуытпайтын таза еді.

Аға-жеңгем пысықсып қаладағыны ұқсатып жетістіргендей, бір жылы қайтадан ауылға көшті. Кенже балалары қалада қалды. Қаңтардың қақаған аязында каникулға сол жылы ол ауылға кетті. Ағам жол жүріп кеткен. Сол күні бәрі қонақта болады. Түн ішінде бауырым қысылып, жан тапсырыпты. Сап-сау бала неге қысылды? Не болды? Бәрі күндіз оның денесі қызып ауырып жүргенін айтады. Менің ойымша, баланың қызуы көтерілген де, күндіз қонақта арақ ішіп мас болған жеңгем оның ыстығын бақылай алмай қалған. Өзім осындай қорытынды жасадым. Бауырымның жаны шыққанда анасы қасында еді. Баласы өлгеннен қатты шошынған ба, жеңгем мәйіттің жанында түнгі 3-тен түскі 11-лерге дейін ес-түссіз жатып қалыпты. Кейін көршілер терезені сындырып кіріп, оған дәрігер шақырады. Содан жеңгем есін қалаға келгенде, бір тәуліктен соң бір-ақ жиды. Есін жиюын жиғанмен, қазір ол меңіреу күй кешіп жатыр. Қалай болса солай киінеді. Үйде шаруаны өз бетінше біліп істемейді. Құдды жын соғып кеткен дерсің. Бірдеңені айтсаң ғана істейді. Тіпті өзі біліп күйеуінің төсегін де салып бермейді. Тек қана бұйырып айтып отыру керек.

Иә, бұрынғымен салыстырғанда өмірде көп нәрсе өзгерді. Ағам жүрегінен ауырады. Жеңгемнің түрі анадай. Үлкен ұлы маскүнем бе, нашақор ма – адам біліп болмайды. Кіші ұлдары о дүниелік болған. Өзгермеген бір ғана нәрсе бар. Ол – жеңгемнің араққұмарлығы. Бұрынғы бұрынғы ма, енді баласының өлімін сылтауратып, қайғырғансып ішетін болды. Басында қайғысы болғандықтан, ішуге қақы, құқы бардай, осы істеп жүргені заңды сияқты өзінше. Осының бәрі ағамның түбіне жете ме деп қорқамын.

Ілияс Сәкенов, Қарағанды

Alashainasy.kz

Күйеуімнің өліміне мен кінәлімін бе?
Анам өгей әкемді емес, мені кінәлады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу